Майқайың-алтын кенішіндегі шахта ойығына түсіп кеткен автобус табылды. Құтқарушылар оны кеше кешкісін байқап, қазір оны қазып шығаруға әрекеттеніп жатыр.
Ішінде көлік жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі болуы мүмкін деп болжанып отыр. Автобус арада 7 айға жуық уақыт өткенде топырақ арасынан табылды.
«Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Техника 24 шілде күні кешкілік топырақ арасынан байқала бастаған. «Қазу жұмыстары кезінде құтқарушылардың автобусы табылды. Ауа райының қолайсыздығына (жаңбыр мен жел) және топырақтың құлау қаупінің сақталуына байланысты жұмыстар аса сақтықпен жүргізілуде. Бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары қайта жанданды. Қазір көліктің алдыңғы бөлігіне дейін жету мүмкін болып, бампері мен доңғалағы көрінді. 55 жастағы төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Жақын арада іздестіру жұмыстары нәтиже береді деген үміттеміз», - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылды. Марқұм Айдос Шаймерденнің денесі 70 метр тереңдіктен қазып алынған.