Қаһарман ұлдың өмірі мен ерлігін ұлықтап, ұрпаққа қалған құнды мұралары аз емес. Соның бірқатары туған топырағы Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы мемориалдық музейде сақтаулы тұр.
Іргетасы 1995 жылы қаланған мұражайда бүгінде биік тұлғаның тұтынған заттары, сыйға алған кітаптары мен бағалы сыйлықтары қойылған. Бұл дүниелерді музейге Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова тарту еткен.
Мұражайға кіреберістен Бауыржан Момышұлының полковник шеніндегі шинелі менмұндалап көрінеді. Батырдың өзі киген шинелі отты жылдардан елес беріп тұрғандай. Қанды майданды көзбен көрмесек те, сол күндер көз алдымыздан жүгіріп өткендей болды. Талай тағдыр тартысын көрген бұл шинелі музей төрінде бейнебір батыр тұлғасындай асқақ.
Сарғайған архив суреттерінен Сәбит Мұқановтың ылғи тақия киіп түскен суретін көретінбіз. Жазушы сол тақияны бір өзі ғана кимей, қаламдас інісі болған Бауыржан Момышұлына көзі тірісінде біреуін сыйға тартқан екен. Міне, осы тақия да мұражай төрінен орын тапқан. Ал «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» сияқты шығармаларды дүниеге әкелген қалам мен сия сауытта батыр Бәукеңнің жаны мен рухы қалғандай.
Соғыс қасіретін басынан кешкен батырдың өз қолымен сызған картасы да музейде сақтаулы. Онда майдангерлердің қай жолмен жүру керектігі, жау аңысын қалай аңду қажеттігі бейнеленген. Қазақ және араб әріптерімен жазылған картада жаудың шоғырланатын орны көрсетіліпті. Карта сызуда араб әріптеріне басымдық берілген. «Егер бұл карта жау қолына түсіп қалса, қазақ әскерлерінің жауға барар жолдағы шығу нүктесі белгісіз болсын» деген оймен осылай істелсе керек. Соғыс психологиясын терең меңгерген командирдің бұл көрегендігі талай әскерді аман алып қалғаны анық.
Батыр Бәукең – әскери тұлға болуымен қатар, қалам мен қаруды қатар ұстаған жан. Бастапқыда шағын өлең жазудан бастаса, кейін келе әдеби шығармалар мен мемуарлар жазды. Алайда Бауыржан Момышұлының ел білмейтін бір сыры – ол өз қолымен ою ойған. Музейге қойылған керемет оюлар Ер Бәукеңнің қолынан 1973 жылы туған екен. Қаһарман ұлдың әкесі өз дәуірінде темірден түйін түйген зергер болған. Міне, осы қасиет Ер Бәукеңнің бойына қанмен құйылғандай.
Бауыржан Момышұлының «Мәскеуде емес, Жуалыда жүрегім, Жуалымды аңсаймын да жүремін» деген өлең жолдары да мұражай төрінде ұрандап тұр. Әрине, Ер Бәукеңнің кіндік қаны тамған жерде музейдің жұмыс істеп тұрғаны – қуанарлық іс. Ал Бауыржан Момышұлына арналған мұражайдың бірі облыс орталығы Тараз қаласында да ашылған болатын. Мұндағы ең құнды жәдігер – батырдың маузері. Бауыржан Момышұлы 1970 жылдары облыстық тарихи өлкетану музейіне: «Маузерім осы музейде тұрсын» деп өз қолымен тапсырып кеткен екен. Тіпті, аманат хат жазып қалдырыпты. Ол да мұражайдың құнды мұрасына айналған.
Қазір қаһарман ұлмен бірге қанды майдан көрген маузер облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ залында» тұр. Маузерді көзбен көрсең, көңілің толқып, ерекше күй кешесің. Батырдың айбынын асқақтатқан маузердің қаншалықты маңызды болғанын жан жүрегіңмен сезінесің. Ұлы тұлғаның өз қолымен тапсырған ұлы мұрасын көзбен көрудің өзі адам бойын алабөтен күйге бөлейді. Бұл маузер кейінгі ұрпақтың жігерін жанып, патриоттық рухын асқақтататыны анық.
Иә, батыр атамыздан қалған әр зат – тарихи құндылық. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының осы маузерін басқа емес, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсыруы – үлкен абырой әрі мақтаныш. Бүгінде батырдан қалған құнды жәдігерлерді көруге келушілердің қарасы қалың. Осының өзі Ер Бәукеңе деген тағзым мен құрмет емес пе.