Әлемде туризм саласы ерекше қарқынмен дамып келе жатыр. Әсіресе, экологиялық туризм аталмыш индустрияның ең қарқынды секторы болып отыр. Экотуризм дүниежүзілік саяхаттың 25%-ына тиесілі болса, оның үлес салмағы жыл сайын 20%-ға артып келеді.
Экотуризм – ел игілігі
730
оқылды

Таза және бүлінбеген табиғи объектілері көп еліміз – экотуризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие ел. Этномәдени туризммен үйлескен қызықты табиғи ландшафттар, бірегей экологиялық соқпақтар тіпті ең талғампаз туристерді де бейжай қалдырмайтыны белгілі. 

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі  деректеріне сәйкес, елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) жалпы ауданы 26 млн гектарды құрайды екен. Бұл дегеніміз – шамамен 0,26 млн шақырым² аумақ. Мұндай үлкен көлемдегі жер алқабы экотуризмі  жақсы дамыған бірқатар елге қарағанда он есеге көп. Осындай  ерекшелігіміз бар біздің елге деген әлем халқы саяхатшыларының қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Айтар болсақ, жылына орта есеппен 1,5  млн-нан астам адам шеттен келіп біздің табиғи ортамызда демалып, көрікті жерлерді аралайды.  

Туризмді дамыту мақсатында Үкімет 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілер үшін мемлекеттік қолдаудың жеті шарасы енгізілді. Мұнда: 1. Туроператорлардың келу туризміне арналған шығындарын субсидиялау; 2. Кәмелетке толмаған жолаушылардың әуебилеттері құнын субсидиялау (Kids Go Free); 3. Тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техниканы сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу; 4. Жол бойындағы қызмет объектілерін салуға арналған шығындарды өтеу; 5. Санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГТ) күтіп-ұстауға арналған субсидия; 6. Туристік қызмет объектілерін салуға және реконструкциялауға арналған шығындардың бір бөлігін өтеу; 7. Туристік қызмет үшін автокөлік сатып алуға арналған шығындардың бір бөлігін өтеу енгізіліп отыр. Соңғы 7-бағыт бойынша айтсақ, жүргізушінің орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автокөлік құралдары құнының 25%-ы мемлекет тарапынан өтеледі. Бұл кәсіп ашып туризмді дамытамын деген жанға үлкен мүмкіндік болып тұр. 

Аталмыш шаралар елімізде туризмді дамытуды ынталандыруға, инфрақұрылымды жақсартуға, шетелдік және жергілікті туристер үшін елдің тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы осы жылдың маусым айы ортасында туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізген болатын. Онда ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін ерекше қажет сала екенін атап өтті.

– Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек, Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлттық менталитетімен, олардың мүддесімен және сұраныстарымен  санасып, өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білікті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет.  Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуетасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуебағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту абзал, – деген Мемлекет басшысы саланы қолдауға да бейжай қарамайтынын жеткізген. Одан бөлек, Президент салаға қатысты біршама тапсырма беріп, мемлекет тарапынан қолдаудың зор мүмкіндіктері болып жатқанын атап өткен. 

Жыл санап елімізге шетелдерден келетін саяхатшылар саны артуда. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы елімізге келген туристер саны күрт өсе бастаған. Былтыр  9 миллионнан астам саяхатшының қозғалыс динамикасы байқалған. Ал оның шетелдіктерге шаққандағы үлес салмағы 1,4 миллионға жуықтаған. Шыны керек, шетелдік қонақтарды Қазақстандағы тұмса табиғат ерекше қызықтырады. Мәселен, жаз басталғалы елімізге келген шетелдіктер саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есе артқан. 

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың Үкіметке берген есебінде өткен жылдың қорытындысы бойынша туристік сала пандемиядан кейін толық қалпына келіп қана қоймай, саланың негізгі көрсеткіштері бойынша тарихи ең жоғары деңгейге жеткені айтылады.  Ел ішіндегі саяхатшылар да едәуір көп.  Бұл көрсеткіш 2022 жылдан 1 млн адамға артық екен. Ал орналастыру орындары былтыр 229 (екі жүз жиырма  тоғыз) млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетіп,  2022  жылғы көрсеткіштен 1,3 есеге артқан. 

Осылайша, туризм саласынан бюджетке түсетін салық түсімдері 450 млрд теңгені құраған. Жоғарыда аталған динамика сала дамуының оң үрдістерін айғақтап отыр. 2023 жылы негізгі капиталға инвестициялар бойынша жоғарғы көрсеткішке жеткен. 

Экотуризмге сұраныстың артуын ескерген министрлік еліміздегі  ұлттық саябақтарға барудың біршама алғышартын жасаған. Оның қатарында жол мен сервис те бар. Мысалы, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ұлттық саябақтарға 2,4  миллионнан астам адам келген.  Бүгінде Қазақстан бойынша 16 визит-орталық жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 7-еуі ұлттық парктер аумағында орналасқан. Атап айтар болсақ, Алтын-Емел, Шарын және Іле-Алатауы ұлттық парктері жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық 3 жаңа визит-орталықпен толықтырылып отырған көрінеді. 

Қазір экотуризмді дамытудың әртүрлі мәселесіне көңіл бөлініп жатыр. Экотуризмді дамыту табиғаттың аса маңызды нысандарын сақтау үшін, табиғатқа залал тигізбеу, әртүрлі туристік жолдарды, арнайы маршруттарды құру үшін аса қажет. Экотуризм – экологиялық мәдениет. Экотуризм – елімізде ең танымал бағыттардың бірі. Әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартатын сұлу табиғаты, көрікті мекендер бізде жеткілікті. Атап айтқанда, АлтынЕмел, Іле-Алатау, Қатонқарағай, Бурабай, Ақсу-Жабағылы, Көлсай, Баян ауыл, Маңғыстау жоталары және тағы басқа жерлер туристердің көзайымына айналған. Бұл орындар еліміздің ТОП алдыңғы қатардағы туристік мекендерінің қатарында. Алдағы бірнеше жылда бұл қатар едәуір толыға түспек. Сол үшін де жан-жақты жұмыстар жасалып, түрлі бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Негізінен, еліміз шын мәнінде жылына 24 млн шетелдік туристі еркін қабылдауға қауқарлы. Басты меже – осыған жету.

Бердібек ҚАБАЙ