Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың айтуынша, бұл қаржы республикалық бюджеттен сұралып отыр.
Жылыойда нысандарды қалпына келтіруге 21,4 миллиард теңге қажет
800
оқылды

Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқынынан бүлінген нысандарды қалпына келтіруге 21,4 млрд теңге керек, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың айтуынша, бұл қаржы республикалық бюджеттен сұралып отыр.

«Жылыой ауданында су тасқыны кезінде бүлінген нысандарды қалыпқа келтіруге қажетті қаржыны шешу үшін Қаржы министрі Мәди Такиевпен арнайы кездестім. Өйткені, бұл аудандағы бүлінген және қираған нысандарды жөндеу үшін республикалық бюджеттен 21,4 млрд теңге қажет. Оның ішінде 15,4 млрд теңге білім беру нысандарына жаңғыртуға жұмсалады. Атап айтқанда, апатты деп танылған №5, №6 мектептерге, «Салтанат» балабақшасына, аудандық білім бөліміне жаңа ғимарат салу жоспарланған. Ал, №8, №19, №20 мектептері мен «Айгөлек», «Өркен» балабақшаларының 2 ғимаратына, Құлтумиев атындағы №1 саз мектебіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Құлсары қаласындағы мектеп оқушыларына оқулықтар сатып алумен қоса, «Болашақ» ықшамауданында 160 орындық жаңа балабақша, Құлсары қаласында Білім-инновация лицейін, Шоқпартоғай ауылында балабақша, Майкөмген ауылында мектеп салу жоспарланып отыр», – дейді Әділ Жұбанов.

Мәжіліс депутатының айтуына қарағанда, тұрғын үй, инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылысына 3,5 млрд теңге қажет.

«Құлсары қаласында су тасқынынан бүлінген автомобиль жолын қайта қалпына келтіру, Ақкиізтоғай, Тұрғызба, Қарағай ауылына кіретін жолды жөндеу жобаларына 2,5 млрд теңге керек. Қаржы министрлігінен сұралып отырған қаржының бірқатары республикалық бюджеттен қолдау табатын болады», – деп мәлім етті Әділ Жұбанов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі тұрақтанғанын жазған болатынбыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.