Әр жазушының «шығар­ма­шылық зертханасы» бола­тынына дау жоқ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын бүгін әңгіме етпек болып отырған туын­дының әуелі қолжазба­сымен танысқан едім.
Хан Кененің айбыны
1,872
оқылды

Автор жазып жатқан шығармасын он шақты қаламгерге үлес­тіріп, алдын ала олардың ұс­ыныс-пікірін білмекке жолдаған екен. Қайсыбір қолжазба қолына тиген қа­лам­герлер пікірлерін сайт­тарға жариялап та жі­бер­ді. Ізінше сөз зергер­лерінің роман жайындағы кесімді ойлары мен бай­ламдарына көзі қарақты, көкірегі ояу жұрт­шылық шұқшия қадалып, өз­дер­ін мазалаған сауал төң­ірегінде үн қатып, көптеген жазбаларды «коммент­арий­ге» толтырып жатты. Бұл мені бір жағынан қуантты. Себебі патша көңілді талғампаз оқ­ы­р­ман қауым әлі кітап боп шық­паған дүниені оқуға құштарлық танытып, қызу талқыға кіріскен. 

Артынан қолжазбамен танысқан қалам­герлер ұсыныс-пікірлері мен ескертпелерін айтып, авторға кері қайтарды. Сөйтіп, «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы бір-екі жылдан кейін барып, кітап болып шықты. 

Кітап алғаш қолыма тигенде сол бір «дүрмек» есіме еріксіз оралды. Енді роман-трилогияның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың қатарында болуы – жан-жақты еңбек пен ауқымды істің нәтижесі екенін сезініп отырмын. Ертеден өзім білетін Әділбек Ыбырай­ымұлының табан­дылығына сүйіндім. 

Шығарманың «Семсер жүзіндегі серт» аталуы Кенесары да, оның ұлы Сыздық та ел иықтарына үлкен міндет артқанда бұ­қараға бойұсынып, семсердің жүзін сүйіп, халқына адал қызмет етуге, қас жауын аямай қанға бөктіруге ант етіп, серт береді. Осы ант пен серт оларды алған бағытынан бұлтармай, ата-баба аманатына қылаудай қиянат келтірмей, ұлт пен ұрпақ алдындағы борыштарына өмірлерінің соңына дейін адал болуға үндеп, ұдайы көкейлерінде атойлады. 

Тіпті, Кенесары хан қылша мойнына қылпылдаған наркескеннің жүзі тақалып, ажал аузында тұрғанда да, қанды алқап Кекілік-Сеңгірдегі он бір жыраның бойында туған халқына қаратып, ақтық сөзінде аманат айтуы – неткен қайсарлық. 

«... Аман болса ұрпағым, 

Тартпай қоймас тегіне.

Азаттық үшін алысып, 

Жетпей қоймас сертіне.

Қол бастар ұл табылар, 

Дүние жинап бас ұрмас, 

Алтын менен күміске.

Басатұғын еркіне.

 

Орындалмаған арманым, 

Аманат болсын сендерге. 

Рухымды менің оятар, 

Қара жер-бесік тербетсе. 

Сендермен бірге жүрегім, 

Заманың қысып, шерлі етсе.

Азаттық үшін алысып, 

Ұл-қызың өсіп, ер жетсе.

Батырлық болсын тірегің.

Қош болыңдар, қазағым!»

Серт... Серт... Ел мүддесі үшін өмірін де құрбандыққа шалып, шыбын жанын қиюға ант еткен талай қаһармандарымыз қалың жұрттың жадында. Ұмытылмайтын олар мәңгіге халқының жүрегіне жерленген...

Міне, осы бір бабадан балаға мирас болып келе жатқан табандылық пен жау­жүректік, перзенттің Отанға деген кіршіксіз махаббатын көрсетеді. Елін, жерін басқыншы ақ патша империясының ашкөздігінен арашалаған Кенесары–Наурызбай да серт пен анттың алдында қия басып, ақиқаттан айнымады, ажалдан қор­ықпады.

Халықтың жадынан өшпейтін, ел аузында айтылатын сол кездегі Кенесары–Наурызбай жөніндегі аңыз-әңгімелер жеткілікті. Алайда олар үлкен тарихи уақиғаның әр-әр тұсынан шежіре шертер көріністері еді. Осы уақытқа дейін Кенесары бастаған халық көтерілісінің хронологиялық легі бұзылмай баяндалатын дүние ұшыраспаған. Оқиға неден басталып, қалай өрбитінін және немен аяқталатынын желісін үзбей оқырманға жеткізген шығарма, шынын айту керек, жоқ еді. «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясы 19-ғасырдағы ұлт азаттық көтерілісті жүйелі сипаттайды, ақырғы құрылған хандық дәуірдің соңғы тұстарына дейін ашып береді. Бұл шығарма – қазақ әдеб­иетінің қоржынына тәуелсіздік жылдары түскен кесек туындылардың бірі деп айтуға әбден лайық. 

 «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясы – Тәуелсіз елдің асқақ рухын танытады. Бұл кітап қазақ халқының соңғы ханы Кенесарының тағдыры мен ол өмір сүрген тарихи кездің кескіндемесін жасаған жаңа да тың туынды. Қалың оқырман хан Кенесары және оның ұлы Сыздық сұлтан образы арқылы ежелден азаттық аңсаған, ұлт тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен қазақ халқының бейнесін көріп, мақсат-мұрат­тың соншама биік екенін екшейді. 

Роман-эпопеяның бас қаһарманы – халық, Кенесары кейпіндегі халық. Көркем туынды Қазақ хандық мемлекетінің Абылай кезеңінен бастап, соңғы ханы – Кене­сарының қаза табуымен бірге оның шаңыр­ағының құлағанына дейінгі және одан кейінгі де дәуірді қамтыған. Шығармадан Әз Бөгенбай, Таймас, Әбілғазы ақылман­дар, Ағыбай, Наурызбай, Иман, Жоламан, Жанқожа, Есет, Тәнеке батырлар, Нысанбай жырау, Байзақ, Батырбек датқалар сынды даналардың, Сыздық сұлтанның халқымыздың дербес ел болып өмір сүру­іне, бұқараның басын біріктіруге қаншама еңбек сіңіргенін пайымдайсыз. Бұл еңіреп өткен ерлер – елі мен жерін шексіз сүйіп, оның жарқын болашағына қапысыз сеніп, көкейлерін тескен мақсатқа жету үшін табандылықпен қажыр-қайраттарын сарқа жұмсады. 

Үш томнан тұратын туынды төл әдеб­иетіміздің Тәуелсіздік жылдардағы арыны мен дербес сананың болмысы екенін оқырман байқай отырып, әсіресе жастар ондағы қаһармандардың бойындағы асқақ рухтан, адамгершілік пен отаншыл­дық тағылымынан өмірлік үлгі алады деп ойлаймыз. Аталған шығарма – саяси иірімдерге бейімделген немесе бодандық қамытын киген заманның шығармасы емес, Ұлттық рухымыз бен намысымызды әйгілейтін, Тәуелсіздіктің төл туындысы. 

Роман идеясы – Қазақ елінің ХХ ғасыр соңында Тәуелсіздікке жетуі – Абылай хан, Қасым төре, Кенесары, Сыздық, кешегі Алаш көсемдері, ең соңында 1986 жылғы Қайрат Рысқұлбеков секілді рухы оянған ер халықтың қайтпас күресінің нәтижесі деген байламға әкеледі. 

Тарихтың кезеңдерімен жалғасқан күр­ескерлік, ақырында тұтас бір құрлықты алып жатқан темір құрсауды тас-талқан еткен қасиетті Желтоқсан оқиғасына келіп тіреледі. Кенесары ханның өлер сәтінде: 

«Рухымды менің оятар, 

Қара жер-бесік тербетсе» – деп айтқанындай, шырқырап елінің болашағын қорғаған Желтоқсандағы жастардың азалы үні қара жерді тербеді. Хан Кененің Рухы оянды. Оның ақтық сөзінде «Сендермен бірге жүрегім» дегеніндей, халқының жүрегіне жерленген қайсар тұлға, үш ғасырдай езіп-жаншылған қазақтың санасына Тәуелсіздік сәулесін себезгілетті. Көк Тәңірідей киелі аруағы халқының десін жүргізіп, сесін арттырды. 

Осының бәрі «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясында тартымды тылсым дүниеге айналып, жаныңды баурап, құлқыңды алып, үйіріп әкете беретінін, кітапқұмар қауым өздері аңдар. 

Айтулы кезеңдерге дөп келген роман-трилогия қоғамға жаңаша ой тастап, рухты шыңдап, отансүюшілікті арттырып, еліміздің бүтіндігін одан сайын бекемдей түсетін қуатты күшке ие туынды екеніне көздеріңіз жете түседі. Хан Кененің айбыны көрінеді. Сондықтан талантты жазушы Әділбек Ыбырайымұлының көлемді еңбегін Тәуелсіз Қазақстан әдебиетіне қосылған сүбелі үлес деп есептеген жөн.

Көркем әдебиет қоғамда тарихи сана қалыптастыруда елеулі рөл атқаратыны аян. Төл әдебиетімізде ұлттық тарихи шығарманың жаңа белеске көтерілуі, қоғамның рухани жаңғыруына леп беретіні сөзсіз. 

«Семсер жүзіндегі сертті» оқыған адам романның әр парағынан қызықты да пайдалы жайттарға қанығып, әрі құпиялы да жұмбақ тарих қойнауынан сыр тартып, ата-бабамыз жүріп өткен кезеңге саяхат жасайтынына еш шүбәміз жоқ.

Уақыт жағынан да, Кеңістік өлшемімен де осындай ауқымды тарихты қамтыған шығарма көтерген жүгі қаншама ауыр бол­ғанымен жеңіл оқылады. Автор қазақ-қо­қан, қазақ-қырғыз, қазақ-патшалық империя соғысының бұрын былайғы жанға онша мәлім емес қырларын жақсы ашып көрсете алған. Трилогияның оқиғасы мен сю­жеті бебеу жанға бұрау салмай қоймай­ды.

Бірінші кітап «Арланның азуы» Кенесары ханның тағдырына үкімін айтып, қолын қанға малған қырғыз Орманбет манаптың ел-жұртты шешесінің асына шақырып, сауын айтуымен басталады. Тезек төренің төңірегіне жиналған кіл мықтылармен бірге Сүйінбай ақын да ілесіп барады. Ас үстінде Қатағанмен айтысып, соңында оны жерге кіргізгендей етіп жеңуімен аяқталады. Осы екі арада қазақтың бүкіл тарихы автордың көркем тілімен көз алдан өтеді... 

Екінші кітап «Семсер жүзіндегі серт» – Кенесары қозғалысымен ниеттес болған Орта жүз Матай руының биі Дөсетұлы Тәнекені таныстырудан басталып, соңында сол Тәнекенің қырғыз манаптарынан Кенесары, Наурызбай қазасының кегін қайтарған әрекетімен аяқталады. Осы екі арада түгелімен Кенесары көтерілісінің ерлік даңқы мен трагедиялық тағдыры тарихи-әдеби желі тартып баян етіледі. Осылайша, автор шығарманың көркемдік кілтін дұрыс таба білген. 

Үшінші кітап «Рух» – он төрт жастағы хан Кененің ұлы Сыздықтың ауылдарына басып келген қоқан әскеріне қарсы аттануымен басталып, ата-баба рухының аяққа басылмауы үшін болат семсерін бойынан тастамай, дұшпанымен аяусыз шайқасып өтуімен жалғасады. Жалпы, мұнда қазақ елінің орыс отаршылдығына қарсы көтерілісі кеңінен қамтылған. Кенесары­ның мұрагері Сыздық сұлтанның сол күрестерге қолбасылық етіп, шайқасты үздіксіз өрбітуі әсерлі суреттеледі. Сыздық сұлтан бейнесі арқылы ата-баба аманаты мен перзент парызы, нақтысын айтқанда, еркіндікке ұмтылған қазақ халқының қа­һар­мандығы сипатталады.

Ешқандай арнайы білім алмаған сардар «сахара генералы» деңгейіне көтеріледі. Қазақ даласы мен Орта Азияны басып келген империялық ақ патшаның генералдарын бықпырт тигендей жасап, бірнеше дүркін соққы беретіні – қазақтың «қасқадан қасқа тумаса да төбел туады» дегенінің айғағы секілді көрінеді.

Кезінде Алаш романының атасына айналған І.Есенберлин, оның өкшесін басқан М.Мағауин, Ә.Кекілбаев сияқты тарихи көптомдықтарды жазуда Әділбек қабырғалы қаламгерлердің сілеміне түскен сарқыны іспетті. 

Тарихи романның жанрлық өзгешелі­гіне сай, оның тіні бірнеше қағидаттар бойынша анықталады. Әуелгісі – басым­дыққа ие белгілі бір эстетикалық пафос, келесісі – туынды көлемі мен образ түзілімі (символика, аллегория, құжаттамалық, т.б.). Осы екеуі де шығарма композициясы мен желісіне селкеулік түсірмеуі тиіс. Ыбырай­ым­ұлының қаламынан туған роман-трилогия оқырманды тарихи оқиға­ларға еліте араластырады.

Шығарманың Мемлекеттік сыйлыққа лайық екеніне ешкім шүбә келтіре алмайды. Ендеше мемлекеттік комиссия мүшеле­рі де әділдігінен айнымай, қолдайды деп сенеміз. 

 

Арасанбай ЕСТЕН, 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты