Осындай заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді.
Елімізде жүргізуші куәлігін алуға «көмектесетін» алаяқтар көбейіп кетті
Egov.kz
1,858
оқылды

Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алуға «көмектесетін» алаяқтар туралы ескертті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Әлеуметтік желілерде белгілі бір сыйақы үшін жүргізуші куәлігін алуға көмек көрсететіндер туралы ақпарат тарап жатыр. Осындай заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Алаяқтардың алдын ала төлемді сұрап алып, артынан ізін суытатынын да атап кеткен жөн. Осыған байланысты ІІМ азаматтарды мұқият болуға және күмәнді келісімдерден аулақ болуға шақырады. Мұндай тәсілмен жүргізуші куәлігін алу мүмкін емес», – деп мәлімдеді ведомство.

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқудан өтіп, қажетті санат бойынша курсты аяқтағаны туралы куәлік алу қажет. Кейін сол санат бойынша теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру үшін арнайы ХҚКО-ға жүгіну керек. Ол үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды, автомектепте оқу курстарын аяқтағаны туралы куәлікті, медициналық анықтаманы, жүргізуші куәлігін дайындау үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті ұсыну қажет. Емтихандарды сәтті тапсырған жағдайда азаматқа көлік басқаруға арналған жүргізуші куәлігі беріледі. Бұл – міндетті рәсімдер.

«Күдікті ұсыныстар анықталған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет», – деп түйіндеді министрлік.