Мемлекет басшысы еліміздің де бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандыратынын мәлімдеген. Иә, жасанды интеллект қарқынды дамып келе жатқандықтан салаға қатысты ұлттық саясаттың болуы маңызды. Осы ретте күні кеше ел Үкіметі «Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» қабылдады. Еліміз жасанды интеллект саласы бойынша қандай деңгейде? Жаңа тұжырымдамада не қамтылды? Алдағы жоспарымыз қандай болмақ? Талдап көрелік...
ЖИ өнімдері саны 5 есеге өсуге тиіс
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың түрлі саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды. Қазақстанда ЖИ дамыту және цифрлық ортаны құқықтық реттеу мәселелері бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тұжырымдама биылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы бойынша әзірленіп жатыр.
Бүгінде Қазақстанда 93 ақпараттық база қосылған Smart Data Ukimet-те мемлекеттік органдардың деректерін жинау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген.
Премьер-Министр жасанды интеллект құралдарын қолдану көптеген күнделікті міндетті автоматтандыруға мүмкіндік беретіні баса айтылды. Атап айтқанда, бірқатар өндірістік процестер, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады. Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар.
«2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдер саны 5 есеге өсуге тиіс. Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұжырымдамадағы іс-шараларды жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Суперкомпьютердің есептеу қуатын пайдалану оны бизнес пен ғылыми ортада пайдалану мүмкіндігін қарастыру өте маңызды. Осыған байланысты Қаржы министрлігінің алдына ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын жалға алу рәсімін жеңілдету міндеті қойылды.
Ғылым министрлігіне жыл соңына дейін KazLLM үшін деректер жинауды аяқтау тапсырылды – бірінші үлкен тілдік модельді сынақтан өткізу ІІІ тоқсанда жүргізілуге тиіс.
Олжас Бектенов National Center for AI базасында «жастарды тарту, адам капиталын дамыту және жасанды интеллект мәдениетін ілгерілету жөніндегі экожүйені» қалыптастыру қажетін атап өтті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев болса «2024-2029 жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасымен» елде жасанды интеллект экожүйесін құруды мақсат етіп отырғандарын мәлімдеді. Мәдиев тұжырымдаманың деректер, инфрақұрылым, адами капитал, ғылыми зерттеулер, реттеуші орта және жеделдету бағдарламалары сияқты 6 негізгі саладан тұратынын атап «Біз елде 5 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйретуді, 500 мың сала сарапшысын оқытуды және 2029 жылға қарай IT экспортын 5 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отырмыз», – деді.
Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект және инновациялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов мемлекет саясатын үйлестіру және жасанды интеллектіні дамытуға қолдау көрсетуді тиімді жүзеге асыру үшін ЦДИАӨМ жанынан Жасанды интеллект және инновациялар комитеті құрылғанын атап өтті.
«Комитеттің негізгі міндеттері – есептеу қуаттары бар инфрақұрылымды құру, қазақ тілі моделі KazLLM құру, жасанды интеллектті қауіпсіз, жауапты және этикалық пайдалануға жағдай жасау, жасанды интеллектті салаларға енгізу, сондай-ақ адами капиталды дамыту. Жалпы, комитеттің қызметі цифрлық технологияларды дамытуға, түрлі цифрлық жобаны интеграциялауға, цифрлық трансформацияға және цифрлық шешімдерді дамытуға бағытталады», – деді Ғиззат Байтұрсынов.
Цифрлық даму министрлігіне Ғылым, Оқу-ағарту, Еңбек министрліктерімен бірлесіп білім алушы мамандардың, өңірлік құзырет орталықтары мен бағдарламалау мектептерінің санын жыл сайын арттыру мақсатында бағдарламаны қалыптастыру міндеті бекітілді.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Әділет министрлігіне жасанды интеллектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
ЖИ мектепте оқытылады
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деп тапсырма берген еді. Ал Премьер-Министр Олжас Бектенов әлемде жасанды интеллектті қолдану 2030 жылға қарай 70 пайызға қосымша экономикалық әсер тудыруы мүмкін екенін және жасанды интеллектінің арқасында көптеген күнделікті жұмыс автоматтандырылатынын атап өтті. «Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді», – деді ол. Сонымен қатар ол бұған дейін Президент стратегиялық құжат әзірлеуді тапсырғанын, заң жобасы қазір Мәжілісте жатқанын, ал саланы дамыту үшін білікті мамандар қажеттігін атап өтті.
«Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында да» сала бойынша озық мамандарды даярлауға жоспар жасалған. Соған сәйкес еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында машиналық оқыту, data science, кибернетика, жасанды интеллект, роботтехника сияқты білім беру бағдарламасын енгізу көзделген. Бұған қоса машиналық оқыту және жасанды интеллект мамандарының қауымдастығы құрылады. Мектептерде де оқу бағдарламасына жасанды интеллект модульдері енгізілуге тиіс.
Елімізде оқытушылардың қатысуынсыз, peer-to-peer әдіснамасына негізделген практикалық оқытуды ұсынатын бағдарламалау мектептерін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл студенттердің өзара әрекеттесуіне және зерттеу тәсіліне ықпал етеді.
Сондай-ақ зерттеу орталықтарын құру үшін халықаралық компаниялармен және институттармен (оның ішінде Berkeley) ынтымақтастық орнатылмақ. Бұл жасанды интеллект саласындағы ғалымдарға озық әріптестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жасанды интеллект бойынша сертификат беретін оқыту курсын әзірлеу және ол ашық әрі қолжетімді болады. Ал 2029 жылға қарай 80 мың адам жасанды интеллект бойынша білім алуы қажет. Сонымен қатар тұжырымдамада адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыру жоспарланған. Қазір 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша пәндерді 2 196 студент оқиды.
Сондай-ақ адами капиталды дамыту аясында жасанды интеллект экожүйесін дамыту үшін кешенді инновациялық инфрақұрылым әзірленуде. Ел бойынша peer-to-peer әдістемесімен, яғни оқытушылардың қатысуынсыз жобаларды жүзеге асыру арқылы практикалық оқытуға негізделген бағдарламалау мектептерін іске қосу жоспарлануда. Бұл студенттердің өзара әрекеттесуіне және зерттеу тәсіліне ықпал етеді.
Халықаралық компаниялармен және институттармен ынтымақтаса отырып, елде зерттеу орталықтарын құру жасанды интеллект саласындағы ғалымдарға озық серіктестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Үкімет жасанды интеллект бойынша білім беретін ЖОО үлесін 2025 жылы 20%-дан 2029 жылы 60%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев «Жалпы, азаматтар өмірінің әртүрлі салаларында жасанды интеллект тарату бағдарламасы пысықталып жатыр. Жыл сайын 10 мың талант, 1 мың жасанды интеллект маманы, 100 жасанды интеллект стартап және 10 ғылыми жоба дайындау жоспарланып отыр. Нысаналы индикатор – жасанды интеллект саласын оқытатын жоғары оқу орындарының үлесін 2025 жылғы 20%-дан 2029 жылы 60%-ға дейін арттыру», – деген болатын.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, елімізде жасанды интеллект саласындағы қандай да бір зерттеулермен немесе әзірлемелермен айналысатын 24 жоғары оқу орындары мен ғылыми орталық бар. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті қазақ тілі корпусын әзірлеу бойынша жұмыс атқарып жатыр. Ал Астана халықаралық университеті табиғи тілді өңдеу, қазақ тіліндегі білімді семантикалық өңдеуді, Ә.Бөкейхан университеті Abai IT Valley технологиялық кластері жасанды интеллект элементтері бар сайтты әзірлеуді, Nazarbayev University ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты қазақ тілін қолдануға қатысты 4 жобаны іске асыруды қолға алған. Бүгінде еліміздегі 4 жоғары оқу орны ғана, атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Назарбаев университеті деректерді өңдеуге және терең зерттеу алгоритмдерін оқытуға арналған тиісті жабдықтармен қамтылған. Бүгінде 17 жоғары оқу орны жасанды интеллект, медицинадағы жасанды интеллект сияқты бағытты қоса алғанда, ЖИ бойынша 15 жаңа білім беру бағдарламасын енгізді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің ЖИ және информатика мектебі ашылды, ал Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да City University of Hong Kong филиалы құрылды. Қыркүйек айында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ЖИ бойынша халықаралық зерттеу орталығын ашу жоспарлануда. Astana IT University «бизнеске ЖИ» бағдарламасын әзірлеу үшін University of Genoa-мен келісімге қол қоюды жоспарлап отыр, ал М.Ломоносов атындағы ММУ 2024/2025 оқу жылында енгізілетін «ЖИ есептеу технологиялары мен әдістері» бағдарламасын әзірлеуде.
Жасанды интеллекттегі қазақ тілі
Тұжырымдамадағы маңызды бағыттардың бірі – нейрондық желілерге негізделген ұлттық тіл моделін әзірлеп, енгізу. «Ұлттық тіл моделін іске асыру жасанды интеллект бойынша түрлі жобада қазақ тілін қолдануға мүмкіндік береді, осылайша шетелдік сервистерге тәуелділікті азайтады. Сонымен қоса, аталған бағыт бойынша отандық сараптама жасауға мүмкіндік береді, цифрлық ортада өз мәдениеті мен құндылықтарын сақтауға ықпал етіп, бір тілдік топқа кіретін тілдік модельді дамытуға серпін береді», – делінген жарияланған құжат жобасында.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі мәдени және тілдік мұраны дамыту үшін заманауи үлкен тіл моделін (LLM) құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде бірнеше білім беру ұйымынан – Ақпараттық және есептеу технологиялары институтынан, Сәтбаев университетінен, Назарбаев университетінен, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан және ҚазҰУ-дан консорциум құрылды. Мамандар шамамен 6 млрд сөз қолданысын жинады, жиынтықты шешімдер арқылы суперкомпьютерді қолдана отырып, LLM моделі үйретіліп жатыр.
Осы ретте біз А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімін институты, Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. Айман Жаңабековадан пікір алуды жөн деп таптық. Ол А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институт заман сұранысына жауап беретін қолданбалы бағыттағы жобалар бойынша қызу жұмыс істеп жатқанын айтады.
«Бүгінгі жаһандану үдерісі азаматтық қоғамның барлық саласында өркениеттің даму деңгейін көрсететін бір көрсеткіш болып отыр. Бұл кезең, әсіресе адам еңбегін автоматтандырумен тығыз байланысты. Қоғамдық қызметтің барлық саласында бұрынғы қол жұмысы арқылы орындалатын қызметтер қазір роботтарға жүктеліп, адам еңбегі әлдеқайда жеңілдетілді. Ал бұндай роботтарды іске қосудың түрлі жолы бар, бірі алгоритм арқылы жұмыс істесе, енді бірі көлемді материалдарды оқу арқылы жұмыс істейді. Жасанды интеллект дегеніміз – оқу арқылы білік-дағдыға ие болатын автоматты бағдарлама. Жасанды интеллект тек қоғамның жаратылыстану саласында ғана емес, гуманитарлық салаларын да автоматтандыруға мүмкіндігі бар. Айталық, ол көлемді мәтіндерді оқу арқылы тілдік заңдылықтарды өз бетінше үйрене алады. Дұрыс құрылған сөйлемдер, дұрыс жеткізілген ойдың көлемді жиынтығы – ;асанды интеллектіні оқытудың тілтанымдық базасы болады. Осы ретте А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау ісін біраз уақыттан бері қолға алып, бүгінгі күнде оның мәтіндік базасының көлемін 40 миллион сөзқолданыстан асырды. Қазір де корпус базасына салуға дайындалып, өңделіп жатқан қыруар мәтіндік қор бар. Қазақ тілінің ұлттық корпусы тек мәтіндік қор ғана емес, лингвистикалық білімдермен қамтамасыз етілген ақылды жүйе. Бұл лингвистикалық база келешек жасанды интеллектіні оқытуға өз үлесін қосатыны даусыз. Семантикалық, морфологиялық, фонетикалық тағы басқа білімдер мәтіннің формальды-жүйелік құрылымын ғана емес, тақырыптық-семантикалық мазмұнын автоматты танудың кілті болмақ», – дейді филология ғылымдарының докторы.
Сонымен қатар кейіпкеріміз жасанды интеллектіні оқыту тілдік материалдарды алгоритмдеу, автоматты тану сияқты істер арқылы жүзеге асатынын айтады. «Институт осы ретте «Мәтінді автоматты тану» тақырыбы бойынша нысаналы қаржыландыру аясында біршама жұмыс атқарды. Сурет мәтіндерді анықтау үшін (CNN моделі) компьютерлік есептеу құралдарында виртуалды нейрондық байланыстар құру арқылы бейнелерді қатпар-қатпарға бөлу негізінде талдай алатын жасанды нейрон жүйелерінің моделін (бағдарламасын) жасады. Бұл фотоәріптерді тануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазақ тіліндегі электронды кітаптарды конвертациялайтын ридер-конвертор әзірленді. Мәтін ішіндегі сөздерге түсіндірме беретін электоронды сөздіктер жасалып, олар Ридер-конверторға байланды. Мұндай тілтанымдық база келешекте Жасанды интеллектіні оқытуды жеңілдету үшін аса қажет интеллектуалды ресурстар болып табылады.
Мәтін ішінде кездесетін барлық тілдік бірліктерді автомат тану үшін Тіл білімі институтында қорланған тілтанымдық база жасанды интеллект жұмысына бейімделіп, ХЛ-файлдарға түсірілді. Мәтін ішінде кездесетін қателерді автоматты тану үшін Орфограммалар сөздігі жасалды. Мәтін ішінде кездесетін жалқы есімдерді тану үшін Онимдер базасы (кісі есімі, жер-су атаулары тағы басқа) дайындалды. Мәтін ішінде кездесетін кел келген сөз мағынасын түсіндіретін Семантикалық анализатор, кез келген дыбысты талдайтын және буынға автоматты түрде бөлетін Фонетикалық анализатор әзірленді. Мәтін жазу кезінде жазушының сөздік қорын түрлендіруге көмекші құрал болатын Синонимайзер іске қосылды. Бұдан басқа да әлі іске қосылмаған лингвистикалық ресурстар дайындалып жатыр», – дейді Айман Жаңабекова. Қорыта келгенде, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазір заман сұранысына жауап беретін қолданбалы бағыттағы жобалар бойынша қызу жұмыс істеп жатыр. Бұл істі қазір институт басшысы Анар Фазылжан тікелей өзі басқарып отыр.
Түйін:
Ғалам жасанды интеллектіні толық пайдалануға, ашуға барын салып жатыр. Кейбір бағалаулар бойынша, 2030 жылға қарай бұл сала әлемдік ІЖӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етпек. Ал 2027 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығын капиталдандыру 400 миллиард доллардан асады. Бұл ретте барлық мемлекет ғылымның жаңа саласын барынша игеруге толық жігерін салуға даяр. Осы жарыста біздің еліміз де көш соңында қалмас деп үміттенеміз. Қабылданған тұжырымдама соның алғышарты болар деп сенеміз.
Наурызбек САРША