«Әлемді асыраушы – аграрлық сала» деп жатамыз. Шынымен де солай. Бірақ уақыт озып, заман өз­герген сайын бұл салаға да жаңа­шылдық пен тың серпін қажет бо­лып отыратыны тағы бар. Осы рет­­те саланы ғылыми бағытқа бұ­р­­ып, жаңа технологияны жаппай енгізетін уақыт жетті дейді сала ғалымдары. Ел Үкіметі де аграрлық саланың оң бағытта ғылыми даму­ын қолдап, сан алуан бастамаларға қаржы құйып келеді.
Аграрлық ғылым алға басуда
738
оқылды

Қазақта «Не ексең, соны орасың» дейтін қанатты сөз бар. Әрине, бұл сөздің астарын ақтара отырып, ешқашан көнермейтініне көзің жетеді. Шынымен де, бүгінде аграрлық сала өте күрделі әрі ерекше дәлдікті қажет ететін ғылымға айналып барады. Сәл қиыс кетсең болды, салған тұқымың адамға азық болудан қалады. Тіпті, тіршілік етушілерге түгел кесірі тиіп кетуі де ғажап емес. Сондықтан әлем ғалымдары аграрлық секторға түбегейлі ғылым мен инновация қажет екенін айтып отыр. Бұл бағытта ғалымдар Президент бастамасын қолдап, талай тың әрі серпінді жобаларға жұмылып жатыр. Оң нәтиже де жоқ емес.

Ғылымсыз сала құрдымға кетеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында да агроғылымды дамыту жөнінде бірқатар тапсырма беріп, жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды тапсырып келеді. Бір қуанатыны, талай тоқырап қалған істің бойына қан жүгірген.  Мемлекет басшысы көптің көкейінде жүрген ауыл шаруашылығы саласы ғылымның көмегінсіз дами алмайтынын былтырғы жылғы Жолдауында  нақты мысалдармен көрсетіп берді.

«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Рас, бүгінде салаға жаңа технологияларды тиісінше енгізе отырып мамандардың біліктілігін арттырған абзал. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелдің танымал агроғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнатуды қолға алған. 

Ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде техниканың алатын орны ерекше. Егін де, мал шаруашылығы да техника күшімен атқарылады. Президент машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын қатты сынаған болатын. Бұл тақырып осы кезге дейін ашық қозғалып, еш жерде талқыланбай келген  болатын. Өз Жолдауында Мемлекет басшысы мәселені тікесінен қойып, оны нақты шешу жолдарын айқындаған. Айталық, 2024 жылы қазынадан саланы дамытуға 580 млрд теңге бөлінген. Бұл сома өткен жылдармен салыстырғанда 400 млрд теңгеге көп. Сала министрі Айдарбек Сапаров бұл ақпаратты Ақмола облысында өткен ауыл шар­уашылығы көрмесі кезінде мәлімдеді. Қазынадан шығарылған қыруар қаржының басым бөлігі кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие түрінде берілетін көрінеді. Одан қалғаны түгел дерлік ғылыми бағытты дамытуға жұмсалмақ.  Осылайша, саланы алдағы 5 жылда екі есе дамытамыз деді министр.   Қазіргі таңда малды асылдандыру бағытында біршама тың серпіліс байқалып отыр. Әсіресе, ірі қара мен жылқы түлігін асылдандырып, ғылыми қолдау көргісі келетіндердің елімізде саны артқан. Мысалы, былтыр елімізде асылтұқымды мал өсіруге деп Ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша 30 млрд теңге бөлген. Қатарда Абай, Жетісу, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары енгізілген. 

 

Ғалым мен шаруа тізе қосып іске кіріссе игі

Ауыл шаруашылығын түлету үшін ұрандаған жиналыстар мен сөзі көп отырыстардың қажеті шамалы. Оның орнына нақты іс қажет. Саланы ғылыми тұрғыдан дамыту үшін  әр өңірден бір-бір ғылыми-зерттеу университеттері мен институттардың филиалдарын ашып, жергілікті шаруалар мен ғылыми қызметкерлердің тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу маңызды. Сонда салада ілгерілеу болмақ. Бұл туралы  Президент жанындағы Ұлттық ғылыми академиясы президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев айтып отыр.  

«Ауыл шаруашылығына біз ғылымды жүйелі түрде енгізуіміз қажет.  Біздегі кей­бір өңірлерде су үнемдеу тетігі жоқ екен. Кеңес дәуірінде бетонды арықтар қолданыста болды. Артық тамшы далаға кетпейтін. Тәуелсіздікке қол жеткіздік деп атойлап жүргенде сол тас арықтарды қиратып, су үнемдеуге негізделген жүйенің көзін құрттық. Қазір суармалы егістіктегі арық желілерінде судың 50 пайызы далаға кетеді. Нәтижесінде, су төңірегінде алаңдаушылық басым. Екінші, сапалы тұқым жоқ. Тұқымды жоқ дей алмаймыз, бар. Бірақ ғылыми институттар, ондағы ғалымдар даярлаған тұқымдар кең қолданысқа енбей қалып жатады. Өзіміздің ғалымдар жасап шыққан жаңа әрі өнімді дақылдарды жаппай өсіруді қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Үшіншісі – сапалы тыңайтқыштың болмауы. Қанша жылдан бері тыңайтқыштың бірер түріне иек артып алғанбыз, оның өзі сырттан келеді. Біз өз ғалымдарымыз жасап шыққан тыңайтқышты пайдалануымыз қажет. Ғалымдарымызды қолдауымыз керек», –  дейді Ақылбек Күрішбаев. 

Тұқым саласы бойынша еңбек етіп жатқан жас ғалым,  Селекциялық жұмыстар зертханасының меңгерушісі Елжас Қайыржанов ғалымдардың әлеуеті зор екенін айтады. Оның сөзінше, жұмысқа білікті ғалымдардың бірнеше тобы арала­сады. Қандай да бір сортты толыққанды қалыпқа келтіру үшін кем дегенде 12-15 жыл уақыт қажет болады екен. Ал мұндай дәлелдемесіз кез келген сорттық тарихнамасына қарап-ақ бағамдауға болады. Айталық, сала бойынша еңбек етіп жүрген ғалымның тұжырымдамасына халық­аралық деңгейде 35 жылға арналған патент беріледі. Міне, бұл құжат қолына тиген ғалымның 35 жыл бойына ғылыми жетіс­тігі өзекті болады деген сөз. Сондықтан, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың жұмысын жоғары бағалап, оны мемлекеттік тұрғыдан қолдау аса маңызды. Айта кету керек, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында Елжас Қайыржановтың бас болуымен жаздық жұмсақ бидайдың «Таймас» атты жаңа сорты шығарылып бүгінде жаппай қолданысқа берілуде. Селекциялық жұмыстар Шортанды ауданының Научный ауылында жүргізілген.  

Қазір әлемде ең үлкен әрі маңызы жа­ғына күрделі ғылыми жиындар мен көрмелер осы ауыл шаруашылығы саласы бойынша өткізілуде. Оған дәлел рет­інде жуырда ғана Ақмола облсының аумағында өткен  «JańaDala / Green Day-2024» халықаралық көрмесін айтсақ болады. Көрмеге Қазақстанның және алыс-жақын шетелдің 200-ден астам компаниясының өкілдері жиналды. Сондай-ақ 5 мыңнан аса агроөнеркәсіп саласының мамандары мен ғалымдары да келген. Шараға қарапайым шаруалар мен диқандар да қатыс­ты. Бір сөзбен айтқанда, еркін пікір алмасу алаңы ұйымдастырылған. Іс-шара аясында 500-ден астам түрлі ауыл шаруа­шылығы техникасының жаңа түрлері та­ныстырылды. Міне, ғылым мен өндірістің кірігуі, бірігуі осындай келелі істе жүйелен­бек. Дала жағдайындағы көрменің кабинеттегі жиыннан айырмасы сол, ғалым мен маман түгел тоқайласып, пікірлесе ала­ды. Ал мұндай ауқымды іске мемлекет зо­р қолдау көрсетіп отырғанын ескерген абзал. 

Жер емген шаруа еңбегі жанып, табан ет, маңдай терімен еккен егіні бітік шығуы үшін ғылыми жаңалықтарға құлақ түргені асыл.  Қазір әр адам еткен еңбегінің өте­уі қалай боларын алдымен есептейтіні сөз­сіз. Сондықтан ғалымдардың зертхана­ларда көз майын тауысып, жылдар бойғы ізденісінің арқасында жеткен жетістіктерін шаруаларға ұсынуы, ауыл шаруашылығына тың серпін берері анық. Ауыл еңбеккерлеріне сол өңірдің топырағына жерсін­дірілген, ауа райына бейімделген, мол өн­ім беретін тұқымдықтарын күмәнсіз сатып алуы қажет. Тұқымды егіп, оны су­­­ғару, баптау, жерді қопсытып, тыңайт­қыштарды дәл мезгілінде сеуіп отыру тә­жірибесі ғылыми жолмен анықталып, шаруашылықтарда сыналғаннан кейін ғана өндіріске жіберіледі. Сол өңірдің топырағына, жер қыртысына, суғару тех­нологиясы мен жауын-шашын мөлше­ріне есептеліп жасалынған сорттардың өнімділігі әлдеқайда жоғары болатынын ғалымдар үнемі насихаттап келеді. Ал осындай қыруар еңбекпен келген ғылыми жетістіктерді өндіріске еңгізіп, оның барлық тәртібін сақтай отырып жасауды, маман кеңесінсіз жасау мүмкін емес. 

Серпінді жұмыс оң өзгеріске бастайды

Мемлекет басшысы да нақты талаптарды қойып, ауыл шаруашылығы саласына оң өзгеріс жасау керегін үнемі айтып келеді. Әрине, ғылыми әлеуетке де молынан көңіл бөлініп жатқаны турасында жоғарыда айттық. Ғалымдар да білек сыбанып іске кірісуде. Одан бөлек, өңірлердегі ғылыми зерттеу институттарына ерекше мән беріліп Сала бойынша маман даярлап жатқан ЖОО-ларға да назар аударылуда. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алғысы келетін жастарға бар жағдай жасалып, оқуға түсудің шекті балы да едәуір төмендетілген. Ал ғы­лым­мен айналысамын дегендерге жол ашық. Ғылыммен айналысу демекші, осы көктемде Солтүстік Қазақстанда 8 мың бас қара малға шақталған Орталық Азия­дағы ең үлкен сүт кешенінің құрылысы басталған болатын. Жаңадан  салынып жатқан нысанның құны 9 млрд теңгені құрап отыр. Жоспар бойынша нысан 2025 жылдың қараша айында пайдалануға берілмек. Кешен толық қолданысқа бер­ілген шақта ғылыми әлеуеті жоғары соны технологияларды барынша шоғырландырған ерекше нысан болары сөзсіз. Осы тұста біз кез келген шаруа қожалықтары өзінің жұмысына ғылыми негіз беріп, ға­л­ымдардың кеңесіне молынан құлақ түргені абзал деп айтқымыз келеді. «Ауыл шаруашылығына ғылым келмесе, ғылыми қолдау болмаса, ол ешқашан өрге озбайды», – дейді ауыл шаруашылығы саласының абызы, ғалым Мехлис Сүлейменов.

Рас. Ғалым дамып, инновациялардың техникалық-технологиялық және өндірістік модель мен бағдарлау бүгінде кең тарала бастады. Бір қуанатыны, біздің елдегі шаруашылықтардың басым көпшілігі жаңа­шылдыққа бейім. Цифрландыру және өндіріс технологиясының жаңа эл­ем­енттері өсімдік, мал шаруашылығында, өнімді қайта өңдеу және тағы басқа бағыттарда кеңінен қолданылуда. Қазақстанда ауыл шаруашылығын автоматтандыру мен цифрлық жүйеге көшудің ерекше моделі қалыптаса бастады десек, артық айтпаймыз. Мысалы, АӨК-де ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйін және пайдаланылуын бақылау үшін пилотсыз ұшу аппараттары ерекше сұранысқа ие. Бұл аппараттар еліміздің көптеген ауданында, әсіресе солтүстік өңірде, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің карталарын уақытылы жасауға және NDVI вегетациялық индексін талдауға, егістіктердің арам шөбіне мониторинг жүргізуге, топырақтың біртектілігіне және аурулардың дамуын алдын алатын талдау жүргізуге, егістікке бақылау жасауға және картаға түсіруде оң нәтиже көрсетіп отыр. Одан бөлек, етті мал шаруашылығында жайылымдарды және қоршауларды чиптеу кеңінен қолданылуда. Бүгінде «электронды бақташы» жүйесі сәтті жүргізіліп жатыр деуге болады. Сонымен қатар қыста жылытылатын автоматты астаулар, электронды тара­зылар және т. б. жүйелерді енгізген шар­уашылықтардың жетістігі мол. 

Тізе берсең, мұндай мүмкіндікті пайдалана бастағандар ғылыми үрдіске ерте ергендердің қатары күн санап өскен. Қуанатынымыз, бізде жаңашылдықты игеру өзге елдермен салыстырғанда едәуір қарқынды жүргізілуде. Енді осы жетістікті тек дұрыс мақсатта пайдаланып, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі қарыштату заман талабы екенін жіті түсіну болмақ. Мемлекет басшысы мен ел Үкіметінің де алға қойып отырған мақсаты сол.

Берік БЕК