Еліміздің бас театрында Astana Opera халықаралық опера академиясының екінші шығарылымы оқуын тәмамдады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы арқасында бір жыл бойы жас вокалистер үздік қазақстандық және шетелдік коучтердің жетекшілігімен өздерінің шеберлігін жетілдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
19 шілдеде К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өткен «Туған тілде» концерті оқу бағдарламасының шешуші түйіні болды.
Академистердің 2023-2024 оқу жылындағы жетістіктерін еске ала отырып, академияның екінші құрамының барлық концерттері зор табыспен өткенін айта кетуіміз керек. Жас солистер К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өнер көрсетті. Ең жарқын бағдарламалардың бірі «Браво, Опера!» концерті болды, сондай-ақ классикалық музыканы ұнататын жандар XI театр маусымы бойы «Астана Опера» репертуарында ұсынылған опералық спектакльдерде тыңдаушылардың көбін жылы қабылдады.
Академия тыңдаушыларының білім алу барысы шынымен қарқынды әрі сан алуан болды. Мәселен, көкшетаулық баритон Бекұлан Ерболатұлы мен астаналық тенор Нұрсұлтан Әнуарбек әлемге әйгілі альтшы әрі дирижер Юрий Башмет әртістік директоры болып табылатын XVII Қысқы өнер фестивалі аясында Сочиге оқуға шақырылды. Солистер үздік ұстаздар мен музыка қайраткерлерінің шеберлік сабақтары мен дәрістеріне қатысып, қорытынды концертте өнер көрсетті.
Дүниежүзіне танымал италиялық коуч-пианист әрі дирижер Алессандро Бениньи мен Озимо қаласындағы Вокал академиясының профессоры Алла Симонишвилидің шеберлік сабақтары жылдың ең айтулы оқиғаларының біріне айналды. Маэстролар жас әншілерді Г.Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» операсының премьерасына, сондай-ақ осы композитордың «Махаббат сусыны», П.Чайковскийдің «Иоланта» қойылымдарына дайындады. Отандық ұстаздар, дирижерлер мен концертмейстерлер де жас әртістердің қалыптасуы жолында қажырлы жұмыс атқарды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Азамат Жылтыркөзов күн сайын олардың вокалдық шеберліктері мен сахналық өнерлерін ұштады.
Академия тыңдаушыларының жеткен жетістіктері зор. Фируза Рахметова Нұржамал Үсенбаеваның бірінші халықаралық вокалдық өнер байқауында екінші орын иеленіп, жүлдегер атанды. Оның әріптесі Лейла Аламанова Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Бюльбюль атындағы IX халықаралық вокалистер байқауында екінші орынға қол жеткізді. Нематилло Зкруллаев Грузия астанасы Тбилисиде өткен Отар Тактакишвили атындағы үшінші халықаралық «Rondo-Klasika» байқауында екінші орын иегері атанды. Осынау айтулы жетістіктер академияның жас вокалистері жеткен жоғары шеберлік деңгейін көрсетеді.
Осы ретте академия тыңдаушылары оқудан алған әсерін айтты.
– Бұл жыл мен үшін шынымен ұмытылмастай болды. Мен үздік ұстаздардан білім алып, театрдың беделді сахналарында өнер көрсетуге бірегей мүмкіндік алдым. Академия жаңа білім беріп, дағдыны қалыптастырды, сондай-ақ өз күшімізге деген сенімділікті оятты,-деп пікір білдірді сопрано Фируза Рахметова.
Хорватиялық баритон Юрица Юрасич Капун мен Ресейден келген сопрано Анастасия Ремескова:
– Академиядағы оқу бізге опера өнерін түсіну тұрғысынан жаңа белестерді ашты. Әрбір шеберлік сыныптары, әрбір дайындық жаңа құнды тәжірибе ала келді. Жас дарындарды дамытуда академия маңызды рөл атқарады және де біз осынау үрдістің бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз, – деді.
– Жоғары кәсіби мамандармен, атап айтқанда ұстаз, коуч, дирижер, режиссёрлермен жұмыс істеуге мүмкіндік берілгені үшін ризамын. Біздің оқу барысымыз, концерттік қызметіміз қарқынды жүрді. «Астана Операдағы» премьералық спектакль мен театрдың репертуарлық қойылымдарына қатысқаным үшін бақыттымын, – деп қорытындылады Анастасия Ремескова.
Astana Opera халықаралық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни түлектерге өз бағасын беріп, олардың бір жыл бойы жоғары шеберлік пен әртістік деңгейлерін паш еткендерін, олар бұған оқу барысында қол жеткізгенін атап өтті.
– Мен олардың жетістіктерін мақтан етемін және солистер опера әлемінде өз мансаптарын ойдағыдай жалғастыратынына сенімдімін. Біз осы күзде академистердің жаңа құрамын асыға күтеміз және олар да сондай қуаныш пен шабыт әкеледі деген үміттеміз. Түлектерімізге сәттілік пен жаңа шығармашылық жеңістер тілеймін, – деп атап өтті Айсұлу Тәни.
Astana Opera халықаралық опера академиясының екінші шығарылымы алғашқы құрам түлектерінен еш кем емес, жарқын әрі зерек болды. Astana Opera халықаралық опера академиясы 2019 жылы ашылғанын еске саламыз. 2023-2024 оқу жылында мұнда Қазақстаннан және басқа елдерден жас орындаушылар біліктіліктерін арттырды. Екі курстың да түлектері мамандықты сәтті бастап, елімізде мансаптарын ойдағыдай құруда және шетелде де сұранысқа ие.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.