Дәрігерлер азаматтың ата-анасымен сөйлесіп, ағзасын қолдануға келісім алған.
Шымкенттік жігіттің ағзасын төрт пациентке трансплантация жасады
733
оқылды

Шымкентте жол апатынан қайтыс болған жігіт бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Қайғылы жағдайда көз жұмған оның өзге сау ағзаларын дәрігерлер бірнеше азаматқа үлестірген. Мұндай шешімді марқұмның ата-анасы қабылдаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Almaty.tv тілшісі.

Донор болған марқұм – Шымкент қаласының тұрғыны. Жол-көлік апатынан ажал құшқан 18 жастағы жігітке «ми өлімі» диагнозы қойылған. Дәрігерлер азаматтың ата-анасымен сөйлесіп, ағзасын қолдануға келісім алған. Шешімді қабылдау оларға оңайға түспеген. Десе де марқұмның бірнеше дене мүшесі талай адамның өмірін сақтап қалатынын ойлағанда, ата-ана игі іске келісім беріпті.

– «Ми өлімі» диагнозы қойылған. Туыстарымен әңгімелестік. Донор болған баланың туыстарына ақша берілмейді. Науқастарға да операция тегін жасалады. Дәрі-дәрмегі де тегін беріледі, – деп хабарлайды Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Айта кеткен жөн, ағза ауыстыру операциясы Түркістан облысында тұңғыш рет жасалып отыр. Отада марқұмның жүрегі, қос бүйрегі мен бауыры өзге жандарға трансплантталды. Жүрек 58 жастағы шымкенттік ер адамға сол түні қондырылды. Бауыры мен бүйрегі Астана, Алматы және Түркістан қаласындағы ағза күткен азаматтарға жөнелтіледі. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.