Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен еліміздің батысына барды. Басты мақсат – Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексеру.
Құрылыс жұмыстарын жеделдету қажет
451
оқылды

Батыс Қазақстан облысында Үкімет басшысы Теректі ауданындағы Подстепное ауылында, Деркөл кентінде және Орал қаласындағы «Жұлдыз» ықшамауданында болды, мұнда жалпы саны 400-ге жуық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Тексеру барысында алдағы суық мезгілді ескере отырып, жұмыс қарқыны мен тұрғын үй инфрақұрылымының қоныстануға дайындығын қамтамасыз ету мерзім­дері бағаланды. 

Теректі ауданы Подстепное ауылында 3 бөлмелі 106 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс биылғы мамыр айында басталған болатын. Бүгінде іргетасын құю жұмысы толығымен аяқталды, 43 үйдің қабырғасы тұрғызылып жатыр,  62 үйдің шатыры жабылуда. Нысандарға 8 мердігер ұйым, шамамен 330 адам және 56 техника жұмылдырылған. Тамыз айының ортасында пайдалануға беру көз­делген.

Деркөл кентінде 103 тұрғын үй жаңа учаскелерде салынып жатыр. Қазір іргетас құю жұмыстары то­лы­ғымен аяқталды, 24 нысанда ішкі әрлеу жүр­гізіліп жатыр. Оған 5 мердігер ұйым жұмылдырылды. Жұмыс биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған. 

Орал қаласының «Жұлдыз» ықшамауданында 191 нысан жаңа жерде салынып жатыр. Тұрғын үй­лерді уақытылы тапсыру үшін 17 мердігер ме­кеме жұмысқа тартылды. Бүгінде барлық үйдің іргетасы құйылған, 178 үйдің қабырғасы қалануда, 49 нысанның шатыры жабылып жатыр.

Премьер-Министр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жаңа баспанамен уақытылы қамтамасыз ету үшін жұмыс барысын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.

«Өңір қажетті қарқын алуы керек. Сапалы, қауіпсіз және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті – Үкіметтің негізгі басымдығы. Барлық құрылыс нысандарында бақылауды күшейту қажет. Облыста баспаналарын күтіп, уақытша жерлерде тұрып жатқан отбасы қатары көп. Құрылыс жұ­мыс­тарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық жұмыс кес­тесіне көшу қажет. Толық жұмылдыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар инженерлік желілерді, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берілді. Салынып жатқан аудандарда ілеспе инфрақұрылым мен абаттандыруды алдын ала қарастыру қажет. Жаңа тұрғын аудандардың жанында 1 500 орынға арналған «Жайлы мектептердің» құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар биылғы күзде аяқталады.

Бұдан соң Премьер-Министр Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан зардап шеккен, шалғайда орналасқан Қаратөбе ауданы Қоржын ауылына барды. Мұнда қираған үйлердің орнына бір пәтерлі 90 тұрғын үй салынып жатыр. Іргетас құрылысы бойынша жұмыс толығымен аяқталған. Бүгінде 34 үйдің қабырғасы тұрғызылып, 56 үйдің төбесі жабылып жатыр. Нысандардың жалпы дайындығы 50%-ға жетеді.

Бұған дейін Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша учаскеде жұмыс істейтіндердің саны 30%-ға артқан болатын. Қазіргі уақытта нысандарда 288 адам жұмыс істейді. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде.

Жобаға сәйкес үйлерде қалыңдығы 400 мм таспалы іргетас қарастырылған, іргетастың түбінен биіктігі 1500 мм болады. Қабырғаларды тұрғызуға қапталған силикатты қызыл кірпіш, керамзитті блок, минералмақта плитасы қолданылуда. Сондай-ақ жобада инженерлік желілерді жүргізу көзделген.

Әлеуметтік инфрақұрылымға келсек, ауылда қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 400 орынға арналған мектеп бар. Сонымен қатар жаңа үйлердің болашақ тұрғындары үшін балалар алаңы салынады.

«Жұмыста кемшіліктер болмауы керек. Мемле­кет басшысы үйлердің тиісті сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Тұрғын үйлерді барлық инженерлік желіге бірден қосу қажет. Бұл ретте жол инфра­құрылымы мен әлеуметтік нысандарды тезірек қалпына келтіруді қамтамасыз ету маңызды. Ауру­ханалар, мектептер мен балабақшалар сапа мен тех­никалық жарақтандырудың заманауи талап­тарын ескере отырып салынуы керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақтөбе облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен Темір және Ойыл аудандарының тұрғын­дары үшін салынып жатқан жаңа үйлер құры­лысының қарқынымен танысты. 

Ойыл ауданы Қаратал ауылында салынып жатқан үйлердің бұған дейін жоспардан 15-25 күнге кешігуі туралы мәселе көтерілген болатын. Елді мекенде су тасқыны салдарынан 210 ғимарат зақымданған, оларды тексеру жұмыстары толығы­мен аяқталды. Ауыл тұрғындары үшін қайталама нарықтан 60 үй сатып алынды. Жөндеуге жататын 18 нысан бойынша тиісті төлемдер жүргізілді. Ауылда тұруға жарамсыз деп танылған үйлердің орнына 132 тұрғын үй салынып жатыр.

Премьер-Министр мердігер компаниялардың арнайы техникамен және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілу жағдайымен танысты. Қазір 132 үйдің барлығының іргетасы құйылып, 120 үйде қабырға қалау жұмыстары аяқталды, 65 үйдің шатыры жабылды, ал 30 үйдің ішкі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олжас Бектенов құрылыс алаңдарына қосымша күш пен арнайы техника тартуды тапсырды. 

Премьер-Министр Темір ауданы Құмсай ауылындағы құрылыс барысын тексерді. Су тас­қыны салдарынан мұнда 46 тұрғын үй зақымданды. Ауыл тұрғындары арнайы сатып алынған 18 үйге қоныстанды, 7 үй жөндеуден өтті. 21 жаңа үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, қазір қабырға қалау жұмыстары толығымен аяқталды. 19 жаңа ғимараттың төбесі жабылса, оның алтысында ішкі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

 «Инфрақұрылым мен тұрғын үйлер су тасқы­нынан қатты зардап шекті. Президент жолдар мен әлеуметтік нысандарды реконструкциялауды, үйлерді қалпына келтіруді және жаңадан салуды тапсырды. Барлық тапсырма қысқа мерзімде орындалуға тиіс. Бұл үшін әкімдіктерге Үкімет пен салалық министрліктерден толық қолдау көр­сетіледі», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы облыс аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне жеке тоқталды. Мәселен, 206 құрылымның 15-і қираған. Су тасқынының салдарын жою үшін қазір қажетті жұмыстар жүргізілуде. Гидроқұрылыстар бойынша барлық процесті жеделдету, сондай-ақ 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақса­тында қауіптің алдын алу туралы тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар өңірде 58 көлік инфра­құрылы­мын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұзылған жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін Үкімет резервінен 10,2 млрд теңге, облыстық ре­зерв­тен 6,4 млрд теңге бөлінді. Қазір сараптама нәтижелері күтілуде.