– Мемлекеттік тілді дамыту, сындарлы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру – елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, оның мемлекеттілігін нығайтудың маңызды шарттарының бірі. Конституцияда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі құқықтық мәртебесі айқындалған. Қазақ тілі – Қазақстанда тұратын барлық этностарды топтастырудың маңызды тетігі және елдің рухани қазынасының қайнар көзі. Мемлекеттік тілді меңгеру, оның этносаралық қатынастар тілі ретіндегі рөлін нығайту, қоғамдық қатынастардың барлық саласында оны пайдалану патриотизм сенімін, мемлекет тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауға алғышарттар қалыптастырады, – дейді Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Ресурстық тілдерді дамыту орталығының басшысы Ержан Көшербаев.
Жаңа құрылған мекеме алдымен үштұғырлы тіл саясатын насихаттауға арналған «Отбасымен бірге үш тілді үйренейік» атты тілдер кешін жоғары дәрежеде өткізді. Іс-шараға Жаңаарқа ауданынан, Сәтбаев, Жезқазған қалаларынан 5 отбасы қатысты. Кейін «Ғаламтор және жазу сауаттылығы» тақырыбында Жезқазған жоғары медициналық колледж студенттерімен пікірталас жүргізілді. Студенттер өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
Былтырғы сәуірде өткен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» тақырыбында облыстық семинарға Ұлытау облысы бойынша тіл мамандары түгел қамтылып, қатысты. Ұлытау облысы аудан, қалаларының тіл мамандарымен бірлескен «Тіл – қарым-қатынастың алтын көпірі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, мамандар пікір алмасты. Сонымен қатар «Тіл керуені» атты республикалық семинарға Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан лекторлар шақырылып үлкен келелі кеңес өтті. «Еркін ел ұрпағы» жалпыұлттық патриоттық диктант жазу іс шарасы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жалпыұлттық диктантқа Ұлытау облысы бойынша 67 400 адам қатысты. Алғаш рет облыста жастар арасында «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өтті. Облыс аймағы түгел қамтылып, 14 қатысушы өтінім берді. Жеңімпаздар анықталып, марапаттары берілді. Ұлытау облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай, «Ұлытау – ұлы өлкем, ұлық далам» атты облыстық көркемсөз оқу байқауын өтті. Байқауда Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарынан сондай-ақ Жәйрем кентінен келген 18-35 жас аралығындағы үміткерлер бақ сынады.
Орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Тіл үйретудің заманауи әдіс-тәсілдері» атты облыстық дөңгелек Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тіл мамандары, арнаулы орта және жоғары оқу орнының оқытушылары, қоғам белсенділері қатысты. «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты жалпыоблыстық дәріске оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысты.
«Мемлекеттік тіл – мәңгілік елдің мәңгілік тілі» облыстық фестиваль өткізілді. Фестивальдің шымылдығы Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты поэзия кешімен ашылды. Фестиваль аясында мемлекеттік қызметшілер арасында онлайн форматта «Үздік мақала» сайысы өткізіліп, қорытындысы шығарылды. Өзге ұлт жастары арасында онлайн форматта «Отан – тарих, Отан – тіл» байқауы өткізіліп, қорытындысы шығарылды. «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты шағын және орта кәсіп өкілдері арасындағы облыстық байқау өтті. Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелер арасында өзге ұлт бүлдіршіндерінің қатысуымен «Қазақшаң қалай, балақай?» атты облыстық байқауы да мәреге жетті.
– 2023 жылы мемлекеттік тілді құрметтеу аясында көрнекілік пен жарнамалардағы қателіктерге жол бермеу үшін 21 рейд жүргізілді. Оның ішінде 180 нысан қамтылды. 150 нысанда заңбұзушылық анықталып, оларға ұсынымхат толтырылды. Сонымен қатар 150 нысанға нұсқаулық парақтары таратылды. Басты кемшілік – Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» 21- бабы (Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі) мен «Жарнама туралы» заңның 6.2-бабының талаптарының сақталмауы, яғни көрнекі ақпараттардың 1 тілде, тек ресми тілде жазылуы, орналастыру реттілігінің бұзылуы болып отыр, – дейді орталық басшысы.
Биыл да орталық тілді дамытуға байланысты бірнеше мәрте жиындар өткізіп, семинарлар ұйымдастыруда. «Көп тіл білген – көпті ілер» атты облыстық тілдер кеші де осыны меңзейді.
2024 жылдың І жартыжылдығында 11 рейд жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 70 нысан қамтылды. 36 нысанда заңбұзушылық анықталып, оларға ұсынымхат толтырылды.
– Орталық мамандары Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институттарының ұйымдастырған онлайн семинарларына қатысып, қажетті ақпараттар алып отырады.
9 шілдеде дәстүрлі облыстық «Тілдарын» олимпиадасы өтті. Облысымыздың 18 бен 35 жас аралығындағы қала, аудандардан келіп қатысқан үміткерлер сайыстың 3 кезеңі бойынша бақтарын сынады. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды, – дейді Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Ресурстық тілдерді дамыту орталығының басшысы Ержан Көшербаев.
Ресурстық орталық алда да 2024 жылға арналған жылдық жоспарына сәйкес, жүйелі жұмысын жүргізе бермек.
Ұлытау облысы,
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ