Атырау облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы туризмді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жаннат Сабырғалиеваның айтуынша, 200-ден астам туристік мекеме тіркелген.
Атырауға үш айда 32 мың турист келген
Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі
795
оқылды

Атырау облысына үш айда 32 мыңнан астам турист келген. Туристердің арасында 5 мыңнан астам шетелдік бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Атырау облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы туризмді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жаннат Сабырғалиеваның айтуынша, 200-ден астам туристік мекеме тіркелген. Оның ішінде 127 орны бар. Ал, 41 нысанда жол бойындағы сервистік қызмет көрсетіледі.

«Туристік қызмет саласында 48 компания тіркеліп отыр. Оның 11-і туроператор, 37-сі фирма, 2 этноауыл және 1 визит орталығы бар. Биылғы қаңтар-наурыз айларында Атырау облысына 32 мыңнан астам турист келді. Туристердің 27 мыңы – қазақстандық, ал, 5 мыңнан астамы – шетелдіктер. Өңір тұрғындары мен қонақтарын қызықтыратын бірнеше туристік бағыт анықталып отыр. Туристер Индер ауданындағы Тұздыкөлге, Құрманғазы ауданының аумағымен өтетін Қиғаш өзеніндегі «Лотос» алқабына, Жылыой ауданында орналасқан Ақкегершін борлы тауына, Исатай ауданындағы Нарын құмына, Махамбет ауданындағы Ортағасырлық Сарайшық кешеніне, Атырау қаласының маңындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына жиі барады. Өйткені, аталған орындардан Атыраудың бірегей табиғаты мен мәдени мұрасын тамашалауға болады», – деп хабарлады Жаннат Сабырғалиева.

Атырау облысына үш айда 32 мыңнан астам турист келген
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Оның айтуынша, табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде туристік маусым кейінге шегерілген. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің шешімімен жарияланған төтенше жағдай режимі әлі де сақталып отыр. 

«Қазір жағдай тұрақтала келгендіктен, экскурсиялық турларды жандандыруды жоспарлап отырмыз. Оны туристік ұйымдар арқылы ұйымдастырамыз. Алдымен туристік орындарды бірге аралап, жай-күйін тексеруді ойластырдық», – дейді Жаннат Сабырғалиева.

Атырау облысына үш айда 32 мыңнан астам турист келген
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Ал «Easy Travel» туристік фирмасының басшысы Нұралхан Бисеновтің айтуынша, шетелге саяхаттайтын атыраулықтар аз емес.

«Жаз мезгілінде демалысын шетелде өткізетін атыраулықтар өте көп. Олардың басым бөлігі Түркияның Аланья қаласына, Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласына барады. Соңғы кезде Азия елдеріне қызығушылық байқалып отыр. Мәселен, маусым айында Тайланд пен Вьетнамдағы курорттық аймаққа бару үшін жолдама алуға сұраныс көбейді», – дейді Нұралхан Бисенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін биыл Атыраудан Ресей шекарасына дейін қатынайтын жолды жаңғырту аяқталатынын хабарлаған едік. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.