Жұртты ұйыстырып, жүректеріне иман үйіретін имам-молдалардың да пендешілікке бой алдыратын сәттерінің куәсі болып жатырмыз. Тегіс жерде сүрінетіндер жүзден біреу болса да араларынан бой көрсетіп тұратыны өкінішті. Еліміздің аумағында имамдардың шалыс қадамға бару жағдайы талай рет болды, олар заң бойынша жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты inbusiness.kz сайтындағы материалға сілтеме жасап.
Имамдардың ішінде арақ ішкен, алаяқтық жасаған, әйел зорлағандары әшкере болған кездер бар. Әрине, имамдардың ішінде жұртты ұйыстырып, жамағатты діннің тұнығынан сусындатып, тұрғындардың құрметіне бөленіп жүрген біліктілері көп. Ал аракідік дін қызметінің атына кір келтіретін әлгіндей есерсоқ имамдар да кезігіп жатса, бұған адам баласының пендешілігі деп қарамасқа лаж жоқ.
Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет Бурабайдағы түнгі клубтардың бірінен шығып, масаң күйде көлік айдап бара жатқан жерінде ұсталды деген тосын хабар тарады. Бұған жұрт жағасын ұстап, таңғалды.
Имамның түнгі жүріс-тұрысы бүге-шігесіне дейін расталды. Ол заңмен жазаланды және жұмысынан босатылды. Сот қаулысымен 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Сот қаулысында: "Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылсын, оған осы бап бойынша 15 тәулікке қамаққа алу және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қамаққа алу уақыты 2024 жылғы 23 шілдеде сағат 16:53 минуттан бастап есептелсін", – деп жазылған. Мұндағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп басқару қылмысын қарастырады.
Анықталғанындай, оқиға 23 шілде күні түнгі сағат үште болған. "777 DPA 10" нөмірлі Toyota Highlander мінген бас имам Бурабай кентіндегі түнгі клубтың жанынан мас күйінде ұсталған. Сот отырысында ол ішімдік ұрттағанын мойындамаған, қымыз ғана іштім деп ақталған. Алайда медициналық куәландыру мешіт қызметкерінің алкоголь ішкенін растаған. Сот қаулысында әкімшілік жаза қолдану кезінде оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлардың жоқ екендігі, ал жауаптылығын ауырлататын мән-жай ретінде оның алкогольдік масаң күйде болуы ескерілгені айтылған.
Бұл оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми пікір білдірді. Онда былай делінген: "Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкері этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған Бахытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болған оқиғаны үлкен өкінішпен қабылдап, еліміздегі мұсылман жамағатынан кешірім сұрайды".
Сотталған дін қызметкері Бахытбек Тәжімбет 2015 жылдың қараша айынан Қостанай облысы бойынша өкіл имам және Қостанай облыстық "Марал ишан" мешітінің бас имамы болып қызмет атқарып келген екен. Өзі отбасылы, екі баланың әкесі дейді. Өмірбаянына қарасаңыз, 1983 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Үш медресені тәмамдапты. Олар – Түркістандағы "Хасан Оралтай", Шымкенттегі "Қамар", Алматыдағы "Таугүл" медреселері. Содан кейін Стамбул қаласындағы "Стамбул муфтиятында" білім алған екен. Қызметін Шымкенттегі "Қамар" медресесінде ұстаздықтан бастаған. Одан кейін бірнеше облыста медресе ұстазы болған. Келе-келе Ақтөбе облыстық орталық "Нұр Ғасыр" мешітінің найб имамдығына тағайындалған. Қостанайға ауысардан бұрын Ақтөбе қалалық орталық мешітінде бас имам қызметін атқарыпты.
Имамның түнгі клуб жағалауының өзі адамды бірталай ойға жетелейді. Қостанай қайда, Бурабай қайда?! Арасы кемі бес жүз шақырым жер. Осынша қашықтағы түнгі клубқа қыдыруы, қымбат көлік мінуі, оған қоса спирттік ішімдік ішіп жүруі имамның сөзі мен ісінің алшақтығын көрсетсе керек. Молданың айтқанын істе, ал істегенін істеме деген мәтел осындайдан қалған болар. Өзін он бес тәулікке қамамақ түгілі ұрса да обал жоқ адам екен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.