Мысалы, Антикор жаңа ғана «шұңқырды жөндеу» жүргізіліп, миллиондаған теңге ел қаржысы игерілген асфальт жолдың ізінше күресінге жіберіліп, толығымен жаңадан төселетінін анықтады. Жол салушылардың жауапсыздығы, инновациялық технологияларды қолданбайтыны да бөлек әңгіме.
Жол құрылысы түпсіз тұңғиық па?
Жол құрылысы шыңырау құрдымды елестетеді. Үкімет триллиондаған қаржы төгіп, тәуелсіздіктің 33 жылында мыңдаған шақырым жаңа жол салды. Ендеше ендігі онжылдықтарда саланың шығындары кеміп, бюджетке жүктемесі жеңілдейтін шығар? Жауапты министрліктер бірауыздан: «Жоқ!» дейді. Бұған не себеп? Біріншіден, жаңадан салынған жолдар тез тозып қалады. Салдарынан бұдан былай оларды да жөндеуге қаржы керек. Осылайша, Кеңес кезінде төселгеніне «жаңалары» қосылып, жөндеуді, тіпті қайтадан салуды қажет ететін жол желісі еселеп ұзарды. Тиісінше, шығыны да еселеп көбейеді.
Екіншіден, Транскаспий халықаралық көлік бағыты және басқа дәліздердің дамытылуы жаңа жолдар салуды талап етеді. Үшіншіден, бұрыннан бітпеген халықаралық көлік маршруттарының құрылыстары күрт қымбаттады және миллиардтап қосымша қаражатты талап етеді.
Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, республикада жыл сайын кем дегенде 5 мың шақырым жолды жөндеп отыру қажет. Бұл тек жөндеу ғана және оған жыл сайын кем дегенде 200 миллиард теңге керек.
Мұның бағдарламалық құжаттарға сәйкес, 2029 жылға дейін жалпы ұзындығы 4,5 мың шақырым болатын 12 жобаны іске асыру көзделген. Олардың ағымдағы құны 14,4 миллиард доллар немесе 7 триллион теңгеге жуық. Қазір жобалық құжаттар дайындалып, қаржы көздері мен оларды тарту тетіктері пысықталу үстінде. Аталған жобалардың үшеуін биыл бастау жоспарланған. Құрылыс құны қымбаттай берсе, талап етілетін сома да өсе бермек.
Жалпы, жүргізушілер жолдың нашар сапасына шағымдануын жалғастырып жатқанда, бұл сала ақша шығындау және басқасы жөнінен тарихта болмаған рекордтар орнатып жатыр.
– Биыл жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш! Олардың 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желіге тиесілі, – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Тағы бір проблема жария етілді. Қазақстанда республикалық жолдардың басым көпшілігін шетелдік компаниялар салып жатыр. Бұған Мемлекет басшысы да назар аудартқан-тын. Жатжұрттық компаниялар мамандар мен құрылысшыларды да шетелден тасиды екен. Осы орайда министр Марат Қарабаев олардың шетелден алғызатын жұмысшыларына квотаны арттыруды сұраған өтінішін Үкімет басшысына жеткізді. Қарағанды, Абай, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау облыстарында орналасқан жобаларға шетелдік жұмыс күшін тартуға тағы 500 квота қажет екен.
Ел қаржысы жолға емес, жемсауға түскен
Қолданыстағы республикалық маңыздағы жолдарды жөндеуге және жаңасын салуға ұшан-теңіз қаражат жұмсалатыны айтылды. Бұдан бөлек, жергілікті жолдардың жай-күйін жақсартуға да қаражат керек. Биыл облысаралық, ауданаралық, қалааралық жергілікті автокөлік желілеріне 331 миллиард теңге бөлінді, бұл ақша 4 мың шақырымда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге ғана жетеді екен.
Отандық жолдардың сапасыздығын сынаған Президенттің тапсырмасымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастады. Антикордың хабарлауынша, бұл салада жобалық-сметалық құжаттамалардың құнын асыра көрсету, сапасыз материалдарды пайдалану, ескірген жабдықтар мен технологияларды қолдану белең алған. Сондай-ақ жол құрылысына ымыралас, ым-жымы бір, адал емес компаниялар тартылған, олар бөлінген қаржыны игеріп, жұмысты аяғына жеткізбей, тура мағынасында орта жолда тастап кеткен.
«Жалпы, соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 65 коррупциялық құқықбұзушылықты тіркеді, олар бойынша залал шамамен 9 миллиард теңгені құрады. Жұмыстың екінші бағыты – жолдардың ағымдағы құрылысына мониторинг жүргізу. Бүкіл ел бойынша агенттік 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген 217 учаскені қамтыды. Агенттіктің ерекше бақылауында 12 ауқымды жоба бар. Олардың әрқайсысына жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіретін жауапты тұлғалар бекітілді», – деп хабарлады Антикор.
Қазірдің өзінде талдау барысында бұзушылықтар әшкереленді. Мәселен, Антикордың мәліметінше, 5 өңірде басы артық немесе жанама жұмыстарды қоса салу жолымен сметаларды 4,8 миллиард теңге сомасына қымбаттату деректері ашылды. Бұл тек басы ғана. 6 өңірде жүргізілетін жұмыстар тиімсіз жоспарланған. Мысалы, Абай облысында бір жол телімінде алдымен 20 миллион теңгеге шұңқырды жөндеу жүргізілген, содан соң дәл сол учаскеде 1 миллиард теңге шығындалып, ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр.
Көлік министрлігінің Жол активтерінің сапасы орталығы 4 өңірде ғана 526 бұзушылықты анықтады, олар сол бойы жойылмаған.
Министр М.Қарабаев автожол саласында жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында шаралар қабылданғанын айтты. Мысалы, орындалған жұмыстарды қабылдауды электронды форматқа көшіру платформасы әзірленіп жатыр. Жолдың кепілдік мерзімінде пайда болған ақауларға мердігерден басқа, жобалау институты мен техникалық қадағалаудың жауапкершілігі заңды түрде бекітілді. Барлық жол бойынша орташа жөндеу жұмыстары жобаларына сараптама өткізу талабы заң жүзінде бекітілді. Мұның жеткіліксіз екені байқалады.
Борыш батпағына бата бере ме?
Жол құрылысы, қалауын тапса, ел экономикасына серпін беруге қауқарлы. Жолдардың салынуы елдің дамуын көрсетеді, оның транзиттік әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алайда Қазақстанда жол құрылысы мемлекеттің борышын еселеп көбейтетін, сөйтіп қазіргі халық пен болашақ ұрпаққа ауыртпалық әкелетін салаға айналып кеткені жасырын емес. Өйткені ірі жол құрылысы жобаларының барлығы дерлік шетелден тартылған қарыз ақшаға салынып жатыр.
Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстанның сыртқы борышының көлемі 2024 жылғы 1 сәуірде 162,5 миллиард долларды құрады. Ал Қаржы министрлігі Үкіметтің борышына қызмет ету, ағымдағы өтеуі үшін 2024–2027 жылдары 10,4 триллион теңге шығындалатынын жариялады. Демек, жылына 2,6 триллион теңгеден келеді. Оның үлкен бөлігі – жол құрылысы жобаларының шығыны.
Жол салуға жұмсалатын қаржының үлкен бөлігі шетелден қарызға алынатынын Көлік министрі жасырмады. М.Қарабаев елдің транзиттік әлеуетін әрі қарай жақсарту мақсатында жаңа 12 жобаны дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның үшеуі биыл қолға алынатыны жоғарыда айтылды. Оның бәріне шетелден қарыз алынады.
–Біріншісі – жалпы ұзындығы 572 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Жезқазған» жобасы. Бұл жоба тек екі облыс орталығын қосып қоймай, солтүстіктен және шығыстан келетін жүк тасымалдарын Транскаспий халықаралық көлік бағытына тартуға септеседі. Бүгінде жобаны қаржыландыру көзі ретінде Халықаралық қайта құру және даму (ХҚДБ) банкі айқындалды. Мердігерлерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер басталды, – деді Марат Қарабаев.
Екіншіден, оның айтуынша, соңғы кезде жүргізушілердің қатаң сынына көп ұшыраған, ұзындығы 262 шақырымдық «Ақтөбе – Ұлғайсын» жол телімі қайта жаңартылады. Бұл – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытының құрамдас бөлігі. Дәліздегі қарқындылықтың өсуіне байланысты онда 4 жолақты автомобиль жолы салынады. Биыл 28 шақырымында құрылыс жұмыстары басталды. Қаржыландыру көзі ретінде Еуропа қайта құру және даму банкі анықталды.
Үшінші жаңа жобасы – ұзындығы 102 шақырымды құрайтын Сарыағаш қаласының айналма жолы. Жаңа жол Түркістан облысының 2 ауданын қамтып, транзиттік көліктердің айналып өтуін қамтамасыз етеді. Жобаның қаржыландыру көзі ретінде Азия даму банкі анықталған.
«Мердігерлердің, жобалаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында осы жобаларда халықаралық қаржы ұйымдары-ның қолдауымен EPCM келісімшарты және FIDIC қағидасы енгізіледі. Мердігер компания жолды өзі жобалап, өзі салып, 7 жылға дейін күтіп ұстайды. Бұл шарттың негізгі артықшылығы – жобалаудың және құрылыс сапасының тәуекелдерін азайтады», – деп сендірді М.Қарабаев.
Сөйтіп, жаңа жолдардың шығыны тек олардың құрылысымен бітпейді. Олардың шығыны Халықаралық қаржы институттарынан алынған миллиардтаған доллар қарызды өтеуге байланысты ондаған жыл бойы арта түседі. Қарызын өтеу аяқталмай жатып, жаңа жолдары жарамсыз күйге жетіп, жаңа құрылысты талап етуі мүмкін.
Ақылы жолдар саны мен тарифі артпақ
Жолдардың тез тозығы жете бермеуі үшін онда озық технологиялар қолданылғаны маңызды. Көлік министрлігі биыл облысаралық республикалық жолдардың жекелеген телімінде жөндеудің жаңа тәсілі пайдаланылатынын хабарлады. Яғни, жол төсемесін «ресайклинг» әдісімен бекітіп, 2 қабат асфальт жабыны салынбақ. Бұл технология реконструкциямен салыстырғанда жоба құнын 7 есеге арзандатуға және 2 есе жылдам жөндеуге мүмкіндік береді.
Десек те, Көлік министрлігі жол құрылысы жобаларының басым көпшілігінде қолданбалы инновациялық технологиялар пайдаланылмайтынына, сондай-ақ автомобиль жолдарын жобалауды, салуды және жөндеуді ғылыми-техникалық сүйемелдеу жоқтығына назар аудартты. Мысалы, ведомствоның байламынша, ең дұрысы – жобаны бастамас бұрын ғылыми зерттеулер жүргізіп, жол салуда әртүрлі өңірдің әралуан климаттық ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Сондай-ақ зертханалық сынақтар жүргізу, жол жамылғысының үлгілік конструкцияларын әзірлеу, нормативтік-техникалық құжаттарды өзектендіру және басқасы маңызды.
Тиісті қаржы мен жете көңіл бөлінсе, бұл жұмысты «ҚазжолҒЗИ» еңсере алар еді. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының жол құрылысы материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Мейрамгүл Қабдығалиеваның айтуынша, институт қазірдің өзінде жол құрылысына қажетті заманауи материалдар мен жаңа технологиялардың бірыңғай цифрлық базасын әзірледі. Ол зертханалық аккредиттеуден өте алған асфальтобетон зауыттарының тізілімінен тұрады және жол салу саласына қажетті өзге жайттарды қамтиды.
Ғалымдар жол құрылысы материалдарын шығаратын елдегі 400 зауыттың тек 51-і ғана талапқа сай келетінін анықтады. Осыдан кейін жаңа жолдарда қандай сапа болмақ? Нарықта сатылатын стабилизаторлар да өңірлердегі қатаң климаттық жағдайларға жарамайды. Соның кесірінен химиялық реакция туындап, жол жарылып кетеді. ҒЗИ базасында жарамды стабилизаторлар мен модификаторлардың 98 түрі тіркелген екен.
Тағы бір күрделі мәселе – жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау. Көлік министрлігінің мәліметінше, республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолды күтіп ұстап тұруға жыл сайын 80 миллиард теңге қажет. Тақұл-тұқыл бюджетте сонша артық қаржы жоқ. Сондықтан министрлік «бюджетке артық салмақ түсірмеу» үшін ақылы жолдардың санын арттыру жалғасатынын мәлімдеді.
Бүгінде ақылы жолдардың жалпы ұзындығы – 3,2 мың шақырым. Былтыр қазақстандықтар олармен жүру үшін 30 миллиард теңге алымды қалтасынан санап берген екен. Реконструкциядан өткен жолдарды күтіп ұстау мақсатында 2024 жылдан бастап, тағы 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең-кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарланған. Министр Қарабаев сондай-ақ жолдарды күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды толық өтеу үшін ақылы жолдардың тарифін тағы 20%-ға қымбаттату мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Жол саласындағы проблемалар елді тығырыққа апарып тіремесе, құба-құп.
Елдос Сенбай