Белорусиядағы студенттерді коронавирусқа байланысты Қазақстанға қайтаруға ата-аналар қарсы шықты
Белорусиядағы студенттерді коронавирусқа байланысты Қазақстанға қайтаруға ата-аналар қарсы шықты
Фото: Интернеттен алынды
256
оқылды
50-ге жуық ата-ана, шетелде оқитын балаларын елге қайтаруға қарсы, – деп хабарлайды AstanaTV. Телеарнаның хабарлауынша, Қазақ агротехникалық университеті Белорусьтегі студенттерін елге еркінен тыс қайтармақшы. Ал ата-аналар, ол жақта «коронавирустың жағдайы тұрақты» деп отыр. Тіпті студенттердің де елге қайтуға құлшынысы жоқ. Алайда университет басшылығы шетелдік білім ошағына жұмсаған қаражатты қайтарып алған. Енді кейбірінің жол ақысын төлеуге қалтасы көтермейді. Баласын шетелге жіберіп, шарасыздыққа шалынғандардың бірі Азиза Ысқақова.  Ұлы Белорусь еліне академиялық ұтқырлықпен оқуға түсті. Алайда қуанышы ұзаққа созылмапты. Жалғызбасты ана жат жердегі ұлын қалай елге қайтарарын білмей дал. Жолына  қаражаты жетпейді дейді.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Азиза Ысқақова: «Балаларымыз ол жақта бір ай ғана болды. Университет тарапы қайтарып жатыр. Бірақ ата-аналар қарсымыз. Себебі ол жақтағы жағдай тұрақты. Балаларымызға да оқу ұнайды. Оқу мерзімі аяқталғанша сол жерде білім алғысы келеді. Енді бізден бір ғана өтініш бар. Оларды оқуын аяқтағанша қалдыру немесе елге қайтаруға қол ұшын берсе екен», ­– дейді.
Ал университеттің баспасөз хатшысы «министрліктің бұйрығын орындадық» деп қысқа қайырды. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің баспасөз хатшысы Бердібек Хамай: «Министрліктің тапсырмасы бойынша, барлық оқу орындар сыртта жүрген студенттерін өздеріне қайтарып алуы керек. Тек оқу қашықтықтан оқыту бағыты бойынша жүргізіледі», – деді.