Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Иран президенті Масуд Пезешкианды ұлықтау рәсіміне қатысты.
Мәулен Әшімбаев Иран президентін ұлықтау рәсіміне қатысты
1,135
оқылды

Сондай-ақ палата спикері Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасымен және Ислам мәдениеті және байланыстары ұйымының басшысымен кездесті. Екіжақты кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынасты арттыру және парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Иран Ислам Республикасының жаңадан сайланған Президенті Масуд Пезешкианды сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Сонымен қатар ол Қазақстан екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беріп отырғанын атап өтті.

«Сізге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауы мен жылы лебізін жеткізуге рұқсат етіңіз. Мемлекет басшысы біздің елдеріміз арасындағы екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Иран – Каспий өңіріндегі көршіміз, сондай-ақ, Таяу және Орталық Шығыстағы маңызды сауда серіктестеріміздің бірі. Сондықтан Иранмен қарым-қатынасты нығайту біздің сыртқы саясатымыздағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл ретте Қазақстан Парламенті өз тарапынан елдеріміз арасындағы байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Иран тарапына аталған елдің делегациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Саммитіне белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. Саммиттің нәтижесінде маңызды 25 құжат, оның ішінде Астана декларациясы қабылданғаны белгілі.

Сұхбат кезінде парламентаралық ынтымақтастық мәселелері де сөз болды. Соның аясында Қазақстан Парламентінің қос Палатасында Иранмен достық топтары жұмыс істейтіні айтылды. Одан бөлек, Иранның жаңартылған Парламентінде осындай топ құру екіжақты қарым-қатынасқа оң әсер ететініне де назар аударылды.

Ислам кеңесі мәжілісінің Төрағасы Мохаммад Багер Галибафпен кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Иран Парламенттерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективасына тоқталды. Палата Төрағасы заң шығару саласындағы өзара байланыстың негізгі бағыттарын атап өтті.

«Қазақстан Парламенті Иранның Ислам кеңесі мәжілісімен өзара байланысты арттыруға мүдделі. Біздің Парламенттерімізде жұмыс істеп келе жатқан достық топтары парламентаралық ынтымақтастықтың берік негізін құрайды. Бұл бағытта өзара байланысты практикалық мазмұнға басымдық бере отырып, қалыптастырған маңызды. Сондай-ақ екі ел үшін өзекті мәселелерді оң шешуге ықпал ету және заң шығару ісінде тәжірибе алмасу да айрықша мәнге ие», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан басқа, Сенат Төрағасы Ислам мәдениеті және байланыстары ұйымының президенті Мохаммад Мехди Иманипурмен кездесті. Онда тараптар екі халықтың мәдени және рухани байланыстарын нығайту мәселелеріне назар аударды. Бұл ретте жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жолында рөлі артып келе жатқан рухани дипломатияға және осы бағытта күш біріктірудің маңызына аса мән берілді.

«Биыл қазан айында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXII отырысын өткізу жоспарланып жатыр. Онда Съезді дамыту Тұжырымдамасын әрі қарай іске асыру мәселесі талқыланады. Одан бөлек, келесі VIII Съездің тақырыбы мен өткізу мерзімі бекітіледі.

Сондай-ақ Жас діни лидерлер форумы өткізіледі. Аталған іс-шараларға Иран елінің өкілдері белсенді қатысады деп үміттенеміз», – деген Мәулен Әшімбаев Иран тарапына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бастамаларына қолдау танытып, форумның қорытынды құжаттарын әзірлеуге белсенді қатысқаны және дінаралық келісімнің идеялары мен құндылықтарын дәріптеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.