Батыс Қазақстан облысында жұмыссыз азаматтарды қысқамерзімді курстарда оқыту басталды. Бұл – жылда ұйымдастырылатын жүйелі жұмыс.
Жұмыссыздықпен күресте тиімді тәсіл
360
оқылды

Бірақ қазір қысқамерзімді курстарға бұрынғыдай сан толтыру үшін топырлатып оқыта бермейтін болыпты. Себебі қырғын адамды оқытып алып, жұмыссыз ретінде тек тіркеп отырудың пайдасы аз. Сондықтан қазір жұмыссыз адамды тек жұмыс берушінің сұранысына сай мамандыққа ғана оқытады. Тиісінше, оқуын аяқтаған маман сол компанияға тұрақты жұмысқа орналасады.

 Гүлсім Сәбитованың жасы – 31-де. Үйде бала күтімімен отыр­ған үш баланың анасы. Бірақ Гүл­сім құр отырған жоқ. Өзі ки­ім­-кешек тігеді, соны сатып бала-шағасының нәпақасын тауып отырған әйел. Ол қысқамерзімді курстар туралы естіп тігіншіліктің қыр-сырын жетілдіру үшін оқуға келіпті. 

– Мен бұрыннан тігін тігемін. Бала күнімде қуыршақтарыма қажетті көйлектерді өзім тіге беретінмін. Қазір де өзіме қажетті киімді тігіп кие беремін. Бірақ кәсіби маманның білімі мен үйретуі бөлек қой, бүгіннен бас- тап курстан өтіп жатырмын. Алдағы уақытта өзімнің жеке киім тігетін ательемді ашқым келеді. Сол үшін жұмысқа тұрып, тәжірибе жинақ­та­сам ба деймін, –  дейді Гүлсім. 

Биыл облыс бойынша 350 жұ­мыс­сыз адам қысқамерзімді курс­тарға оқуға жіберіледі деп күтіліп отыр. Былтыр 250 адам оқыпты. 

– Жыл қорытындысы бойынша, оқығандардың 90 пайызы жұмысқа орналасты, – дейді Ең­бек мобильділігі орталығының директоры Саян Баймұханов. 

– Қысқамерзімді курстарға біз жұмыс берушінің сұранысына сай оқуға жібереміз. Қазір бір мекеме 20 тігінші сұрады. Осы сұранысқа сәйкес, 20 қыз-келіншек білім алуда. Ертең күзге қарай газ операторларына сұраныс көбейеді. Міне, осылай сұранысқа орай оқ­ы­тамыз. Тек оқыта беру бізге нә­тиже бермейді. Біздің мақсат – жұмысқа тұруға жәрдем ету, – деп атап өтті С.Баймұханов. 

БҚО-да жұмыссыздықпен күрес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жұмыссыз азаматтарға бос орындар жәрмеңкесі арқылы жұмыс ұсынылып, кәсіпке икемі барларға грант беріліп, қайта оқудан өткізіп азаматтардың өз нәпақасын өздері тауып жеулеріне барынша мүмкіндік жасалып келеді. Сол жасалып жатқан жұ­мыстар мен қабылданған бағдар­ла­малар өз жемісін беріп жүр ме? Сандарды сөйлетіп көрелік.

2024 жылдың алғашқы үш ай­ын­дағы есеп бойынша, жұмыс­сыз­­дық деңгейі – 4,8%, 15-35 жас­­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,6%, әйелдер арасында­ғы жұ­мыс­сыздық деңгейі 5,8% құра­ған. 

Ұлттық статистика Бюросын­ың мәліметіне сәйкес, экономи­ка­­лық тұрғыдан белсенді халықтың саны 353 147 адам, осының ішінен жұмыспен қамтылған халықтың саны 336 062 адам, жалдамалы қыз­меткерлердің саны 246 892 адам, соның ішінде өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтығандардың саны 89 170 адам, ал жұмыссыз адамдар­дың саны 17 085 адамды құрап от­ыр. 

– Биыл 22 815 адамды белсенді шаралармен қамту жоспарлан­ған. Бүгінде 7 565 адам осы іс-шара­ларға тартылды. Мұның ішінде 5 599 адам тұрақты жұмыс­қа орналасты, – деп көрсетілген БҚО Жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарлама­лар басқармасының ресми сайтында. 

 

Батыс Қазақстан облысы,

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА