Ақтөбе полицейлері 13 велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады. Қос дөңгелекті көлікті ұрлау фактісі бойынша полицияға облыс орталығының тұрғыны жүгінді.
Арызданушының айтуынша, ол велосипедті жұмыс орнына кеңсе алдына қойған. Жұмыстан шыққан кезде велосипеді жоғалып кеткенін байқаған.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде күдікті ретінде 29 жастағы азаматты анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Сондай-ақ ұсталған адамның бұдан басқа тағы 12 велосипед ұрлығына қатысы бар болып шықты. Күдікті бейтаныс адамдарға ұрланған велосипедтердің өзінікі екенін айтып, оны ломбардтан өзінің телефонын сатып алу үшін сатып жатқанын айтқан.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті азаматтарға ұрланған заттарды сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.