26 шілде мен 2 тамызда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында дарынды қазақстандық әртістердің жаңа буын өкілдері – жетекші отандық және шетелдік шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері өнер көрсетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олардың шеберліктері мен кәсіби біліктіліктері беделді халықаралық байқауларда бірнеше мәрте жүлделі орындармен атап өтілген.
Сонымен, 26 шілдедегі кештің вокалдық бөлігінде сопрано дауысты жарқын қос әншінің өнері таныстырылады. Атап айтсақ, олар – Италияның Пезаро қаласында Джоаккино Россини атындағы консерваторияда білім алып жатқан Айым Асқар мен Н.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербор мемлекеттік консерваториясының студенті Марта Набатова.
Әртістер В.А.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсынан Сюзаннаның ариясы, Дж.Пуччинидің «Богема» операсынан Мимидің ариясы, Ц.Кюидің «Сарацин» операсынан Аньесаның ариясы, Э.Вилла-Лобостың «Сезімтал әуен» сынды әлемдік классика жауһарларын орындайды. Көпшілік ұнататын ұлттық туындылар М.Төлебаевтың «Бақыт вальсi» мен О.Сүлейменовтің өлеңіне жазылған Ғ.Жұбанованың «Из травы я взлетела...» романсы шырқалады.
Көптеген вокал байқауының, оның ішінде «Қазақстан жастарының 100 жаңа есімі» республикалық байқауының лауреаты Марта Набатова үшін бұл К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» топтамасы аясындағы екінші өнер көрсетуі болмақ. Танымал жоба – Отанға жиі келе бермейтін әнші үшін туған жерде өнерін паш етуге, профессорлармен бірге атқарған тыңғылықты жұмысын көпшілікке таныстыруға мүмкіндік.
– Әлбетте, қазақстандық көпшіліктің алдына шығатыныма ерекше толқып тұрмын. Көрермендер барлық жерде әртүрлі, әрбір өнер көрсету алдында қобалжисың, өз уайымдарыңды жеңуге тырысасың, театрдағы өнер көрсету алдында да сондай сезімдемін. Көрермендерге туындылар арқылы өзімнің барлық сезімдерім мен эмоцияларымды жеткізгім келеді. Егер тыңдармандардың жүрек қылын қозғай алсам, бұның өзі мен үшін жеңіс болар еді, – деді әртіс.
Вокалистермен бірге сахнаға дарынды аспапшылар да шығатынын атап өтуіміз қажет. Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясынан флейташы Камиля Исмагулова, саксофоншы Ажар Раимхан мен пианист Айша Раимхан, Санкт-Петербор консерваториясынан – пианист Мария Шавтельская, ал П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясынан – тромбоншы Нұрғалым Серікжан және осы консерватория жанындағы Академиялық музыкалық училищеден скрипкашы Аделя Дүйсенбай келді.
Бұл кеште шебер ансамбльдік орындаушылық өнерді тыңдармандарға скрипкашы Диана Аблаева (Н.Г.Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясы), виолончельші Илхам Аимбетов (Мәскеу консерваториясы) және пианист Жанна Здорнова (Қазақ ұлттық өнер университеті) сынды аспапшылардан құралған фортепианолық трио ұсынады.
Жас әртістер туған жерде өнер көрсету үшін дайындаған мазмұнды әрі сан алуан бағдарламаға аспаптық жанрдың танымал классикалық шығармалары енді. Оның ішінде С.Рахманиновтың Фортепианоға арналған «Музыкалық сәттері», ор. 16 №1, 2, 6 және Фортепиано, скрипка және виолончельге арналған №2 элегиялық трио, ре минор, op. 9, 1-бөлім, С.Прокофьевтің Фортепианоға арналған №3 сонатасы, ля минор, ор.28 және А.Вайненнің Рапсодия, 2 және 3-бөлімдері бар.
«Астана Операдағы» музыкалық демалыс» екінші концерті аясында 2 тамызда келешегінен үлкен үміт күттіретін аспапшылар – АҚШ-тағы Carnegie Mellon University-ден перкуссионист Айдар Фазылов, Мәскеу консерваториясынан скрипкашы Диана Мақажан мен пианист Батырхан Сүлеймен, В.Янковский атындағы Новосібір арнайы музыкалық мектебінен фаготшы Абылай Жұмаке, Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының музыкалық училищесінен пианист Радия Оразалинова мен флейташы Афина Мавиди классиканы ұнататын жандарды өз өнер көрсетулерімен қуантады. Фортепиано партиясында – Меруерт Жекенова, Ляззат Кенжина.
Бұл кеште С.Прокофьевтің Фортепианоға арналған №3 сонатасы, ля минор, ор.28, Ф.Листтің Паганини бойынша көлемді этюдтары (№3 «Кампанелла», S.141), И.К.Фогельдің Фаготқа арналған концерті, до мажор, 1-бөлім, Л.Ганның Анданте және скерцосы, И.Брамстың №2 интермеццосы, ор. 118., Н.Капустиннің Концерттік этюдтары, ор. 40 (№6 «Пастораль»), М.Вайнбергтің Скрипка мен фортепианоға арналған молдаван әуендеріне рапсодиясы, op. 47/1, А.Пьяццолланың «Танго тарихы» сюитасы (№3 «Түнгі клуб 1960»), К.Дебюссидің Арабескі, Э.Сежурнның «Лоза» сынды туындылары шырқалады.
«Астана Операдағы» музыкалық демалыс» қазақстандық жас орындаушыларды қолдауға бағытталған маңызды жоба. Жас өнерпаздарға қолдау көрсету театр қызметінің маңызды құраушы бөлігі болып табылады. Мұндай бастамалар келешегі зор әртістерді ілгерілетуге ықпал етеді. Осылайша өнер жолын енді бастап келе жатқан дарындар көпшілікті өз шығармашылығымен қуантып қана қоймайды, сонымен қатар отандастарымен кездесуден өздері де шабыт алып, қуанышқа бөленеді. Өйткені қарқынды оқу жылынан кейін әр жаз сайын бұл жастар үйлеріне туған қазақстандық көрермендерді көруге және оларға өз жетістіктерін көрсетуге деген асқан құлшыныспен келеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.