Балам мектепке барды дегенше, өмірдің қилы да қызықты бір парағы ашылды деген дұрыс. Кеше ғана көңілі көктем алаңсыз ойын баласы мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ қоғамның белді бір мүшесіне айналады. Көзқарасы, балалық балғын сезімдері, еркелігі бәрі-бәрі өзгереді. Өзінше жауапкершілікті сезініп, қиялдарына қанат бітеді. Барлық баланың сәби жүрегіндегі «Мен үлкен болғанда…» деген арманы әдемі әлемнің әліппесіндей мақсаттарға жетелейді.
Сондай үлкен әлемнің бір бөлшегі болып қалыптасуы жолында бала арманның жүзеге асуы үшін алдымен ата-ананың, сосын қоғамның және мемлекеттің үлкен қамқорлығы керек. Баланың балғын қиялын ұштап, әдемі әлемге жолдама беретін де оны қоршаған орта, қоғам. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңына сәйкес еліміздің барлық балалары тең дәрежеде жалпыға міндетті орта білімді алуға құқылы.
Елімізде 2008 жылдың 1 тамызынан бастап «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мектепке дайындау және киім-кешек, аяқкиім, кеңсе тауарлары және тағы басқа қажетті заттарын түгендеп, олардың мектепке баруын қамтамасыз ету. Осы тұрғыда мемлекет жыл сайын мұқтаж ата-аналарға барынша көмек көрсетіп жатыр. Жалпыға бірдей білім беру қоры шеңберінде әлеуметтік осал санаттағы балаларды түгел қамту үшін қазір мектептердің әлеуметтік педагогтері білім алушылардың жаңа жиынтығын ескере отырып, мұқтаж балалардың тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, онда балалардың ата-аналары мектепке барып, әлеуметтік санаты туралы құжаттарды ұсынуы керек.
Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Құттымұрат Шамшиевтің айтуынша, 2024-2025 оқу жылы елорданың барлығы 102 мемлекеттік орта білім беру ұйымында 214 371 оқушы білім алады деп жоспарланған.
– Былтыр «Жалпыны шартты орта біліммен қамту» бағдарламасы аясында 14 040 оқушы, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 8 000-нан аса оқушы көмекпен қамтылған болатын. Биыл аталған бағыттарда 14 500 және 8 500 оқушыға көмек көрсету жоспарланып отыр. Білім басқармасы «Жалпыны шартты орта біліммен қамту» бағдарламасы аясында аз қамтамасыз етілген отбасылар балаларына жан басына шаққанда күнкөрістің ең төменгі шегінен кем емес деңгейде (43 407 тенге) материалдық көмек көрсетеді. Бұл қаражат мектеп формасын, киім-кешегін алуға бағытталған. Мұндай көмектен тыс қалған отбасылар балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер қаражаты есебінен канцеляриялық тауарлар, мектеп сумкасын, оқу құралдарын алуға көмек көрсетіледі. Демеушілер көмегі елорданың 5 аудандық әкімдіктерінде, мектептерде ұсынылады. Оқу жылы барысында көмекке мұқтаж отбасыларға көмек демеушілер мен меценаттардың қаражаты есебінен қарастырылады, – деді басқарма өкілі.
Мұқтаж отбасыларды қолдау мақсатындағы қайырымдылық көмектен басқа, республикамыздың барлық дерлік аймақтарында 1 тамыздан 31 тамызға дейінгі аралықта «Мектепке жол» акциясы аясында дәстүрлі мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Дәстүрлі жәрмеңкеде кеңсе тауарлары мен мектеп формасын қолайлы бағамен сатып алуға болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндағы тауарлар базар бағасынан 10 пайызға төмен болады.
Қалтаға салмақ салмай, қажетті оқу құралдарын тиімді бағада сатып алу үшін қазірдің өзінде жәрмеңкеге ағылған халықтың қарасы қалың. Астанадағы арнайы белгіленген орындарда жәрмеңке қызып тұр. Мектеп жәрмеңкесіне барған қала тұрғыны Мұрат Бақыттың айтуынша, нарықтағы бағамен салыстырғанда айырмашылық бар.
– Мектепте үш балам оқиды. Бұған дейін анасы балаларыма сөмкелерін ертерек ала беремін деп біраз дүкендер мен базарларға барғанда бағаларын қарап жүрген болатын. Жәрмеңкеден мектеп сөмкелерін қолжетімді бағада табуға болады екен деп отыр. Қарапайым тұтынушы үшін баға қолжетімді, – деді ол.
Бала – бақыт, өмірдің жалғасы, еліміздің ертеңгі жарқын болашағы. Бала өзінің арман-қиялының жетегінде білім алуға талпынып, «тез ержетсем..» деген үмітпен әдемі әлемді аңсайды. Олардың күйбең тірліктен пәк, әдемі әлемін, мөлдір сезімдері мен алаңсыз сенімдерін лайлауға болмайды. Әрбір бала бақытты балалық шақ құшағында білім нәрімен сусындап, ақ парақтай аппақ жүректерін ғылым қуатына, ізігілік пен ар-ұятқа толтырып, еліне қызмет етуді үйренуі керек. Ұрпақтың күлкісі шат, ұйқысы тыныш, қарны тоқ, көйлегі көк, рухани әлемі толысқан, өз елінің толыққанды азаматы болуы үшін бар жақсылықты жасауға тиіспіз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ