Жасөспірімнің мәйіті 4 метр тереңдіктен табылған.
Құрманғазы ауданында тағы бір бала суға батып кетті
1,441
оқылды

Қайғылы оқиға 1 тамыз күні сағат 18.10 шамасында Атырау облысы Құрманғазы ауданы Х.Доспанова ауылында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Белгілі болғандай, Шарон өзеніне суға шомылу кезінде бір жасөспірім суға батып кеткен.

"Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция бөлімі қызметкерлері мен ауыл тұрғындары іздестіру жұмыстарын жүргізді. 2 тамызда сағат 07.22-де жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері су асты іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде 4 метр тереңдіктен 2010 жылғы жасөспірімнің денесін судан шығарды", – деп нақтылады Атырау облысы ТЖД мамандары. 

Іздестіру жұмыстарына Атырау облысы ТЖД 11 құтқарушысы, 1 бірлік жүзу құралы, 3 бірлік техника жұмылдырылды.

Еске сала кетсек, 1 тамыз күні Атырау қаласына қарасты Дамбы ауылында бір үйдің екі баласы суға кетіп қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Баян Жанұзақова, Атырау облысы