Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасы бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 22 адамнан тұратын "Хизб-ут-Тахрир" радикал-экстремистік ұйымын анықтады.
Прокуратураның мәліметінше, олар биыл "Рамазан" айында "ауызашар" өткіземіз деген желеумен радикалды экстремистік ұйымның жергілікті жақтастарының санын көбейту және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін діни жиындар өткізген.
“Тінту барысында Қазақстанда тыйым салынған 7 діни кітап, діни мазмұндағы 10-нан астам қолжазба және мәтіндік парақшалар, 6 ұялы телефон мен 4 ноутбук тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 256-бабы 1-бөлігі (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату) және 259-бабы 1-бөлігіне (Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру) сәйкес тергеп-тексеру амалдары басталды”, – делінген хабарламада.
Прокуратура 201-бабының талаптарына сәйкес басқа ақпарат жариялануға жатпайтынын хабарлады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.