Адамзат өркениетінің тарихы мен мәдениеті қиын да күрделі жолды басынан өткеріп келе жатыр. Осы жолда қаншама жаңалық ашылды, оның есесіне қаншама құндылықтар жойылды.
Жаңа өркениет: үміт пен күдік
850
оқылды

Ескінің орнын ауыстырған жаңашылдық әрдайым өркениеттік сипатқа ие, бірақ уақыт өте кейбір ескі құндылықтар жанданып, қайта қалпына келіп, жаңа өркениеттік талапқа сай көркемделіп, жаңашылдық санатына ие болады. Бұл – өркениет заңдылығы. Дегенмен өркениет көші ілгерілеп, заман дамып, технология қарыштаған сайын адамзаттың алдағы күндерге деген сенімі артады немесе керісінше қорқынышы үдей түседі. Бұл да заңдылық. Жаңа заманның жаңалықтарына еліге түсіп, алдағы уақыттан тек жақсы үміт күтетіндерді «технооптимистер» десек, заман дамыған сайын адами құндылықтар құлдырай түседі деп пайымдайтын жандарды «технопессимистер» дейді ғылымда.

Технопессимизм

Жалпы, жаһандану мәселелерін шешу жолдарын зерттеуде екі негізгі бағыт қа­лыптасты: технооптимизм, яғни жарқын болашақ бастауы және технопессимизм, яғни қасіретті болашақ болжамы. Ал­ғаш­қысына ғылыми техникалық революция жетістіктерін өндірісте пайдалану арқылы жетілген өмір, ғылым мен техниканың қа­рыштап дамуын негізге алған Дж.Гелбрайт, Р.Арон, Д.Бэлл, Ж.Фурастье, А.Тоффлер сынды ғалымдар болды. Дәл осы негізге қар­­сы көзқарас ұстанған Г.Маркузе, К.Лоренц, Д.Гудмен және т.б. ғалымдар адам­дарды техника мен ғылымның құлына балап, болып жатқан түрлі экологиялық, экономикалық, қаржылық, әлеуметтік, саяси және т.б. дағдарыстарды ҒТР нә­тижесі деп көрсетті. Материалдық мәдениет пен руханилық арақатынасының көрсет­кіші іспеттес өркениетті адамзат дамуының шыңы емес, керісінше, тығырыққа апа­ра­тын жол деп есептейтін Махаттма Ганди өркениет әлемінде өмір сүретін адамдар өмірінің мәні мен физикалық игілікті мақ­сат етеді деген тұжырымға келеді. «Бұрын киім ретінде тері, ал қару ретінде найза қыз­мет ететін, ал қазір шалбар киіп, түрлі басқа киімдерді денені безендіру үшін киеді, найзаның орнына бес, тіпті одан да көп бы­тыралы тапанша қолданады. Бұрын Еу­ропада адамдар жерді қолмен өңде­ген, кейіннен бу қозғағыштың кө­мегімен адам­дар кең ауқымды жерді игеріп, көп байлық жинай алды. Мұны өркениеттің көр­сет­кіштері деп атайды. Бұрын азғантай адамдар кітап жазатын, бірақ құнды бо­латын, ал қазір кез келген адам ойына кел­генін жазып, адамдардың миларын улан­дыруда. Бұрын адамдар бір-бірімен со­­­­ғысқанда, күштеріне сенетін, ал қазір бір адам төбешік астында жатып зеңбірекпен мыңдаған адамның өмірін жоқ етеді. Бұл – өркениет. Бұрын адамдар ашық аспан астында қанша қаласа, сонша жұмыс істейтін болған, ал қазір мыңдаған жұмысшы тіршілік етуге нәпақа табу үшін фабрикалар мен шахталарда бірігіп жұмыс істейді. Олардың жағдайы жануарлардан да төмен. Олар өз өмірлерін тәуекелге тігіп, ең қатерлі жұмыстарды миллионерлер үшін істеуге мәжбүр. Осының барлығы – өркениет өл­шемі. Бұл өркениет не адамгершілікті, не дін­ді қабылдамайды, тіпті кейбіреулері дінді ырымшылдықтың өнімі деп те есептейді. Мен өзімнің жиырма жылдық тәжірибемнің нәтижесінде адамгершілік астарында өне­гесіздіктің дәріптелінетініне көзім жетті. Өркениет адамдар үшін ыңғайлылыққа қызыға ұмтылу, бірақ бақытқа емес, себебі мұн­да ол масқара сәтсіздікке ұшыраған болар еді», – дейді ол. 

Жаһанданудың ең басты техникалық құралы – ғаламтордың пайда болуы еді. Оның алғашқы даму баспалдағының өзі адамзаттың ақпараттық потенциалын айтар­лықтай дамытып, әлемнің барлық бұры­шындағы миллиардтаған адамдардың тең әрі оңай бірігуінің басты себебі болды. Ин­тернет 1969 жылы АҚШ-тағы ARP Anet компьютерлік жүйесінде Қорғаныс ми­нистр­лігінің компьютерлік орталығын біріктіруші және академиялық ұйымдар қатарында құрылды. Қазір кітап мұралары, кино қоры, музыкалық жазбалар жинағы және тағы да басқалардың электронизацияға ұмтылып, барлығы бір жүйеге біріктірілді. Басқаша айтқанда, интернет барша әлемді бірлік пен тұтастықта ұстап тұрғандай. Бұл – әлемдік прогресс және техника жетістігі. Дегенмен бұл жүйе қоғамға жаңа маман­дық­тарды игеру қажеттілігін танытты. Осы­лайша, жаһандану ағымына ілескен қоғам үшін ескі мамандықтардың жаңа өмірге са­бақтасуына байланысты жаңа маман­дық­тардың тууы, олардың қоғам дамуына, адам­дардың өз мамандықтарына деген басқаша, жаңа көзқарастарын туғызуына алып келді. Мысалы, Рим Папасы Фран­цискінің «Ин­тернет салауатты және ортақ қоғам құру үшін пайдаланылуы мүмкін. Әлеуметтік ме­диа қоғамның әл-ауқатына ықпал ете ала­ды, бірақ ол жеке адамдар мен топтардың поляризациясы мен бөлінуіне әкелуі мүм­кін» деген пікірін айтқан екен. Ал футуролог жазушы Ювал Ноа Харари «Автоматтандыру жақында миллиондаған жұмыс орындарын жояды. Әрине, олардың орнын жаңа ма­мандықтар алады, бірақ адамдардың қажетті дағдыларды тез меңгере алатыны әзірге белгісіз», – дейді. 

Ғаламтордан бөлек, соңғы жылдары жасанды интеллект те өмірімізге еніп, ай­нымас бір бөлшегіне айналып үлгерді. Тіпті, кейінгі жылдары біраз саланың маманы осыған қатысты мазасыз күйге еніп жүргенін жасыра алмаймыз. Көп мамандарға жасанды интеллектінің қарқыны мен мүм­кіндіктеріне қарап «жұмыссыз қалмаймын ба?» деген қор­қыныш тудырды. Міне, осы күй, жа­санды интеллектіден қорқу – AI-мазасыздық деп аталады екен. Олай болса, мазасыз­дықтың жаңа түрі туралы не білеміз? 

AI-мазасыздық

Жасанды интеллект адамның орнына біраз нәрсе жасай алады. Тіпті, бір жұмыстың өзінің бірнеше нұсқасын аз уақытта дайын­дап бере қояды. Оның мүмкіндіктері тым көп. Әлемнің түрлі тілінде сөйлесіп, диалог құра алады, әнге сөз жазады, емтихан сұрақ­тарын талдап, тапсырма бере алады. Міне, осыншама мүмкіндіктерімен бола­шақта адамзат баласының жылдап үйренген дағ­дыларын, айлап үйреген білімдерін ке­рексіз етіп тастамай ма? Міне, осы қор­қынышты күйді кешкен жандар AI-маза­сыздыққа ұшырайды. Мұны ағылшынша AI-аnxiety деп атайды. Ол AI (жасанды интел­лект) және anxiety (мазасыздық) деген екі сөзден құ­ралған. Бұл терминді аме­рикалық бір мар­кетинг агенттігі ойлап тап­қан. Ақыры, әлеу­меттік желіде қатты та­ралып кетеді. Бұл ма­засыздық бірнеше фак­тордан тұрады. Оның ішінде бірнеше аспектіні ерекше атап өтсек. Әр адамда болатын мазасыздықтың базалық жеке деңгейі болады. Жасанды интеллект туралы онша білмейтіндер AI та­қырыбына қорқа қарайды. Өйткені көп нәрсе белгісіз. Адамның қазіргі жай-күйіне де байланысты. Мысалы, дәл қазір өміріңізде күйзеліс дең­гейі жоғары болса, онда жа­санды интеллект араласқаны оған тіпті ауыр тиеді. Бойындағы үрейді, мазасыздықты бөлісетін адамы болмаса, онда уайым тіпті үдейді. Яғни, техникалық прогресті табиғат пен қоғам арасындағы үйлесімді бұзатын дүние деп есептейтіндердің көзқарасы. Жалпы ал­ғанда, технологияның кез келгені бастап­қыда адамдарды үрей­лендіреді. Бұл жерде бәрінде болатын ирра­ционал ойлар жатады. Сонымен қатар сөзбен сипатталуы қиын, түсіндіре алмайтын қорқыныш та болады. Мысалы, видеолар пайда болғанда «енді жұрт кітап оқымайды, театрға бар­майды» деп шық­қандар болған. Ұялы теле­фон тура­лы да түрлі алып-қашпа әңгіме көп. IT-тех­нологиялар дамуына байланысты туындаған уайымды «компьютерлік маза­сыздық», «компью­терофобия», «техн­о­­күйзеліс» деп атайды. Ол терминдер сонау 1980 жылдары пайда болған. 

Технооптимизм

Ғалымдар мен жазушылар, саясаткерлер айтқандай, жаһандану, жаңа заман техно­логиялары соншалықты қауіпті ме? Жоқ, мұның жақсы жақтарын тере білген, жаңа заманға жаңаша көзқараспен қарайтын технооптимистер де жетерлік екен. Мысалы, футуролог Рэй Курцвейл: «Жасанды ин­теллект – марстық бөгденің шабуылы емес, ол адамның тапқырлығының нәтижесі. Тех­нологиялар ақыр соңында біздің денемізге және миымызға біріктіріліп, денсау­лы­ғымызға көмектесетініне сенемін. Мысалы, біз неокортексімізді бұлтпен байла­ныс­тырамыз, өзімізді ақылды етеміз және бұрын бізге белгісіз білімнің жаңа түрлерін жа­саймыз. Бұл менің болашаққа деген көз­қарасым, 2030 жылға дейінгі даму сценарийі. Біз машиналарды ақылдырақ етеміз және олар біздің мүмкіндіктерімізді кеңейтуге көмектеседі», – дейді. Ал америкалық фи­зик-теоретик, ғылымды танымал етуші және футуролог Мичио Каку болса: «Тех­ноло­гияларды пайдаланудың қоғамға пай­дасы әрқашан қауіптерден басым болады. Цифр­лық трансформация заманауи ка­пита­лизмнің қайшылықтарын жоюға, оның тиімсіздігімен күресуге, эконо­микадағы бизнес-процестерге де, өндіруші мен тұтынушы арасындағы тізбекке де нақты құн қоспайтын делдалдардың болуынан арылуға көмектесетініне сенімдімін», – дейді.

Осы ретте біз мәдениеттанушы Абы­лай­хан Қалназаровтан аталған мәселеде пікір сұрадық. Оның айтуынша, жалпы техно­оптимизм мен технопессимизм ұғымы ту­ралы түсініктер қазір қалыптасып болған. Тек соны қолдаушылар мен қарсы болғандар тобы ғана бар. «Технооптимизмге келер болсақ, ол дегеніміз – техниканы құдірет тұту. Яғни, барлық дүниеге технологияның көме­гімен қол жеткіземіз, адамзаттың бар­лық мәселелерін (оның ішінде рухани мәселелерді де) техника шешеді деп санай­тындар тобы. Ал технопессимистер тобы болса, бұған кереғар түсінікті ұстанады. Яғни, техниканы қатты дамытуға болмайды, бұл адам мүм­кіндіктерін шектейді, техно­логия дамыған сайын адамзат өз-өзін жо­ғалтады, рухани жұтаңдыққа ұшырайды деп санай­тындар. Тіпті, осы техникаға арқа­сүйеушілік адам­заттың жойылуына әкеліп, апатқа ұшыратады деген де түсініктер бар. Бұл үрдіс бүгін ғана пайда болған жоқ. Оның тамыры сонау антикалық дәуірден бас­талады. Одан бергі заманаларда жаңа тех­нологияның шығуына байланысты маз­мұндары өзгеріп отырды. Ал біздің еліміздегі қазіргі ахуалда айтар болсақ, біздің елімізде технология қарыштап дамып кетпегенін баршасы біледі. Сондықтан одан қорқуға негіз жоқ. Қайта керісінше, бізге заманауи жаңа техноло­гиялардың көптеп келгені дұрыс. Бұл бағытта жаңа маман­дық­тарға мамандар даярлауымыз қажет. Себебі осы арқылы дамымай жатқан сала­ларды дамы­туға болады. Яғни, біздің қоғамда техно­оптимизмге жақын болға­нымыз абзал», – дейді ол.

Түйін: Дүниежүзілік экономикалық форумның 2020 жылғы баяндамасында келесі жылы, яғни 2025 жылға қарай 85 миллион жұмыс орнын жасанды интеллект басады деген болжам жасалған еді. Дегенмен есесіне, 97 млн жаңа жұмыс орны пайда болады екен. Яғни, заман ағымына ілеспеген мамандықтар көштен қала берсе, технологияның қарыштауы – жаңа мамандықтарға сұраныс тудырады деген сөз. ECWID және X-Cart электрондық коммерция платформасының негізін қалаушы Руслан Фазлиев: 

«Адамзаттың бүкіл тарихы – технооптимизм тарихы. Мен 40 жаста әлі де жас адам болып есептелуім технологияның арқасында мүмкін болды. Біздің қазіргі қарым-қатынасымыз да технологияның нәтижесі. Бүгін біз кез келген өнімді бір күнде, үйден шықпай-ақ ала аламыз – бұрын бұл туралы армандауға да батылымыз жетпеді, бірақ қазір технологиялар күн сайын жұмыс істеп, жетілдіріліп, уақыт ресурсын үнемдеп, бұрын-соңды болмаған таңдау мүмкіндігін беруде», – дейді. Яғни, өркениеттің жақсысын үйреніп, жаманынан жирене білген жағдайда ғана біз өз мүмкіндіктерімізді сан қырынан аша түсеміз деген сөз.

Наурызбек САРША