Замана заңғарларының бірі ұлы Ғабеңнің осы бір ұлағатты, тәлімді ойлары қолына қалам ұстаған қаламгерлерге уақыт кезеңінің ауыр жүгіне жегілу, сан мың оқырман алдындағы әдебиет әлеміне деген адалдығын жан-жүрегімен сезіне білген қаламгер қауымына қарата айтқан шынайы пікірі деп қабылдаған орынды.
«Заман тағдырын толғаған...»
1,657
оқылды

 Сол мәртебелі қаламгерлер қатарына сонау 70-жылдардың орта тұсынан қосылған зейінді, сырбаз әрі бойына шынайылық пен тазалықты, тектілік пен байыптылықты жинақтаған Мәди Айымбетов шығармалары жайлы ой тербеу де қиынның қиыны. Автор жанын түсініп, ұғыну үшін де шығарманы сан мәрте оқып, әрбір ойдың астары мен қалтарысында жатқан дүниелерге сыни көзбен қарап, електеп, екшеп барып қана қолға қалам ұстайсың. Оқырман жанын жылытып, жан дүниесін кейіпкерімен бірге бірде қуантып, енді бірде қосыла егілтіп отыратын ордалы ойлардың жетегінде жүре отырып, ой соқпағында автормен бірге ере отырасың.

«Бопай ханым» романы тұтас бір дәуірдің ел басына туған ауыр да азапты, ер-азаматтардың бел шешпей, күн-түн демей, ат үстінен түспей ел мен жерді жан-жақтан анталаған жаудан қорғаған ауыр кезеңдерін көз алдыңа әкеледі. Тарихи тақырыпқа қалам тербеу, қаламгердің арыстанмен алысып, жолбарыспен жағаласқан, жан аласып жан беріскен қиян кескі шайқасын көз алдыңа әкеледі. Оған се­беп Ұлы дала тарихының сан мәрте өзгертіліп қайта жазылып, көшпелі елдің тарихи тағдыры ғана емес, тұтастай алғанда қазақ елінің от жалынға, қанды қырғынға толы өткен жолын өзгелердің уақыт тезіне салып мансұқтау болғандығы. Шын мәнінде ұлан-ғайыр Еуразияның қақ төрінде, Ұлы даланың періштедей қорғаушысы болған, сан мәрте ауыр шайқастарда жауларымен арыстанша айқасқан кешегі өткен қаралы жылдардың табы мен ізі әлі де талай шығармаларға арқау болар. Шынтуайтында шынайылық пен шындық үстемдік құрып, ел мәртебесі асқақтар. Сол бір мезетке дейінгі автор қаламынан туындаған тарихи тақырыптағы роман шағын болса да кезеңінің болмысын көз алдыңа әкеледі. Әбілқайыр хан мен жан жары Бопай ханым шығарманың өн бойында бір-бірін ақыл-қайраты, ойлы да орамды ойлары, шешімді һәм шынайы шешімдерімен толықтыра отырып, заманының биік белесіне көтерілген.

 Арпалыспен өткен ХVIII ғасыр халқымыздың ел болып, халық болып қалу не қалмау шағына айналған кезеңде қазақтың бас ханы Әбілқайыр сынды сырттанның жан-жақтан анталаған орыс пен жоңғардың тепкісі мен езгісінен қарыс сүйем жерін жауға бермей, етігімен су кешкен зарлы замандағы кесек әрі бітімді бейнесін көз алдыңа әкеледі. Қандай қиын сәтте болсын, ханның әрбір айтар сөзін «он ойланып, жүз толғанып» жеткізетін сәттерін автор қапысыз аңғартады. Бопай анамыз ұлы Нұралыға әкесі Әбілқайырдың «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды» деген ой астарына үңілсеңіз хан мойнына артылған ел аманатының ауырлығын жан жүрегіңмен ұғынасың. Сол Жайық кеше де, бүгін де, ертең де жер мен елдің қанқасы кепкен кезеңінде елге азық, құт болып отыр емес пе?! Талай боздақтар сүйем жерді жауға бермейміз деп мерт болған жоқ па? Кешегі зар замандағы аңыраған ана мен әке, боздаған жар мен баланың көз жасын кім құрғатар? Міне, осы шақта Әбілқайырдай алыптың ақылғой ақылшысына айналған жұбайы Бопай ханымның кесекті әрі кесімді пікір ойлары талай мәрте ел бүтіндігіне қорған болды емес пе? 

 Романдағы автордың хан иесі жайлы Бопай ойын суреттеген мына бір сәті «Еділ-Жайыққа дейінгі алапта елі мен жерінің тұтастығын сақтап қалуды мұрат тұтқан ханның әділетті әрекетіне наразылар өз ішінде, Арқада көз тігіп отырған ағайындар арасында да, ел шетіне келіп, орыс билігін қолына ұстап отырған жымысқы дұшпанкөздер де аз емес. Солардың қол астындағы елінің тоз-тозын шығармақты ойлаған әрекеті ханның жүрегін сыздататыны анық» деген ой толғамының өзі хан жарының ақылы толысқан, елі мен жерінің қос тұтқасын қолына ұстаған ерінің ақыл қосар кеңесшісі мен көмекшісіне айналған бейнесін де асқақтатып тұр емес пе? Жаратқан иемнің ерлі-зайыпты пендесін бір-біріне тең етіп жұптастырған көрегенділігі мен жомарттығына кейде тәнті боласың. Көркем де келісті аймаңдай жүзіне, ақылы асқан, хор қызындай Бопай ханымды көрген сәттегі ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің «Аялы, нұрлы сұлу көздеріндегі сәулелі ұшқыннан жас әйелдің боямасыз көркем бейнесін байқамау мүмкін бе? Жымиып тіл қатқан сәттерінде әдемі ғана бүлкіл қағатын аппақ тамағы, ақшыл нәзік мойны қандай керемет. Нағыз дала мадоннасы!..» деген ой толғамы да Бопай ханым бейнесін нәзік жанды, алайда ақылы асқан хан жары ретінде көрсетіп тұр. Патшайым Анна Иоанновна Джон Кэстль салған суретке барлай қарап «Далалық мадонна дейсіз бе, әлде номад сұлуы ма!? Не десеңіз де мұның өзі үнемі көшіп-қонып жүретін далалықтар да, номадтар да осы кайсактар дегенді білдірмей ме, Джон мырза?! Ал сіз мына мадонна ханымның нәзік сұлулығын да, өжет қайсарлығын да соншама дәл таныпсыз. Әрі сұлу, әрі нағыз ақылды және қайсар әйелдің бейнесінде тамаша көрсете біліпсіз! Сөз жоқ солай екенін тап басыпсыз, қадірменді суретшім!...». Демек, автор толғамында патшайымның сұлулыққа таңырқауынан дала мадоннасының бейнесіндегі отты жанар мен ішкі жан әлеміндегі лапылдаған кек пен қайсарлықты байқаған сәтіне шүбәсіз куә боласыз. Және соған кәміл сенесіз!?

 Кітаптағы аманаттағы жас сұлтан Қожахметтің құдықтан су алуға келген ноғай қыздың зарлы әуенінен кейінгі ой толғанысын автор «Еділді алса – елді алар, енді алмаған не қалар? Жайықты алса – жанды алар, жанды алған соң не қалар? Ойылды алса – ойды алар, ойлашы, сонда не қалар?» деген нәзік жүрекке қанжардай қадалатын ойлы орамдары кеше де, бүгін де сырттан да, іштен де бүтіндікке қарсы тұрар күштердің бар екендігінен сақтан дегендей ойға жетелейтіндей!? Әрине, қай заманда да бабалардың қанымен қорғалған жердің қарыс сүйемі де ұрпақ игілігіне қызмет етсе деген қаламгер тілегін, ел тілегі деп ұққан абзал болар!

Кітапта қапияда қанды қол қарақшы Барақ сұлтанның итаршыларының қолынан қаза болған Әбілқайыр ханның өліміне кінәлі сұлтанға Бопай ханым шығарған дала заңының қаталдығын жауына да тілемейтіндейсің. Алайда ел қорғаны болған ханның қазасы өзгеден емес, ел ішіндегі бақталастық пен тақ таласынан екені белгілі болғанда ханым ойлаған кесімді ойдың ойлы пендеге ой салар санқырлылығын арғы заманнан желі тартқан жалғастықтың қатаң үкіміндей қабылдайсың. Дала заңының қай кезеңде сырттан және іштен шыққан жауға қатал әрі аяусыз болғандығы тарихтан белгілі болса да Барақ сұлтанға кесілген үкімнің өлімнен де жан азабы мен ар азабының аса ауырлығын көз алдыңа әкеледі. Үкім былай: «Қатын-баласының, халқының алдында табанға салып басындағы тәжін, беліндегі кісесін, асасы мен бес қаруын сыпырып, саусағындағы мөрін, қос құлағының азандығын тіліп, «сырғалық» жасайсыздар, иегіндегі сақалын күзеп, ұстарамен тақырлап, төбесін қанжардың ұшымен шаңбақтап, қатынының бұрымын кесіп, астындағы атының құйрық-жалын күзеп, тай сияқты шұңқитып тастаңыздар!». Даланың сұмдық жазасынан кейін бой көтере алмай, тірі өлік күйінде жан мен тән азабын қатар тартқан сұлтан да өмірмен хош айтысты. Заман шеруінде тақ таласынан болған ауыр зардаптың ел мен жерге, халыққа тигізген ауырлығының орасан болғандығын қаламгер оқырманға байсалды баяндай отырып, ұғынықты жеткізеді. 

 Солай етіп, даланың жазылған және жазылмаған заңымен өмір сүрген, қазаққа бас хан болған Әбілқайырына ақыл қосар ақылшысы, халқының қамқоршысы, жері мен елінің тұтастығын ойлаған, ұрпағының текті анасы болған Бопай ханым да жарық дүниемен мәңгілікке хош айтысты. Қаламгер қаламынан суылдап ақ парақтарға төгілген әрбір жолы жан тебірентер сәттерге толы болған жолдардың автор жан әлемін әлдилей отырып бейнелеген бейнелерінің соншалықты ғажайып сыршылдығына тәнті боласың. Ол автордың жан дүниесіндегі әрбір кейіпкері жылдар сілемінде саралана келіп, бейнелі қайталанбас образға айналғандығына куә. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Бопай ханым» романы зар заманның қатігез шағын көз алдына әкеліп, бүгінгі «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңнің» өткен шақтағы ащысы мен тәттісін де ойла дегендей оқырман қауымын қалың ойдың құшағына жетелейді. Демек, өткен заманда азаттықтың ақ туын жықпай, бүгінгі және келешек ұрпағына аманаттаған «арыстар мен ағыстардың» аманатындай болған жер мен ел тұтастығын сақта деген қастерлі ұғымды санасы сергек қаламгер саналы ұрпағына аманаттайды. «Бопай ханым» романы осынысымен де құнды әрі қастерлі.

 

 Құдайберген Тұрсын,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 

 филология ғылымдарының докторы, 

профессор