Асық жиған бала қатары азайса да, ұлттық ойынды одан әрі дәріптеуге барын салуды мақсат еткен Кәмиланың жетістіктері аз емес. Бұған дейін Әлем кубогі, Азия чемпионаттарында жүлдегер атанған Кәмила Даниярова тұңғыш рет көшпенділер ойынында бақ сынайды.
Асық ату ойыны өз ішінде бес асық және асық ату болып екіге бөлінеді. Бес асық – қыздардың ойнайтын ойыны. Кәмила Даниярованың осы ойынмен айналысып келе жатқанына жеті жылдан астам уақыт болыпты. Әжесінің үйретуімен басталған ұлттық ойын мектептегі жарыстармен дами түсіп, биік белестерді бағындырумен жалғасқан. Осы жылы асық ойнаушылар қатыса алатын екі ауқымды жарыс белгіленген. Бірі – V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны болса, екіншісі – әлем чемпионаты. Көшпенділер ойынына дейін еліміздің түкпір-түкпірінен асықты алшысынан түсіретін шеберлер, Қазақстан чемпиондары, халықаралық дәрежедегі жүлдегерлер іріктеуден өткен. Іріктеудегі жолдама Кәмилаға да бұйырыпты.
– Көшпенділер ойыны этноспортты дамыту мақсатында ұйымдастырылып отырған халықаралық спорттық жарыс болғандықтан, дайындығымыз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Соған сай керемет нәтиже көрсетеміз деген үміттеміз. Осы жылғы көшпенділер ойынына арнайы 5 оқу-жаттығу жиыны қойылған. Алматыда, Шымкентте, Қырғызстанда, Щучинскіде 4 оқу-жаттығу жиыны өтті. Енді соңғысы тамызда Астана қаласында өтеді. Күнделікті жаттығулар жаттықтырушыларымыздың қатаң бақылауында өтіп жатыр. Нәтижесінде, командалық есепте бірінші орынды аламыз деген ойдамын, – деді көшпенділер ойынына қатысушы К.Даниярова.
Ең алғашқы жарысы мектеп кезінен басталғанын айтқан ол бастапқы жүлделері ойынға деген құмарлығының артуына себеп болғанын тілге тиек етті. Кейіннен халықаралық жарыстарда бес асықты басқа да ұлттың тәжірибесінде сынап көріпті. Мәселен, Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Якутия мемлекеттерінің ойындарын ойнап, қазақы бес асықпен ұқсастықтарын байқаған. V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін өткен Азия чемпионаты, Әлем кубогі сияқты халықаралық жарыстарда кей мемлекеттер қазақтың ұлттық ойыны бес асықты ойнап, асық атып жүлделі орындармен қайтқан. Сонымен қатар ережесі бөлек өз ойындарын да қазақ спортшыларына көрсетіп, кішігірім жарыстар ұйымдастырған. Бес асық шебері Кәмила осылайша тәжірибе алмасу арқылы бес асықтағы деңгейлерін асырғанына және ұлттық дәстүрлі ойынның қайта жаңғырып жатқанына қуанатынын жеткізді.
– Бұл – бұрыннан келе жатқан ойын. Алайда шамамен 90-жылдардан бастап дәстүрлі ойынның ұмытылып кеткен жайы бар. Қыздардың бес асық ойынын бұрын «бестас» немесе «шекемтас» деп атаған. Қазір сол ойындар жаңарып, ережелеріне ортақ өзгеріс еніп, бес асық деген атпен ұлттық ойындарымыздың тізіміне қайта қосылды. Бүгінде ұлттық спортты, соның ішінде асық ату ойынын қайта дамытуға тырысып, үлкен үлес қосып жатқан Жомарт Сабыржанов, Ескендір Рахметов, Марат Исламбеков сияқты спорт жанашырларының арқасында балалардың сүйікті ойынына айналып, мемлекеттің қолдауына ие болып отырғаны үлкен жетістік деп білемін. Енді оны әрі қарай дамыту біздің қолымызда, – деді ол.
Айта кету керек, көшпенділер ойынына қазір 89 елден өтінім келіп түскен. Соған сәйкес асық ату ойыны бойынша бекітілген барлығына ортақ ереже бар. Командалық есеппен өтетін ойын 150 ұпаймен жеңімпазды анықтайды. Кәмиланың айтуынша, көшпенділер ойынында ғана асық ату командалық есеппен өтеді, ал ел аумағында, қалалық турнирлерде жеке есеп бойынша өткізіледі.
– Бес асық ойыны 12 деңгейден тұрады. Оған қосымша ойынның соңында ұпай жинау деңгейі қосылады, сонда барлығы – 13 деңгей. Ойын ережесі бойынша барлық қатысушыға 15 минут уақыт берілген. Сол уақыттың ішінде бірінші 150 ұпай жинаған команда жеңіске жетеді. Оны былайша анықтайды: әр елден келген команда 3 ойыншыдан тұрады. Ойын тілінде айтқанда үш сақаға бөлінеді. Бірінші, әр командадан бір-бір ойыншы бір-біріне қарама-қарсы отырып ойынды бастайды. Егер ойнап отырған екі команда да 150 ұпайға жетпесе, онда ұпай саны көп болған тарап жеңімпаз атанады. Бір асық 10 ұпайға тең деп саналады. Осылайша, барлық жинаған ұпай 150-ге жеткенше немесе уақыт аяқталғанша ойын жалғаса береді, – деді Кәмила.
Ертеден келе жатқан ойын – баланы ептілікке, икемділікке баулитын тәрбие көзі. Асық ату арқылы баланың дене күші артады, денесі қатайып, шыңдала түседі. Көзі қырағыланады, зеректігі, тапқырлығы, ынтасы артады. Саусақ ойындары арқылы баланың қол моторикасы дамып, ойлау, есте сақтау, сондай-ақ көру қабілеттерін жақсартуға мүмкіндіктер бар. Кәмиланың айтуынша, асық ату ойынының бір ерекшелігі – жас талғамайды. «Біздің арамызда бес асықтан 50-60 жастағы апайлар бар. Олар қазір бес асық бойынша спорт шеберлері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары» деп мысал келтірді. Асықты далада да, алаңда да, тіпті ғимарат ішінде де ойнауға өте ыңғайлы.
– Жарыстарға апаратын өзімнің асықтарым бар. Өйткені жарыста асықтың көлеміне және өлшеміне қарайды. Жаңа бес асықты кіші де, үлкен де ойнайды дедім ғой. Сондықтан әр жасқа асық салмағы да әртүрлі болуы керек. Асықты бояйтындар да бар. Оның барлығын бояу міндетті емес. Асықтың ішінен біреуі ғана ерекше болса жеткілікті. Оны «сақа» деп атаймыз. Тағы бір айтарым, қазір көптеген халықаралық жарыста қойдың табиғи асығымен ғана емес, жасанды асықтармен де ойнаймыз. Оларды өзіміз тапсырыс бойынша алдырамыз. Асық ату ұлттық спорт түрі ретінде енді ғана дамып келе жатыр. Оны келешек ұрпаққа мұра етіп атын ғана қалдырмай, уақыт өткен сайын дамытып, ойнаушылар аудиториясын кеңейтіп отыруымыз керек, – деді Кәмила.
Асық ату ер жігіттерді мергендікке, қайсарлыққа баулыса, бес асық ойыны қыздардың нәзіктігін, қылығын көрсетеді. Сондықтан биыл алғаш рет көшпенділер ойынының қатарына қосылған асық атуда қазақ қыз-жігіттерінің бойдағы қасиеттері айқын көрінері хақ.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ