Бүгінде кәсіби медиа қауымдастығы «Масс-медиа туралы» Заңды іске асыру мақсатында әзірленген аккредитациялаудың Үлгілік қағидалары жобасын қызу талқылауда. Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева жаңа талапты түсіндірді.
Журналистерді аккредиттеу тәртібіне қандай өзгеріс енгізіледі?
Фото: istockphoto.com/ru
534
оқылды

Министрдің айтуынша, аталған құжат жобасы қолданыстағы ережелермен салыстырғанда аса көп өзгермеген. 

"Мысалы, аккредиттеуден бас тарту негіздері туралы ережелерге тоқталсақ. Бұл БАҚ-тың жұмыс істеуін уақытша тоқтату немесе мүлдем жабу және ресми реестрде тіркелмегені туралы сот шешімі күшіне енген жағдайда іске асады. 

Одан өзге, журналисттер арасында ең көп сұрақ тудырған Ереженің 10-тармағына, атап айтқанда БАҚ өкілдерінің қандай талаптарды сақтауы керектігіне тоқталамын.

Біріншіден, кез келген журналист қай БАҚ атынан аккредитациядан өтсе, сол редакцияға ғана ақпаратты жинап, жариялай алады. Алайда журналистке бірден бірнеше БАҚ атынан аккредитация алуға ешкім тыйым салмайды. 

Екіншіден, бұл талап белгілі бір оқиғаға/іс-шараға қатысты журналистердің жеке пікірлері мен ұстанымдарын әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында білдіруге қатысы жоқ. 

Үшіншіден, регламент мәселесіне келетін болсақ, қолданыстағы ережелерде қазірдің өзінде іс-шараға қатысушылардың тақырыпты, уақыт тәртібін, қоғамдық тәртіпті сақтауын жүргізуші (яғни, іс-шара модераторы) қамтамасыз ететіні қарастырылған. 

АҚШ пен Еуропалық Одақтың және халықаралық ұйымдардың халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, белгіленген ережелерді, сондай-ақ заңнаманы бұзған жағдайда журналист іс-шараларға қатысу құқығынан және аккредитациядан айырылады. Мысалы, Еуропарламенттегі БАҚ қызметін реттейтін Ережеде түсірілімге рұқсат етілген арнайы орындар қатаң түрде белгіленген.

Төртіншіден, ережеде әрбір мемлекеттік органның немесе ұйымның белгілі бір іс-шараның регламентін өзі бекітетіндігі көрсетілген. Бұл ретте Министрлік уәкілетті орган ретінде ақпаратқа қолжетімділік қағидаттарын және журналистердің ерекше мәртебесін сақтау мәселелері бойынша аталған регламентті әзірлеу бойынша тиісті ұсыныстарын жіберетін болады.

Бесіншіден, ерекше маңызды мемлекеттік объектілерге кіру және сол мекемелердегі режимдерді ұстану да қолданыстағы заңнаманы сақтау мен қауіпсіздіктің айнымас бөлігі болып табылады.

Қорытындылай келе, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мен журналистердің мәртебесін арттыру – әрқашан Министрлік қызметінің басты басымдығы екенін тағы да жеткізгім келеді", – деп жазды Аида Балаева.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі, журналист Жанарбек Әшімжан "Жаңа заңда оңды өзгеріс көп" деп сұхбат берген болатын. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.