Ол замандасының 30-ға толмай опат болғанын еске салады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
“Сөздің киесі бар. Қыршынынан қиылған Денис Теннен «спортта қай жасқа дейін жүресің?» деп сұрағанда, «25 жасқа дейін» деп жауап берген. Оның 25-ке жетпей қаза тапқаны естеріңізде шығар…Оразалы Досбосынов деген алапат ақын досым көбінесе сөзді:
«Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжырықпын, Шарғынмын» деп бастайтын…
Шынында жасы 30-дан аспады, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете берді. Кейін Оралдан Асылбек Исщанов деген ақын бала шықты. Сол бала өзінің ең соңғы айтысында:
«Бір күнде бес ақынмен,
Айтысып бәрін жеңетін,
Оразалының жолын бер» деп жырлаған екен. Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек тура Оразалы ағасы құсап жол апатынан қаза тапты.
Атақты Жәнібек Кәрменовтің керемет термесі бар, сол терменің ішінде «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың» деген жолдар бар. Сол Жәнібек ағамыздың жолға жалғыз шығып, жүрегі тоқтап қалып, жол апатына ұшырап қайтыс болғанын біреу біліп, біреу білмес… Атақты Мұқағалидың да:
«Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде» деген өлеңі бар.. Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен еді”, – делінген ақынның жазбасында.
Ол біздің көбінесе сөзге мән бермей жататынымызды жеткізеді. Әсіресе, ашулансақ, балаларға ұрыссақ артық кетіп қаламыз.
«Өстіп жүріп бір бәлеге ұрынасың, суық тиіп өлесің, оқудан шығарып жібереді, адам болмайсың, енеңнен таяқ жейсің, басыңды асырай алмайсың» деген сияқты артық сөздерді айтып жібереміз. Исламда «жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген xадис бар. Ендеше жақсы ойлап, тек қана жақсы сөз сөйлеп үйренейік. Сонда бәрі де жақсы болады..!», – дейді айтыскер.