2022 жылдан бастап «уақытша тұрақсыз жастар» ұғымы заң жүзінде бекітілді. Алғаш ағылшын қоғамы ХХ ғасырдың соңына қарай аударсақ, «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» туралы мәселе көтерді.
Масылдық психология әдет пе?
501
оқылды

Кейін Бүкіләлемдік банк әлеуметтік әлсіз топтарды мемлекеттік сараптаумен айналыса бастады. Ғылымға NEET деген терминімен жаңалық болып енген ұғым қоғамда кейінгі жылдары жиі айтыла бастағанымен, бұл санаттағы жастар бұрыннан бар екені даусыз. Ағылшын тіліндегі Not in Employment. Education or Training NEET ұғымын қазақ тіліне аударсақ, «қоғамға еш пайдасы жоқ, қоғамға масыл» дегенді білдіреді.

Алдымен масылдық психология деген не, масыл адам дегеніміз кім екенін анықтап алсақ. Қазақ масыл деп жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегінен күн көріп, жатып ішуге дағдыланған, жалқау адамды айтады. Ал психолог Ақнұр Тәуекелдің айтуынша, масыл адам деп практикалық психологияда біреудің есебінен өмір сүретін және солай өмір сүргенді жақсы көретін адамды айтады.

– Масылдық әлеуметтік психологияда әдетте нәрестелік-патерналистік кешен ретінде анықталатын көзқарасқа негізделген. Мұнда масыл адамның екі түрі бар екенін білген жөн. Бірі – көп жағдайда бала болып қалатын, күнделікті өмірден бастап жалпы қоғам деңгейіне дейін мемлекет түріндегі ата-анасының қамқорлығына, қорғауына мұқтаж адамдар. Мұндай адамдарды инфантиль деп атайды, яғни жасы бойынша ересек болғанмен, психологиялық тұрғыдан балалық қасиеттерді сақтайтын адамдар. Ал екінші түрі – жетілмеген адамдарға ата-ана ретінде қатысты әрекет ететін, оларды қорғау және қамқорлықпен қамтамасыз ететін күштерден құралады. Сондықтан мұндай көзқарас «патер­нализм» деп аталады, яғни «әке» қажет­тілігімен, оны қорғау және қамқор­лық қажет етумен байланысты көзқарас. Бұл масылдық психологияда  қорғау мен қам­қорлықты қажет ететіндер және оны қам­тама­сыз ететіндер деп қарастырылады, – дейді психолог.

Қазақстанда 2023 жылдың ІІ тоқса­нындағы жағдайға сәйкес, 15 пен 34 жас­тағы NEET санатындағы жастар саны 401 584 адамды құрайды. Егер мемлекет тара­пынан тиісті шаралар қабылданбаса, бұл мәселені түпкілікті зерттеп жүрген отан­дық сарапшы мамандардың айтуынша, мұндай жастар деструктивті топтардың оңай олжасына айналуы әбден мүмкін. Қоғамда мұндай немқұрайды жастардың қалыптасып, көбеюінің негізгі себебі не? Қандай факторлар әсер етуі мүмкін? Масылдық психология әдет пе? Зерттеуші Динара Әлімханованың айтуынша, қоғамда NEET жастарының пайда бо­луына «микро, мезо, макро» деген үш фактор әсер етеді.

– Микрофакторға жастардың жасы, жынысы, өзінің және ата-анасының білім деңгейі, тұратын жері ықпал етеді. Сон­дай-ақ әйел адамдардың NEET санатына қосылу ықтималдығы екі есе жоғары. Өйткені 25-29 жас аралығында олар кө­біне бала күтімімен, яғни жұмыс істемей үйде отырады, – дейді Динара Әлімханова. 

Елімізде NEET санатындағы кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жас­тарды қолдау мақсатында бірқатар шара қолға алынған.  Үкімет мемлекеттік жастар саясатын күшейту аясында тиісті қаулы да қабылдады.  Құжат «білімі жоқ және жұмыссыз» жастармен (NEET санаты) нақты жұмыс жүргізетін бірқатар орталық мемлекеттік органның құзыретін айқындайды. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уақытша жұмыссыз қалған жастардың жұмысқа орналасуына көмектесіп, жас­тарды жұмыспен қамту бойынша мемле­кеттік-әлеуметтік тапсырыстың орын­далуын бақылайды. Сондай-ақ мемлекет 2025 жылға қарай NEET сана­тын­дағы жастардың мемлекеттік қолдау шара­ларына қанағаттану деңгейі 80%-ға дейін арттыруды қолдап отыр.

Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін әзірлеу барысында әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет екенін ескертті. 

– Қазір төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік», – деді Президент.

Сондықтан жастардың бойында күнделікті еңбек етуге деген әдет-дағ­дыны қалыптастыру, әлеуметтік тәртіп-ережелерді дұрыс түсіндіру, сыртқы мүдделі тараптардың ықпалынан қорғау секілді жұмыстар тұрақты түрде ат­қарылуға тиіс. 

Тілек Қабыл