Әлеуметтік желіде қазақтың киіз үйінде жартылай жалаңаш билегендердің видеосы тарап қоғамды дүр сілкіндірген еді. Бас прокуратура аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев қоғам белсенділерін «ЛГБТ» насихатына қарсы петиция қорытындысын талқылайтын жиынға белсенді қатысуға үндеген еді. Соның бірі Самат Мұсабаевтың айтуынша, желіде таралған видеороликтің қиындысы бүкіл ұлтты, елді қорлаумен пара-пар.
Бас прокуратура оқиғаның Алматы облысы Қарасай ауданында түсірілгенін хабарлап отыр.
«Аталған факт бойынша 2024 жылғы 1 шілдеде Қарасай аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп жауап берді ведомство.
Сондай-ақ, Бас прокуратура қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу туралы шешім қабылданады.
Алайда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бейнеролик авторларының ниетін анықтау және қылмыстық құқықтың көрсетілген нормасына объективті құқықтық баға беру мүмкін еместігін жеткізді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.