1-18 шілде аралығында Қазақстан Республикасының аумағында ІІМ жедел қызметтері 97 қылмыскерді ұстады, оның 28-і шет мемлекеттердің сұрауы бойынша, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты
Алматыда іздеуде жүрген өзбекстандық азамат ұсталды. Ер адам көрші мемлекеттің ветеринария және мал шаруашылығын дамыту комитеті бөлген 400 млн теңгеден астам субсидияны жымқырды деп күдікке ілінген.
Маңғыстау полицейлері Жаңаөзен тұрғынына дене жарақатын келтірген бұзақыны ұстады.
Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторларына қамалды.
Айта кету керек, қылмыскерлерді іздестіру тек Қазақстан Республикасының аумағында ғана емес, сонымен қатар халықаралық келісімдер негізінде шет елдерде де жүзеге асырылып, онда іздестіру топтары жіберіледі.
Мәскеу облысының Химки қаласында ресейлік әріптестермен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде қазақстандық азаматтар құрықталды. Олар өткен жылдың қаңтар айында Шымкентте жергілікті тұрғындарды ұрып-соққан. Жәбірленушілердің бірі алған жарақаттарынан көз жұмған. Аталмыш іс бойынша барлық күдіктілер ұсталды.
Санкт-Петербург қаласында 36 жастағы ер адам құрықталды. Ол 2019 жылы семейлік тұрғынды алдап, құны 50 млн теңге болатын бульдозерді иемденген.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының құзырлы органдары ұсталғандарды экстрадициялау туралы мәселені қарастырып жатыр.