Қазір елімізде өндірілген жал­пы ауыл шаруашылығы өнімінің 45%-ы – мал шаруа­шылығының үлесінде. 2017 жылдан бері агроөнеркәсіп ке­ш­е­нін дамыту шеңберінде мал шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды суб­сидиялауға шамамен 30% не­месе 35,9 млрд теңге бөлін­ген көрінеді.
Мал шаруашылығын дамыту – маңызды іс
409
оқылды

Мал баққанға бітеді

Осыдан екі жыл бұрын еліміздегі мал тү­л­ігінің басын санамалап орташа есеп шығарған болатын Ауыл шаруашылығы министрлігі. Сонымен министрліктің арнайы мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдайға қарасақ, еліміздегі мал саны 33,3 млн бас деп тіркелген. Оның ішінде, ірі қара мал – 8,3 млн, ұсақ мал – 20,6 млн, жылқы – 3,4 млн, түйе – 250 мың бас деп көрсетілген. Санға қарап жыл сайын түліктің үлесі артып келе жатқанын байқай аламыз. Олай дейтініміз –  2000 жылдардың бас кезінде еліміздегі мал санын айтудың өзі қорқынышты халге жеткен. «Мал баққанға бітеді» демекші, қазір мал бағып, түлік санын көбейтіп отырғандар туралы жиі естиміз. Тіпті, мемлекеттің қолдауымен жылқысын асылдандырып, қойын көбейтіп жатқандар да жетерлік. Мұндайға қарап қуанасың. Одан бөлек, елде өндірістің ішкі мүмкіндіктері мен сыртқы нарықтың әлеуетін салыстыру және талдау негізінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі  ұзақмерзімді келешегі етті мал шаруа­шылығы екенін байқаймыз. Бұл бағытта мемлекет арнайы модельді бағдарлама кешенін де даярлап, тәжірибеден өткізді. Осылайша, қабылданған модель Қазақ­станның нақты ерекшеліктері мен көшпелі отарлы мал шаруашылығы дәстүрлерін негізге алып отыр. Біздің елде барлығы 180 млн гектар астам жайылым бар десек, со­ның 58 млн гектары қолданыста екен. Кей­бір сарапшылар біздегі жайылым жердің 120 млн қойға еркін жететінін айтады.

Иә, мал басының өскені жақсы. Ел экономикасына да үлкен қолдау болары сөзсіз. Одан бөлек, ауыл халқының еңбек­пен қамтылуы мәселесіне де үлкен сеп. Айталық, қазір біздегі елді мекендер мен ауыл-аймақтарда  3,8  млн адам ауыл еңбе­гіне қабілетті деген дерек бар. Бүгінде соның 1,3 млн адамы ауыл шаруашы­лы­ғында жұмыспен толықтай қамтылған. Ал қалғанын түгел жұмыстандыру үшін бірінші кезекте мал басын арттыру – кезек күт­тірмейтін шаруа.  Дегенмен ел Үкіметі шаруалар мен ша­руашылықтарды дамы­тудың сан алуан тетігін ойлап тауып, түрлі деңгейде қолдап келе жатқанын баса айтқан абзал.  

Мемлекеттік қолдау қомақты

Қазақстанда мал шаруашылығын да­мытудың мемлекеттік саясаты әлемнің оз­ық технологияларын ескере отырып жүргізілуде десек те болады. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында мал түлігін өсіру мен оның басын асылдандыру мен сатып алуға байланысты арнайы заңда нормалар бекітіп, субсидиялау жүйесі қарқынды түрде жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. 

Жалпы, асылтұқымды мал басына субсидия төлеу Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығында «Асыл­тұқым­ды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» қағида­лары­на сәйкес жүзеге асырылады. Әрине, мал басын асылдандырамын деп сұрасаңыз болды, қолға ақша ұстата салады деген сөз емес. Оның өзінің тиісті шарттары бар. Мысалы, жеке шаруа өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы PLEM KZ порталына кіріп, субсидияға өтінім жібере алады. Сатып алынған асылтұқымды аталық және аналық ірі қара малының бір басына –  150 000, ал тауарлы аналық малдың біреуіне – 10 000, асыл­тұқымды шаруашылық аналық бастарына – 150 000 теңге көлемінде субсидия тө­ленеді. Ол үшін бір бас аталық малға 25 аналықтан болуы шарт. Қой малына байланысты төленетін субсидия жайлы айтсақ, асылтұқымды 1 аталық қошқарға – 15 000, тауарлы аналық басқа – 2 500, асылтұқымды аналықтың біреуіне – 4 000 теңге. Алайда субсидия төленуі үшін 1 аталық қошқарға 25 аналық қой болуы тиіс. Жылқы және түйе малының асылтұқымды аталығын сатып алғаны үшін 1 басқа 100 мың теңге суб­сидия бар, аналығына төленбейді. Барлық сатып алынатын асылтұқымды мал асылтұқымды мал өсіретін құжаттары бар шаруашылық субьектілерінен алынуы керек. Осылайша, мемлекеттік бюджеттің есебінен малын асылдандыру жұмысымен айналысып жатқан шаруашы­лықтарға ірі сабақты мал азығын (шөпке) дайындауға арналған субсидия да бар. Оны алу үшін мүйізді ірі қара 25-тен, қой малы 200-ден, жылқы мен түйе 50 бастан жоғары болуы қажет.  

Бір сөзбен айтқанда, мемлекет субсидиялауды селекциялық-асылтұқымдық жұмыстармен айналысатын тауар өндіру­шінің шығындарының бір бөлігін өтеп беріп отыр. Ол қатарда асылтұқымды мал сатып алу, етті және етті-сүтті сиырлардың асылтұқымды бұқаларын сатып алу, асыл­тұқымды қойлармен  айғырларды, түйелерді сатып алу, ет және жұмыртқа өндіру үшін асылтұқымды жас құстарды сатып алуды қаржыландырады. Сонымен қатар асыл­тұқымды бұқаларды, қошқарларды күту, аралар колонияларымен жұмыс және жасанды ұрықтандыру қызметтері мен түлікті күтіп баптауға да қаражат қарастырылған. 

Субсидия мөлшері малдың түріне байланысты болмақ. Мәселен, бір отандық асыл­тұқымды сиырға 150 мың теңге қарас­тырылса, Аустралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан немесе Еуропадан әкелінген сиырға 300 мың теңге бөлінеді. Әрине, мұның барлығы елдегі төрт тұяқты­ның сапасын арттыру мен шаруаларға қолдау тұрғысынан жасалып жатқан дүниелер. 2024 жылдың басында бекітілген жаңа ережеге сай үй жануарларын жалға беру үшін субсидиялар алынып тасталған. 

Міне, мемлекет қойып отырған талап осы. Бар болғаны тиісті құжаттарды арнайы жүйеге электронды түрде жүктейсіз. Ұсын­ым мақұлданған жағдайда қажетті қара­жатты қалтаңызға салып, мал қамына кірісе бересіз. 

Шаруашылықта өсім бар

Бүгінде аймақтарға мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржы бөлінеді. Есепті кезеңде ауыл шаруашы­лығында 220,9 млрд теңгенің өнімі өндір­іліп, өсім көрсеткіші 3,7%-ға артқан. Сон­дай-ақ ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 19,7%-ға, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция 14,3%-ға артып отыр. Былтыр ауыл шаруашылығы саласына 18,2 млрд теңге қарастырылған болса осы жылы  24,9 млрд теңге бөлінуде. 

Статистика мәліметтеріне қарасақ, жалпы мал шаруашылығы саласы Қазақ­стан­да тұрақты қарқынмен дамып келеді. Соңғы 5 жылда шаруашылықтың барлық санатында сиыр етін өндіру 56 мың тоннаға немесе 11,7%-ға артқанын байқауға болады. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы 477,4 мың тонна болса 2022 жылы 533,2 мың тонна бол­ған. Нәтижесінде, бүгінде елді сиыр етімен қамтамасыз ету 102%-ды құрап отыр екен. 

Бір қуанатыны, төрт түліктің санын көбейту ісіне мемлекеттен бөлек, шаруалар да соңғы жылы белсене кірісіп кеткен. Жылдың басында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан­дағы мал шаруашылығының негізгі міндеттерін, проблемалары мен даму перспективалары жөнінде кеңес өткізген болатын. Осы жиында фермерлер мал шаруашы­лығын дамыту бойынша өз жоспарлары мен ұсыныстарын ортаға салған. Айталық, «Нұрым Топ» ЖШС мен «Қайып Ата» ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев Түркістан облысында 25 мың басқа арна­л­ған бордақылау алаңын дайындап жатқан­ын, сондай-ақ 4,5 мың гектар суармалы жер­ді игеру жоспарда барын айтты. Бизнес-жоспар мен қажетті құжаттары да дайын. Қазір алғашқы жұмыстар да басталған көрі­неді. Сонымен қатар «Қарасу–Астық» инвестициялық жобасының жетекшісі Талғат Малаев мал басын көбейту жоспарлары туралы айтып берді. Ол өзінің бас­қаруындағы қожалықтарды, Жемшөп базасы, оны дайындауға арналған техника, бір уақытта 3 мың бас малды бордақылауға мүмкіндік беретін алаң барын, оның ішінде 1,8 мың төлдейтін мал басы тұрғанын баяндады. «Біз мал бордақылау алаңын 10 мың басқа дейін ұлғайтуды, ет комбинатын жаңғыртуды, өнімді терең өңдеу технологиясын енгізуді және асылтұқымды репродукторды 7 мың басқа дейін ұлғайту­­­­ды жос­пар­лап отырмыз. Оған қоса, «жасыл» технология – биогазды дамытуды көздеп отырмыз», – деді.    

ZHERSU инвестициялық-өнеркәсіптік корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы және «Архарлы–Майбүрек» және «Қайың­ды» жобаларының үйлестірушісі Ілияс Жананов­тың айтуынша, қожалықта 7 мың төлдейтін малы бар, олардың көбі – Абердин-ангус және Герефорд тұқымы. Алдағы уақытта мал басын 10 мыңға дейін жеткізуді және 2 мың гектар жерге суару жүйесін орнатуды жоспарлап отырғанын жасырмады.  

Сонымен қатар кеңес барысында ветеринария жүйесін реформалау және экс­порттық нарықтарды ашу, мемлекетке қайтарылған жерлерді әділ бөлу қажеттігі туралы ұсыныстар да айтылды. 

«Біз дамыған елдердің озық тәжірибесін енгізуге және сол арқылы Қазақстанда ет өндірісін арзандатуға дайын адамдарды қолдайтын боламыз. Пилоттық жобаларда жаңа әдістерді сынақтан өткіземіз. Қазір бізге ауқымды бағдарламалар емес, кейін ел бойынша енгізуге болатын табысты модельдер қажет. Бірақ әр жоба өңірлерде, «Атамекен» ҰКП-да қаржылық тұрақты­лық, іскерлік бедел, қаржы институттының барлық талабына және басқа да параметрге сәйкестігі тұрғысынан мұқият тексерістен өтеді», – деп түйіндеген болатын сөзін Серік Жұманғарин.

Сүт өнімін өндіру – үлкен қадам

Мал шаруашылығын айтқан шақта сүт өнімдері мен сүт фермалары туралы айт­пауға болмас. Қазір елімізде ірілі-ұсақты са­уын фермаларының күн санап көбейіп жатқаны көңіл қуантады. Бұл салаға мемлекет те қаржыны аяп жатқан жоқ. Айт­алық, былтыр Солтүстік Қазақстанда 8 мың бас қара малға шақталған Орталық Азияда­ғы ең үлкен сүт кешеннің құрылысы бастал­ған болатын. Жаңадан  салынып жатқан нысанның құны 9 млрд теңгені құрап отыр. Ферма 7 бірдей ірі кешеннен тұрады. Тек соның біреуінің өзінде 1,3 мың басқа дейін сүтті ірі қара жемделмек. Бұл дегеніміз – кем дегенде төрт жүзден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Ал бұл өнімдерімен өзгені айтпағанда орталық және солтүстікті таза сүтпен қамтуға толық жетеді деген сөз. 

Елімізде жыл басынан бері 16 тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілген. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашы­лығы министрі Айдарбек Сапаров Прези­дент­тің сүт пен құс еті бойынша импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатқаны жөніндегі есебі барысында баяндады. Министрдің айтуынша, биыл сүтті мал шаруашылығында қуаттылығы 65 мың тонна сүт болатын 373 тауарлы сүт фермасын енгізу жоспарланған. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінген екен. «Бірінші жартыжылдықта қуаттылығы 16 мың тонна сүт болатын 67,2 жоба пайдалануға берілді. Бұл үшін асылтұқымды мал сатып алынды. Тауарлы сүт фермасы құрылысы аясында биыл 30 мың аналық ірі қара мал басын импорттау жоспарланған. Бүгінде сегіз өңір барлығы 7,4 мың бас мал әкелді», – деді министр Айдарбек Сапаров.

Жалпы, биыл агроөнеркәсіп кешеніне 1,7 трлн теңге инвестиция тарту жоспар­лан­ған. Осы жылдың 6 айда шамамен 410 млрд теңге инвестициялық жобалар қар­жыландырылғаны белгілі болды. 

Президент тапсырмасына сай алдағы жыл­дары 115 тауарлы сүт фермасы салынады деген жоспар бар. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын пайдалануға беремек екенбіз. Осылайша, алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. «Мал өссе мұрт майланады» демекші, елдің ауыл шаруашылық әлеуетін арттыру, оның ішінде мал шаруашылығының өнімділігін өсіру ең басты міндет болып отыр.

Бердібек ҚАБАЙ