Ұлттық спорт мектеп бағдарламасына енеді

Асық ату – қазақ халқының ұлттық мәдениетінің төл өнері. Бұл ойынды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ойнауға болады.

Асық ойыны ақыл-ойдың дамуына әсер ете отырып, денені икемділікке бағыттайды және мергендік пен жылдамдықты, ептілікті қажет етеді. Асық ату бүгінде ел арасында ғана емес, өзге елде де кеңінен тарап келеді.

Биыл наурыз айында елімізде Ұлттық спорт қауымдастығының жанынан Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы құрылды. Федерация ұлттық ойынымыз асық атуды әлем халықтарына насихаттаумен және байрақты бәсекелерді ұйым­дастырумен айналысады. Сонымен қатар Дүниежүзілік этноспорт қауымдастығына ену мақсатын көздеп отыр.

Асық ату спорты елімізде ал­ғаш рет өткелі отырған V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары қатарына енгізілді. Спорттың бұл түрінен бақ сынауға әлемнің 20-ға жуық елінен мергендер қатысады деп жоспарланған. Мамандар асық ату интеллектуалды ойын ғана емес, адамды физикалық шыңдайтын және көз бен саусақтардың қимылы арқылы денсаулыққа да пайдалы әсері көп спорт түрі дейді. Асық ату ойынын бұқаралық спорт ретінде дамыта отырып, алдымен балабақшалар мен мектептерге бағдарлама ре­тінде енгізу тетіктері біртіндеп қолға алынып жатыр.

Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының қол­дауы­мен ұлттық ойындар арқы­лы педагогтердің кәсіби біліктілігі мен тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағыттал­­­ған жұмыс­тарды жүзеге асырылып, түрлі семинар ұйымдас­тырылуда.

– Ұлттық спорт түрлерін, соның ішінде асық ату ойынының «Бес асық», «Бестемше, «Үшбас», «Асық шерту, «Ханталапай» сияқ­ты басқа да түрлерін біртіндеп мектеп, балабақша бағдарламасына енгізуге болады. Ол үшін алдымен денешынықтыру және спорт мамандарының тәжірибесін, дағдысын қалыптастыру қажет. Оқу-әдістемелік кеңес тал­қысы арқылы ғылыми айналымға түсіп, негіздемесі бе­­­кі­­­тіледі. Қазір асық ойындары тә­­жірибелік, методикалық жетілдірілу нәтижесінде халықаралық дәрежеге көтеріліп, Түркия, Чехия секілді елде түрлі жарыс ұйымдастыры­луда, – деді Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директорының міндетін атқарушы Сянзия Көп­тілеуова. 

«Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы аясында қазақтың ежелден келе жатқан дәс­түрлі ұлттық ойындары балабақшалар мен мектептерге инно­вация­лық жоба ретінде енгізіліп, балалардың зияткерлік дағдысын жетілдіруде маңызды рөлге ие болып отыр. Мәселен, қазіргі күні «Бестемше» ұлттық ойынының мазмұны кеңейіп, мәні артып келеді.

– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес бағ­дарламаның негізгі бағыты әр баланың қызығушылығын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құнды­­­лық­тар негізінде оларды толыққанды дамытумен әлеуетін ашудың маңызы зор. Осы стандартқа сәйкес «Бестемше» үстел үсті ойыны инновация­лық жоба ретінде мойындалып, қазір халықаралық дәрежеде көпшіліктің қызығу­шылығын тудырып отыр, – деді №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі, Мөлдір Жолбарысова.

 Елімізде ұлттық ойынды дә­ріптеп, дамуына сүбелі үлес қос­қан азаматтардың бірі – Жомарт Сабыржанов. Ол асық ату ойынының ережесін реттеп, жүйеге келтірген азамат. Бүгінде асық атудан Қазақстан құрама командасының бас бапкері. Авторлар ұлттық спорт ойындарын бүгінгі уақыт талабына сай бейімдеп, ықшамдап ұсынудың бірнеше нұсқасын таныстырып, асық ойынының түрлі форматын ұсынып жүр. 

– Асық ату ойынынан өтетін әлемдік додаға ұлттық құрама қызу дайындалып жатыр. Негізгі мақсатымыз – «Асық атудан», «Бес асықтан» бас бәйгені жеңіп алу. Солай отанымыздың дамуына өз үлесімізді қосу. Жалпы, асықтың насихаты жаман емес. Бүгінде 90 мыңдай жас асық атумен айналысады. 1119 бапкеріміз бар. 20 өңірдің 18-інде өзіміздің федерациямызды аштық. 60-тан аса асық атудан, «Бес асықтан» Қазақстан Республикасының спорт шебері деген атақтары бар. Соның ішінде 2 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлеріміз бар, – деді Жомарт Сабыржанов.

Қазіргі күні ұлттық ойындарды дәріптеу және халықаралық деңгейде насихаттау, заманауи негізде жетілдіру бағытындағы ұсы­­­ныстарды министрлік жанындағы Ұлттық орталықтың ғы­­лыми-әдіс­­темелік кеңесі қарап, инновациялық жоба ретінде мектепке дейінгі мекемелерге және орта білім бағдарламаларына енгізу мәселелері қолға алынбақ.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ