Әңгіме, хикаяттарын айтпағанда «Алтай балладасы» («Алтайдың алқызыл модағайы») роман-мифі, «Туажат» («Тамұққа түскен сәуле») роман-модерні, «Сират» («Алтай сагасы») романын ұсынған жазушының «Былғары табыт» («Марқа сұлу симфониясы») атты жаңа романы жарық көре салысымен, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айман Ментебаеваның «Былғары табыт» – рух жыры» атты мақаласы «Қазақ әдебиеті» апталығына, (№5, 10.02.2023) жарияланып, көп ұзамай белгілі жазушы, әдебиеттанушы Жүсіпбек Қорғасбек жүргізіп келе жатқан «Абай» телеарнасындағы «Үркер» бағдарламасында екі бірдей ғалым Алуа Таңжарыққызы мен Әсем Нұрмұқанның және автор Асқар Алтайдың қатысуымен жан-жақты талқыланып, елді елең еткізді.
«Былғары табыт» романын таяуда оқып шықтым. «Адамның жанын қойма ақтарғандай қопармаған соң жазушылықтың мәні жоқ» демекші (М.Әуезов), аталмыш туынды төгілген тіл, жорғадай жүрдектігімен баурап алды. Жазушының тілдік қоры мол. Көнерген сөздерді тірілту, жергілікті халық тіліндегі тосын оралымдар романдағы ұзақ баяндаулар үшін көркем тілдің әр салалы, этномәдени, танымдық қызметіне елеулі үлес қосады. Роман жан дүниемді астан-кестен етті. Бірігіп оқылық.
«Марқа сұлу мәрмәрінен қашалған...
Құйрық-жалсыз жалқы кісі. Талыстай қызыл табан, тырнадай сидаң сирақ. Шыбын жаны тірі, семген тәні сірі. Бағзы бітік жыры тектес тағдырлы.
Мың жылға татыр замандық ғұмыр кешіпті... Замани екен.
Таң қараңғысы жауар қансонар дүние кезіпті... Кезбе екен.
Жалған сөз жадын жаттай жаулапты... Жады екен.
Ол – жапан түз бен жаһан таулар қоршаған мұзарт мекеннің тұрғыны. Алтайдың ақшаңқан биіктері мұнартқан дүниеде ғұмыр кешіп келеді. «Замани Толы – Жады Толик – Кезбе Толу» деген лақап атқа санасы сүрленіп кеткен. Азан шақырып қойған Толғанбай есімі тасбақа сауытындай лақап жамылғалы да қыруар уақыт жылжыды.
Небір бұлан-талан заман бұрқ-сарқ етті...
Бүгін де барыс сұлбалы Бөкенбай тауы төріне – Ақсөңке сайына бақсыдай аруақ шақыруға аттанған. Өткен қоңыр күзден бері Қыранжартас үңгіріне жиналған адам бассүйегін түгендеуге аяқ басып тұрғаны осы... Қасында он үш жасар қалақтай бала. Ол да тілсіз. Мақау.
Мақау бала да мынау мұхиттай дөңбекшіген дүниеден мақұрым секілді. Аты – Отан. Ерсе – желмаядай Кезбе Толуға ғана ереді... Дүрмек дүниені де Замани Толымен жас танымы ашыла түсіп таниды... Әйтеуір, ерте кезден ес-ақылын жат жұрт жадылаған Жады Толик қасында желаяқтай желеді.
Түздің түсі суық Қыранжартасына да онымен қосамжарласа табан тірейді. Жартас қойнауына сәнді жиһаздай жиналған адам баласының бассүйегінен бала жаны жатсына шіміркенеді...»
Алғашқы беттен бастап қадау-қадау астарлы ой, үлкен жүк көтерген романның салмағын сезінгендеймін.
Мұнда Толғанбай мен бала Отан басты кейіпкер. Одан өзге де жанама кейіпкерлер – Сұңғат, Дулат, Ғазиз, белгілі ғалым Мағдан Жұрағатұлы мен Аршын сұлу бар. Бұларды да өз деңгейінде бас кейіпкерлер деуге болады.
Толғанбай мен бала Отан бассүйектерді не үшін күзетіп жүр? Кезінде бес жүзден астам бас еді. Шейіт кеткендеріне жүз жылға жуық уақыт болғаннан, біразын ит-құс сүйреп жоғалтқан. Қазіргісі үш жүздей ғана бас...
Қасына өзінен отыз жас кіші «эскорт» әйелі Аршын сұлуды ертіп, ғалым Мағдан Жұрағатұлы Алтайдағы «Былғары табыт» елді мекеніне Алтын адам іздеуге, ғылыми экспедицияға келе жатыр. Әлемге сенсация жасамақ! Алтайды жер-жаһанға танытпақ!
Астанадан ұшақпен жеткен қонақтарды Өскеменде профессордың дарынды докторанты Дулат асыға күтіп алған соң әуежайда жарты сағаттай ғана аялдап, қиырдағы Зайсан қаласына ұшқан.
Сонымен, соншама дайындалған ғылыми экспедиция – Былғары табыт қорымын қазу жұмыстары басталып кетті. Толғанбай мен бала Отан бас сүйектер сақталған ескі қорымды қазуға барынша қарсылық көрсетіп бағады. Бірақ оларды ешкім тыңдамайды.
Тағдыр-талайлары аса күрделі, тылсымға толы Толғанбай мен бала Отан екеуінің тыныс-тіршілігі жанама кейіпкерлермен бірге жүріп отырады. Реалды өмірдегі жоғарыдағы екеудің іс-әрекеті адам сенбейтін фантастикалық жағдайға барады. Сақ заманына біресе бала Отан, біресе Толғанбайдың баруы ғажап. Бала Отанның бойында ерекше қасиет бар. Қараңыз: «...Текшеленіп сөреленген бастың бірін ұстай берген бала тап құлақ түбінен шыққан зарлы дауыс тербелісінен санасы селк етіп, қолындағы кесек сүйек аяқ астына дүрс ете түсті. Көкмайса үстіне құлаған қу бас еш ауырсынған жоқ. Түк болмағандай домалап, «дың» етіп дыбыс шығармай, «шың» етіп шыңғырмай үнсіз қалды. Мақау бала ғана қу бастың шыңғыра құлағанын, ауырсына ыңқылдағанын сана саумалымен естіді... Басынан бақайшағына дейін жүгірген жұлын-тұта толқынымен сезінді. Бір кезде оқ тескен бейтаныс бассүйектің дыңылдаған, зыңылдаған нәзік толқыны саумал санасын сілкінтті.
Селк етті тарамыс тәні... солқ етті ет жүрегі!..» (9-10 бет).
Отан мен Толғанбай өткен замандарға неге барады? Толғанбай тағдыры – бүгінгі күнгі бала Отанның тағдыры сияқты. Толғанбай, бір жағынан өлі аруақ, бір жағынан тірі адам секілді. Толғанбай – жүз жастан асқан адам. Қилы тағдыры бұлтарыс-бұралаңы көп оқиғаларға толы. Кешегі Совет кезеңінде орысқа қызмет етті. Шекара асуға бел байлаған жерлестерін арналы сайға алып келіп, қызыл империяның жасағымен бірге қазақты қыруға тікелей қатысты. Әкесін аштыққа ұрындырды! Сол күнәлі ісіне өкіне ме, енді кеп шейіт кеткендердің бассүйектерін қорғап әлек. Бұл – адамның екіге жарылуы, болмаса құбылуы. Осы тұста әйгілі Франц Кафканың «Құбылу» новелласы есіме түсіп отыр. Онда Грегор Гамза өз отбасы – әке-шешесі мен қарындасының, Грегорға табыс табушы деп қарағаны үшін, материалдық дүниеден өзге ештеңе ойламайтынын жеріне жеткізе суреттеді. Ал «Былғары табыт» романындағы Толғанбайдың әрекеті – өткенге опынудан, өзін-өзі жерден алып, жерге соғудан туған өксік, өкініш!..
Адам рухы өлмейді ғой! Қабірді қазып жатқан кезде жоғарыдан бір жарық сәуле түседі де, арғы дүниеге өтіп кетеді бала. Толғанбайдың бала Отан секілді ана дүниеге баруы, Ұлы Сақ заманына кетіп қалуы ғажап! Және осыдан соң Толғанбай тірлігінде үлкен бетбұрыс басталады. Толғанбай мен бала Отан – бір-біріне рухтас адамдар.
Жазушы Асқар Алтайдың айтып отырғаны: қазақ – өткен замандарда ұлы оқиғаларды бастан кешкен халық. Сонау ұлы замандардан бері қазақтың рухы мен жады үзілмеген, өз тарихымызды уақытша ғана ұмытып, естен шығарып отыратын елміз. Іргелес, көрші – орыстың, қытайдың зорлық-зомбылығын ұмытып қалғанымызбен (зорлап ұмыттырғанымен), ұлттың тегі, жады, қаны ерте ме, кеш пе қайтадан серіппедей серпіліп, сарт етіп оянады! Ұлт өткен замандарға бейсаналық тұрғыда өзінің түпкі санасына оралып, Феникс құс секілді, қайыра-қайыра тіріліп отырады. Әйгілі ақын Жұбан Молдағалиевтің «мың өліп, мың тірілген» қазақ деп отырғаны тегін емес!..
Аласапыранға толы арғы замандарды айтпағанның өзінде, кешегі 1916 жылғы көтерілістің небір сұмдығын, орыстың зорлық-зомбылығын, қалмақтың қорлығын көрген, 1930-жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылғы зұлматты, одан кейінгі 1941-1945 жылғы қу соғыстың зардабын бастан өткерген қазақ, қандай қоғам болса да, ұлттың, адамның тегі өзгермейді!
Қазір біз сонау Сақ заманынан келе жатқан көшпенді, көшпелі рухымызды жоғалтқан ұлтпыз. Рухын қайыра жаңғырту арқылы Толғанбайдың өткен дүниелерге баруы тегін емес! Бала Отан дегеніміз – жаңа, жас Қазақстан!
Қазақ өткенін ұмытып қалды дейміз! Олай емес! Ұмытқан жоқ! Ұмытпайды да! Баяғы замандардағы көшпелі, көшпенді ерлік шерулерін, тіпті Еділ (Аттила) кезіндегі оқиғалар жадымыздан өшірілген жоқ! Қанымыз, тегіміз арқылы қайыра оянып, жаңғырып, сілкініп отырады!
Асқар Алтай бала Отанды сондай тұрғыда кескіндеп отыр. Отанның өткен замандарға барып отыратын себебі сол! Бұны ашық публицистикалық тұрғыда жазуға келмейді. Оны танып, түсіну үшін білім, білік керек! Романды жіліншіктеп, әдеби тұрғыдан зерттеуге, Белинский айтқандай, талдап-таразылайтын білімді, білікті, өресі биік сыншы керек! Жазушы көтерген, айтқан астарлы ойға терең бойлаған ләзім!
Қазақ – сонау заманнан келе жатқан ел! «Шыңғыс хан – біздің бабамыз» деп публицистикалық мақалалар жарияланып жатыр. Оған бірер нақты мысал! Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде атағы шыққан, батыр, ержүрек Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты ғана алайық. Өзі жетім болған қазақ Рахымжан Қошқарбаевқа, Рейхстагқа ту тігетіндей рух, жігер, қайдан келген? Оны, Алла Тағаланың қалауымен, сонау Сақ заманынан үзілмей келе жатқан ҰЛЫ РУХ алып барған! Рахымжанның қасындағы Булатов та түркітілдес туыс – татар. Неге жүздеген миллион орыстың ішінен бір адам барып Рейхстагқа ту тікпеген? Неге?!
Қазақтың ерлігі, рухы, тегі біздің тағдырымыздан кетпейді! Қазақ рухында ұлттық код сонау Сақ заманынан бері келе жатыр! Сол рух, кешегі, 2022 жылғы Алматыда болған қаңтар қырғынында Тәуелсіз Қазақстанның көк Туын алаңда көтерген жалғыз қазақ жігітінің ерлігінен көрініс тапты! Әлгі жігіттің еш қорықпай алаңға жападан-жалғыз шығуы, сонау Сақ заманынынан үзілмей келе жатқан қазақтың ерлік рухы!
А.Алтайдың Сақ, Ғұн заманына бару себебі – содан!
Қазір жан-жақтан анталаған дұшпандарымыз, бізді білдірмей ғана «былғары табыттың» ішіне салып отыр. Тегіс қоршаудамыз. Өршіл қазақ рухы «былғары табыттан» шыға алмай аласұрып жүр. Біз жатжады бойынша, өзгенің таңған тарихымен, жолымен, нұсқауымен келе жатырмыз! Неге біз орысшылмыз? Неге біз орыс тілінде сөйлейміз? Неге біз өзіміздің рухымыздан айырылып қалдық? Бүгежекпіз! Әлсізбіз! Қорқақпыз! Қытайдағы қазақтар да қытай тілінде сөйлейді.
Мақау бала Отанның бір сәтте ұшуы миф-аңыз болғанымен, ар жағында шындық бар. Бала Отан өз қиялында ұшады! Ол оның қиялы! Асқаралы арманы! Мылқау бала айтарын айта алмайды, сол үшін қиялында ұшады. Әдебиетте ондай форма бар. Бұл – көркем әдебиеттегі шарттылық.
Бір түстің жалғасын екінші біреудің (негізінен туыстар арасында болады) көруі шынайы өмірде болуы мүмкін. Баланың түсін әкесі жалғастырады, әкесінің түсін баласы жалғастырады. Бұл – Жаратушыға ғана аян, тылсым дүние. Жазушы Дулат Исабековтің «Дермене» повесінде жалғас түс көру, бала мен немере арасында бар. «Былғары табытта» әке баланың анасы туралы көрген түсін жалғастырып отыр.
Ауылда талантты, текті азамат көп. Әнші Ғазизді алайық. Дулаттың ағасы сияқты. Оларға бірақ жол жоқ.
Өтірік академиктер, өтірік ғалымдар... Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ғылым кандидаттары мен докторларын қолдан қорғатты. Атақ-даңқты жақсы көретін кейбір дилетант ғалымсымақтар әлі де бар. Бұл масқара! Бұлай жалғаса берсе не болмақ?!.
Мағдан – білімді, білікті, мықты профессор. Оны Аршын сияқты арсыз, ұятсыз әйел пайдаланып жүр. Жас келіншектің арманы – доктор болу... Мағдан – нәпсінің құлы. Сұлу, жас келіншекке үйленіп, сонымен тұрғанға мәз. Былайша айтқанда, «тұлыпқа мөңіреген сиыр». Аршынның қызығын өзгелер көруде. Аршын өзіне ұнаған еркектермен ойнап-күлуге бейіл. Оған әнші Ғазиз екеуі арасындағы, қайық үстіндегі әрекеті, егерь Темір мен полицай Парыз арасындағы «махаббат ойындары» мысал...
Әсілі Мағдан Жұрағатұлы жаман адам емес. Кісілігі мол, жүрегі таза, ақкөңіл болғасын ба, сұлу Аршынның қулығына дәйім сеніп қалады...
Ақылды адамның жолға аттанарда берген батасы қандай!
«... – Аға, – деп Сұңғат әңгімеге килікті. – Аттанайық! Қалған әңгіме жолда. Ұшақ дайын. Бата, аға!
Айнала алақандары жайысты.
– Атақоныс Алтай аман, жұрт тыныш болсын! Қасындағы Қытай жерімізге көз аласартпасын, жаға жыртыспасын! Беймәлім «Былғары табыт» ашылсын, ішінен інжу-маржан шашылсын! Марқа сұлуға сұқ көз сұқтанбасын, Аршын жарға серілер оқтанбасын! Әмин!..» (24-бет).
Ақыры былғары табыт басында, бассүйектер сақталған сайда ғаламат археологиялық қазба жұмыстары басталып кетті. Ауданнан келген имам Құран оқыды. Қаптаған адам, тізілген техника не қойсын? Қабір қазылып жатқан кезде кенеттен ала-шарбы, қою, қап-қара бұлттар пайда болды да, ағыл-тегіл жаңбыр құйды келіп. Жер сілкініп, дамбы жарылып, алапат апат келді!.. Кенересінен асқан тасқын жолдағыларды жапа-тармағай ағызып, селдің астында қалды айнала-төңірек. Профессор Мағдан Жұрағатұлы комаға түсті...
«...Сұңғат інісі Дулатпен сөйлесіп тұр еді.
– Ғазиз осында... Иә! Аршын келген жоқ. Полицай Парыз да жоғалған ба? Мүмкін емес. «Тәж жоғалған!..» Қалайша? Жер сілкінісінен шошынған шығар. Содан бір жерді паналап қалмап па? Ауылды қараңдар! «Елдің есі шығып жатыр» ...Иә, сабыр сақтаңдар!..» (222-бет)
«...Егер сендерге әлдеқандай тауқымет түссе, бәрі өздерің жасаған күнәләріңнің сазайы...» – дейді қасиетті Құран-Кәрімнің «Шура» сүресінің 30-аятында.
Бұл – Алланың жазасы!
Археологиялық экспедицияның жоспарлаған, қазба жұмысы болса да, сонау заманнан бері тыныш жатқан аруақтардың қабірін күңірентіп, астан-кестенін шығару атаққұмар адамдардан өзге кімге керек? Неге керек?!
Кейіннен, сел жаңбыр басылған кезде Аршын сұлу табылды. Полицай Парыз «Жип» машинасымен құлап жан тапсырыпты.
Мына ғажапқа қараңыз! Тасқын кезінде бала Отанның тілі шығып, сөйлеп қоя берді. Ол Ғазиздің баласы болып шықты. Сол елгезек бала құзар шыңның басына шығып, алтын тәжді алып келгенше әкесі Ғазиз Аллаға жалбарынып, ұлының аман-есен оралуын тілеп тұрды...
Инсульт алып, қол арбада отырса да, қолына тиген алтын тәжді ұстаған Мағдан Жұрағатұлы ұшаққа отырып, Астанаға жол тартты.
«...Көндей құрысқан құла қоғам да қалпына келер...
Сеңдей сірескен жат ой да, жат сөз де жадтан өшер...
........................................................................
Қоңыр пілдей зор бітіміне де рух толар бұл елдің!..
Қара тастай құр қаңқасына да шыр бітер бұл елдің!..
Кісі ұлы адаспас!..» – деп аяқталады роман.
Жақсы сөз – жарым ырыс!..
Айтар ойы тереңде жатқан, оқиғалары қат-қабат, қадау-қадау, кең тынысты «Былғары табыт» романын бір мақалада түпкіштеп, жіліншіктеп саралап-талдау мүмкін емес.
Ең бастысы – қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған, сүбелі роман келді!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Былғары табыт» атты романы ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық деп бағалаймыз.
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,
жазушы, халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты