Азаматтық қорғау ұлттық қызметінің басшысы Анджело Борреллидің айтуынша, Италияда коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 10 мың адамнан асты, – деп хабарлайды ANSA агенттігі.
Коронавирустан көз жұмғандар саны 631 адамға жеткен.
Дүйсенбі күнгімен салыстырғанда 168 адамға көп.
«8 514 адам қазіргі уақытта COVID-19 вирусын жұқтырған, 1004 адам сауығып шыққан» деді ол.
Борреллидің айтуынша, коронавирус жұқтырған 877 пациент жансақтау бөлімінде жатыр.
Қайтыс болғандардың 45%-ы – 80-89 жас аралығындағы адамдар, 32%-ы – 70 жас шамасындағы, 14%-ы – 90 жастан асқан, 8%-ы – 60 жастағы, 2%-ы – 50-59 жас аралығындағы адамдар.
Айта кетейік, Италияда коронавирустан көз жұмған алғашқы жағдай 21 ақпанда тіркелген еді.