Атырау облысы аумағында соның ішінде құмды өңірлерде улы бүйе – қарақұрт көбейіп, мал зардап шегіп жатыр. Бұл туралы жергілікті «Ақ Жайық» басылымы жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осы жылдың маусым-шілде айларында 485 бас түйе малын қарақұрт шағып, салдарынан 90 бас шығын болды. Симптоматикалық емдеу шаралары нәтижесінде 306 бас жануар сауығып, 89 бас малға әлі де емдеу жүргізіліп жатыр.
Өлген мал иелеріне 65 211,2 мың теңге шығын келтірілді.
Айта кетейік, улы жәндіктердің шағуының алдын алу, емдеу және өлген жануарларға өтемақы төлеу бюджет қаржысы есебінен қарастырылмаған. Алайда соған қарамастан жергілікті ветеринар мамандар улы жәндік шаққан жануарларды емдеу шараларын күнделікті жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, улы бүйелерден қорғану немесе оларды жоюды бюджет қаржысы есебінен атқарылатын іс-шаралар тізбесіне қосу бойынша шаралар қабылдау туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданды.
Осы ретте, мал иелеріне улы жәндіктер көп тараған жайылымда түйе, жылқы және сиыр малдарын жаюдан бас тартуды, ауру белгілері білінген жануарлар туралы жедел түрде ветеринар мамандарға хабарлауды, сондай-ақ емдеу шараларын қабылдап жатқан жануарларды күтіп-бағу ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Себебі, улы жәндіктер шаққаннан кейін жедел түрде ветеринариялық емдеу шараларын қолдану – малды өлімнен алып қалудың ең негізгі жолы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Тelegram арнасынан таба аласыз.