Бірер жыл бұрын Қаллеки театрында қойылған «Алтайдан ауған ел» спектаклін (режиссері – Фархат Молдағали) аты аңызға айналған Асанәлі Әшімовпен қатар отырып көрдім.
Зұлмат жылдардың жаңғырығы
522
оқылды

Театр мен киноның майын ішкен абыз ақсақалдың ұлтымыз басынан өткерген тра­гедияны күрсініспен қабылдағанын эмоция­сынан байқап отырдым. Мәселе оқиғаның тарихына ғана байланысты емес, жүйелі драматургияға, режиссерлік шешім мен актер­лік шеберлікке де байланысты ғой. Осы үштік үйлесім тапқан ерекше қойылым болды. 

Қиын-қыстау кезеңде Алтайдан Ана­долы­ға ауған елдің тарихы маған жақын тақырып еді. Өйткені ғылымдағы ұстазым, академик Рымғали Нұрғали Халифа Алтай, Хасен Оралтай сияқты Түркия қазақтарынан шыққан зиялылармен жақын араласқан адам. Ұстазымның аузынан Халифа Алтай ақсақал туралы көп әңгіме естідім. Алтай қазақтарын қилы жолдар арқылы Түркияға бастап барған Қалибек хакімнің ұлы, жазушы Хасен Оралтай аға Астанаға келгенде қоян-қолтық араласып, әңгімесін тыңдаудың да сәті түсіп еді. Кейін Алтайда Оспан батыр құрған мемлекеттің министрлерінің бірі болған Нұрғожай батырдың естелік кітабын тауып алып оқыдым. Оқыған сайын аза бойым қаза болып, әрі-сәрі күйге түсетінмін. Қорғансыз қазақтың тағдыры, сұраусыз кеткен қанша боздақтың өмірі көз алдымнан кинолентадай өтетін. Бұл оқиға қазақ тарихындағы өшпейтін қара дақтардың бірі деп едім. 

Қазіргі Қытай еліндегі Алтай тауынан Такламакан шөлін басып, Гималай тауын асып Түркияға дейін атпен, түйемен аттанған көшке бозбала боп ілесіп, қанқұйлы тағдыр кешіп, барлық қияметті көзімен көрген Халифа Алтай бас кейіпкерінің бірі болған туынды сахнада шынайы оқиғаны суреттеген, реалистік бағытқа негізделген драмалық шығарма дер едім. Ең бастысы, қанша қиындық көріп, зұлмат жылдарды бастан өткерсе де жүз мыңдаған адамнан Анадолыға аман жеткен ат төбеліндей қазақтың адамдық қалпынан айнымай, тектілігін жоғалтпай, дәстүрі мен салт-санасын берік ұстанғанын қойылымда шеберлікпен жеткізілуі көрер­менге ерекше әсер етеді. Тәуелсіз қазақ еліне ақсақал болып оралған Халифа Алтайдың образын Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамовтың сомдағаны ұтымды шыққан. 

Өткен ғасырдың 50-60-жылдары Түркия­ны басқарған мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің бас сауғалап барған қазақ бауырларына жасаған жақсылығы, әлемдегі барлық түркі жұртына пана болған Анадолы халқының кеңпейіл мінезі де қойылымда жақсы көрініс тапқан. «Алтайдан ауған ел» спектаклі – жас ұрпақты отаншылдыққа баулитын, патриоттық рухқа тәрбиелейтін, туған жерді қадірлеуге шақыратын қойылым. 

Спектакльдің режиссері, «Дарын» мемле­кеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархат Молдағалидың, драматургиясын жазған талантты театртанушы Мирас Әбілдің, көркемдік жетекшілік жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстық­байдың, қойылым суретшісі Қанат Мақсұтов­тың еңбегі және қойылымдағы актерлік құрамның ойыны Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік сыйлығын алуға әбден лайық.

Серікзат Дүйсенғазы, 

ақын, Жазушылар одағының мүшесі