Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, тыйымның аяқасты болуына оны бұзғаны үшін салынатын айыппұлдың тым аздығы себеп. Бұған қоса, айыппұл бизнес нысанына емес, шегушіге салынады. Сондықтан Үкімет вейптердің ізімен, енді кальяндарды әкелуге және сатуға толық тыйым салу мәселесін қарастырмақ.
Тыйым бар, тосқауыл жоқ
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын тұтынғаны үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК немесе 2024 жылы 55,4 мың теңге айыппұл салынады.
Бұл құқықбұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, айыппұл 20 АЕК-ке немесе 73,8 мың теңгеге дейін өседі. Алайда шағын және орта кәсіпкерлікті жиі тексеруге рұқсат етілмейтіндіктен, бір жылда екі рет ұсталған қорқоршылар жоқтың қасы.
Кальянның орташа құны 3-4 мың теңге, одан да қымбаты табылады. Демек, мұндай пайдасыз өнімге сонша ақшасын шығындаудан «тайсалмайтын» адамға 15 АЕК айыппұл төлей салу еш қиын болмаса керек.
Бұл ретте Әкімшілік кодекске сәйкес, тек қорқор тартушылар ғана жазаланатындықтан, мейрамханалар, дәмханалар, түнгі клубтар, shisha bar және басқасы өздерінде қорқор шегу мүмкіндігін ұсынатынын ашық жарнамалайды. Мысалы, 2GIS қазақстандық әрбір қалада «Кальян ұсынатын мейрамханаларды» және басқа орындарды картадан ашықтан-ашық көрсетіп береді.
Сондықтан биылғы наурызда Денсаулық сақтау министрлігі қорқор ұсынатын қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне де айыппұл салу бастамасын көтерді.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 110-бабына сәйкес, келесі орындарда: үйлердің кіреберістерінде, сондай-ақ білім беру ұйымдарында, балалар лагерьлерінде, медициналық ұйымдарда, қоғамдық тамақтандыру орындарында, кинотеатрларда, мәдениет нысандарында, спорт ареналарында, жаппай демалуға арналған орындарда, оның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда, мұражайларда, кітапханаларда, пойыздарда, кемелерде, ұшақтарда, әуежайларда, вокзалдарда, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда және басқасында қорқор тұтынуға тыйым салынды.
Бұл тыйым мүлтіксіз сақталуы үшін осы орындардың өзіне әкімшілік жаза қарастырылғаны жөн. Сондықтан қорқор шегуге рұқсат ететін немесе соны сататын кәсіпкерлердің жауапкершілігін заң жүзінде реттеу мәселесі де пысықталған.
– Заңнамада қоғамдық орындарда кальян тұтынуға тыйым бар. Алайда оларды барларда, мейрамханаларда еркін тұтынатынын бәріміз жақсы білеміз. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттарымен бірге, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Оған сәйкес, бір жағынан, тыйымды бұзушы жеке тұлғалар үшін айыппұл сомасын арттыру, екінші жағынан, жаңа нормалар енгізу қарастырылады. Қолданыстағы заңнама тек тұтынушыға ғана шара қолдануды реттейді. Ал өз объектісінде қорқор және темекі өнімдерінің шегілуіне жол беретін рестораторлар, кәсіпкерлер жазадан құтылып кетеді, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.
Сол себепті, сарапшының айтуынша, бизнестің де жауапкершілігін көздейтін заңнамалық түзетулер енгізілуі керек. Бірақ Парламент пен Үкімет одан да қатаң қадам жасау жайын пысықтап жатқан көрінеді.
Қатаң тыйымды пысықтауға кірісті
Қорқор-кальянды тұтынуға толық тыйым салу мәселесі Үкіметте қаралғанын Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова хабарлады.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда қорқорға арналған темекі мен қорқор қоспаларын сату мен тұтынуды реттейтін нормативтік база қалыптастырылған. Атап айтқанда, Денсаулық кодексінде қоғамдық орындарда бұл өнімдерді тұтынуға тыйым салынған.
Бұл тыйымның орындалуын қадағалайтын уәкілетті орган да бар, ол – Ішкі істер министрлігі. Ол заңнамамен тыйым салынған орындарда адамдардың қорқор тартуына жол бермеуге мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Бірақ бақылау жүргізуге бірнеше кедергі де бар: біріншіден, үш жылдық мораторий жойылғанымен, кәсіпкерлік нысандарын жиі тексеруге бәрібір рұқсат етілмейді, әрбір тексеруге прокуратураның «батасын» алу керек. Екіншіден, барлық қоғамдық орынды тексеріп жүруге полиция жетіспейді, ІІМ штаты шектеулі. Қылмыспен күрестен бас көтере алмайтын ішкі істер қызметкерлері ұсақ құқықбұзушылықтарға мойын бұра алмай жатады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бүгінде Қазақстанда күн сайын 1 млн 114,8 мыңнан астам адамды сыйғыза алатын 15 826 қоғамдық тамақтандыру орны жұмыс істейді. Олардың бәрін полицейлер аралап жүре алмайды.
Сондықтан полиция тексерістер сыртында азаматтардан келіп түскен шағымдарға да ден қояды. Соның өзінде статистика қоғамдық орындарда қорқор тартуға тыйымның жаппай бұзылатынын паш етті: 2023 жылдың қорытындысында, жоғарыда көрсетілген тыйымдарды орындамауға байланысты 18 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған! Оны бұзған қазақстандықтарға шамамен 700 миллион теңге сомасында айыппұл салынды.
Қоғамдық орындарда қорқор тартуға қатысты тыйым мүлдем орындалмайды екен, онда не істеу керек? Денсаулыққа аса зиян, елге түк қажеті жоқ, саламатты ұлттың тамырына балта шабатын бұл өнімге мүлдем тыйым салып тастаған жөн. «AMANAT» партиясының, сондай-ақ Мәжілістегі өзге де партиялар фракцияларының бір топ депутаты осындай бастама көтеріп, Үкіметке шықты.
«Қорқорды бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікте де пайдаланып жүр. Заң жүзінде тиісті тыйым бар, алайда ол орындалмайды. Кальянның құрамында не бар екені, оған не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Түрлі хошиістендіргіш, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашишті де, алкогольді ішімдіктерді де қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Ал халықтың денсаулығын нығайту және саламатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі», – дейді депутат Д.Тұрлыханов.
Парламентшілер Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздегі қолданылып жүрген қорқор қоспаларының құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуді ұсынды.
Қорқор қатерлі ісікке соқтырады
Қорқыныштысы сол, қорқорға жастар да, тіпті оқушылар да құмар. Олар ондағы хош иісті жеміс-жидек қоспаларына қызығады. Шынында, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәл осы қоспалар жоғары температурада химиялық реакция жасап, адам денесінде инсулинді арттырады, диабетке соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ өкпе тінін зақымдайтын канцерогендер мен ұшпа альдегидтердің түзілуіне қатысады.
Вице-премьер Тамара Дүйсенова Үкіметте қорқорға мүлдем тыйым салу мәселесін қарастырғанда Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеулеріне сүйенетіндерін жеткізді.
Министрліктің дерегінше, жоғары уыттылықтың салдарынан қорқор шегушілерде өкпе обырының пайда болу қаупі 2 есе артады. Қорқордың орташа дозасын шеккеннің өзінде несептегі никотин деңгейі 73 есе, котинин 4 есе, өкпе мен ұйқы безінің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін темекі нитрозаминдері 2 есе артады! Сонымен қатар бензол мен акролеиннің ыдырау өнімдерінің мөлшері күрт ұлғаяды.
–Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі Кәсіпкерлік кодекстің 82-бабының 1-тармағына сәйкес, биылғы жылы реттеушілік әсерге талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Соның нәтижелері бойынша қорқордың, кальянға арналған темекі мен қоспаларының айналымына Қазақстанда толық тыйым салуды заңнамалық түрде енгізу мәселесі қаралатын болады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, – деді Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова.
Биыл Парламент пен Үкімет вейптерді шетелден тасуға, өндіруге және сатуға толық тыйым салып, тарихи жеңіске жетті. Осылай өзге елдерге үлгі көрсетті. Енді осы табандылығын қорқорға қатысты қайталай алса, құба-құп.
Елдос Сенбай