Елімізде жер қатынастарына қатысты мәселенің қозғалғаны­на бірнеше жылдың жүзі болды.
Жер – халықтың игілігі
614
оқылды

Бұл мәселе мемлекеттік дең­гей­­­де көтеріліп, бірқатар заң өз­­­­­­­­гертіліп, ережелер бекітілді. Нәтижесі де жаман емес. Ел кө­лемінде сан мыңдаған гектар алқаптар жекенің меншігінен мемлекеттің құзырына өтті. Мұн­­­­­­­­­­­­­­­дай ауқымды істің басы-қасында білікті мамандардың бар екенін баса айтқан абзал.

Жуырда ғана Премьер-Министр орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен «Пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді алып қою» жөніндегі жұмыс комиссиясының 14-отырысы өткен болатын. Отырыс барысында вице-премьер, жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді сапалы және уақытылы орындау уәкілетті органдардың басты назарында болу керек екенін атап өтті. Мемлекет үшін маңызды бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назарында болып отыр. Мысалы, 2022 жылдан бері қарайғы уақыт аралығында барлығы 11 млн гектардан астам жер ешкімнің қажетіне жарамай бос жатқан. Пайдаланылмаған және Қазақстан Республикасы заңнамасын бұза отырып өзгеге берілген жерлер мемлекет меншігіне лек-легімен қайтарылып жатыр. Бұл туралы Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялаған. «Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау бойынша тиісті шаралар қабылданғаннан кейін, жер пайдаланушылар өздерінің осыған дейін бос жатқан 3,6 млн гектар жерлерін қайта пайдалануға кірісті», –  деп жазды ол. 

Жер қатынастары мәселесін реттестіру туралы заң жобасында мемлекетке қайтарылған түрлі көлемдегі жер телімдерінің кей жағдайда мақсатсыз пайдаланылып келгендігі анықталған. Бұл туралы жыл басындағы үкімет отырысында Мұрат Теміржанов айтқан болатын. Одан бөлек, отырыста елімізде жер ресурстарын басқару мен қадағалаудың заманауи электронды жүйесі іске қосылғандығы белгілі болды. Қазір елімізде қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің орналасқан жерлері мен аудандары көрсетілген Jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы жұмыс істеп тұр. Мұнда онлайн қызмет көрсету және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру үшін ЖМБМК АЖ («Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесі) іске қосылды. 

«ЖМБМК жүйесі пайдаланушылар тарапынан көптеген наразылық тудырады, жер учаскелерін жедел және ашық бөлуді қамтамасыз ету үшін оны сапалы пысықтау қажет. Екінші мәселе, бүгінде мемлекетке қайтарылған 10 млн гектар жерді бөлу саясаты қандай? 2 млн гектар жер бөлінді, олардың әділ бөлінуіне және жаңа пайдаланушыларға кім бақылау жасайды? Қайтарылған жерлердің негізгі көлемін жайылымдар құрайды. Парламент Сенатындағы «Жайылымдар туралы» заң жобасының негізінде АШМ тиімді пайдалану үшін осы жерлерді бөлу және пайда­лану, оларды суармалы егістік, жайылым жерлерге әртараптандыру және т.б. әдіснамасын әзірлеуі қажет», — дейді Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин. 

Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілген. Одан бөлек, цифрлық ауыл шаруашылығы карталары да сәтті жүзеге асырылуда. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 145 млн мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері цифр­ландырылған. Бұл дегеніміз еліміздің ауыл шаруашылығы бойынша алып отырған алқаптың 77%-ын құрайды екен. Нәтиже жоқ емес, бар. Тіпті, үлкен іс тындырылуда деп ауыз толтыра айтуға болады. Енді осы қарқынмен жылжитын болсақ, ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруды толығымен 2025 жылы аяқтау көзделіп отыр. Әрине, жер бедерін сандық үлгіге толық өткізіп алсақ, шаруаның біршама жеңіл болатынында сөз жоқ. Одан бөлек, ешкім егін екпеген алқабын жасырып, мақсатсыз қолданған жерін тығып отыра алмасы анық. Демек, мемлекеттің құзыр­лы орындары кез келген жерді адамның қатысуынсыз-ақ бақылап жүйелеуіне мүмкіндік тумақ. Цифрландыру бағдарламасының қарыштап дамуы нәтижесінде қазірдің өзінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды ғарыштық зерттеулер арқылы жүргізіле бастаған. 

«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ спутниктері инспекторларға ауылшаруашылық жерлердің пайдаланылмауын анықтаудан басқа, сол жерлерді сот тәртібімен мемлекет игілігіне қайтаруға көмектеседі. Мысалы, осы жылдың басында Қостанай облысы Жер ресурстарын басқару департаменті JerinSpektr платформасындағы жұмыс нәтижесі бойынша 54 жер учаскесіне қатысты профилактикалық бақылау жүргізіп, 15,3 мың гектар пайдаланылмаған ауылшаруашылық алқаптарын анықтаған. Облыс бойынша соттарда ғарыштық спутниктер көмегімен аумағы 6,7 гектар 9 учаске анықталған. 

«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен бірлесе отырып жүргізілген жұмыстар шынымен де нәтиже беріп отыр. Бұл бүгінгі таңда көп мемлекеттің қол жеткізе алмай отырған кешенді жобасының бірегейі екенін ескере келе, елдің елеулі шаруаға шынымен бел шешіп кіріскендігін аңғаруға болады.

Бердібек Қабай