Құдды бизнестегі эволюцияның қозғаушы күші іспетті. Сондай-ақ мұндай компаниялар жаңа жұмыс орындарын құру арқылы экономиканың өсуіне ықпал етеді. Көптеген стартап бүкіл қоғамға пайда әкелетін маңызды әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешумен айналысады. Инвестиция тарту арқылы қаржы секторын дамытса, тұтынушылардың қажеттіліктеріне тез бейімделу арқылы бизнесте бәсекелестік орта қалыптастырады. Осындай артықшылықтарын ескере отырып, назарларыңызға қызықты бизнес идеялардың тиімді тұстары мен тәуекелдерін ұсынуды жөн санадық.
Қазір ең жылдам өсіп келе жатқан нарықтың бірі – табиғи, экологиялық тұрғыда таза өнімдер мен қызметтер. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап осындай тенденция қарқын алған еді. Қазір бұл жай ғана заманауи үрдіс емес, табысты бизнеске айналып отыр. Мысалы, Grand View Research есебіне сәйкес, 2020 жылы экологиялық технологиялар мен қызметтер нарығы 10,32 триллион АҚШ долларын құрады және 2021 жылдан 2028 жылға дейін орташа жылдық өсу қарқынымен (CAGR) шамамен 5% өседі деп күтілуде. Бұл деректер тұрақты даму мен экологиялық таза технологияларға баса назар аудара отырып, бүкіл әлем бойынша салаға айтарлықтай назар мен инвестиция құйылатынын көрсетеді. Нарықта әртүрлі санаттарды қамтитын көптеген экоөнім бар. Атап айтқанда, органикалық азық-түлік тауарларынан бастап, экологиялық таза жуғыш заттар, энергия үнемдейтін шамдар, қайта өңделген өнімдер, табиғи косметика салалары да қарқынды дамуда. Еліміз де бұл тенденциядан тыс қалған жоқ. Мысалы, алматылық жас кәсіпкер Айбек Рақым Еcosen қалдықтарды жинау және қайта өңдеу компаниясының негізін қалады. Ол оқушы күнінен бастап қалдықтарды сұрыптау тақырыбына қызығушылық танытқан. 2014 жылы жас кәсіпкер Tazalyk мобильді қосымшасын әзірлеп, өз идеясын жүзеге асыруға ұмтылды. Қосымша арқылы қайта өңдеуге арналған шикізат қабылдау пункттері жайлы ақпарат алуға болады. Қазір сауда орталықтарында компанияның бос бөтелкелерді жинайтын фандоматтары қойылған.
Сарапшылар Eco немесе Bio белгісі бар азық-түлік өнімдеріне алыс-жақын шет мемлекеттерде сұраныс басым екенін айтуда. Мысалы, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, қазір азаматтардың тамақтану әдеттері өзгерген. Сондықтан табиғи таза өнімді тұтынушылар саны артып келеді.
«Сатып алуға дайын адам қанша көп болған сайын, бизнес те тез бейімделеді. Біз үшін ең маңызды нарық – бұл Қытай. Үлкен бай ел және орташа жалақы көлемі де бізден жоғары. Ал Қытайдың шығыс бөлігі даму деңгейі бойынша, егер артық болмаса, АҚШ немесе Еуропадан кем емес. Олардың нарықтық минимумы өте жоғары. Қазақстан қазір бұл елге био және эко азық-түлік өнімдерін, сапалы астық, ГМА мен химиялық қоспасыз дайындалған күнбағыс майын экспорттайды. Одан бөлек, отандық ет өнімдерінің де әлеуеті өте жоғары», – дейді сарапшы.
Нарықта салмағы басым стартаптар арасында ғылыми технологиялар да бар. Соның бірі – отандық ғалымдар ұсынып отырған энергия үнемдейтін инновациялық шам үлгілері. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының ғалымы Сағи Оразбаевтың айтуынша, нанотехнология негізінде жасалған бұл шамдар өте тиімді. Нарықтағы өзге де нұсқаларымен салыстырғанда арзан әрі жарық интенситілігі жоғары болғандықтан энергияны бірнеше есе үнемдейді. Ғалымдар зертханада газдық разряд плазмасының түрлі физикалық қасиеттерін зерттеу кезінде құрамына микро, нанобөлшектер енгізе отырып, олардың жарық беруі бірнеше есе артатынын байқайды.
«Тереңірек зерттей келе, нанотехнологияға сүйене отырып газдық разрядты шамдардың жаңа нұсқасын жасау туралы ой пайда болды. Қоғамда «Жарықдиодты шамдар тиімді, неге біз кейінге оралуымыз керек?» деген сұрақтар туындап жатады. Түсіндіріп өтсем, жарықдиодты шамдардың тиімді жұмыс істеуі үшін қымбат технологиялар қажет. Қазір дүкен сөрелерінде тұрған мұндай шамдардың көбісі арзан материалдардан дайындалған. Ал шын сапалысы қымбат тұрады. Біздің шамдар одан әлдеқайда арзан», – дейді ғалым.
Шағын өндіріс цехы негізінде жасалған мұндай жобалар ғылымға негізделген экономика концепциясының жүзеге асырылуының бастауы болмақ.
Тағы бір тартымды нарықтың бірі бұл – мобильді қосымшалар. Бұрын тұтынушы нарыққа өзі барса, қазір нарық тұтынушының алдына келді. Яғни, мобильді қосымшалар кәсіпкерлерге осындай жаңа мүмкіндіктер сыйлап отыр. Инновациялық технологиялар сәт санап өзгеріп жатқан уақытта Sensor Tower қолданбалар нарығын дамыту туралы Mobile Market Forecast есебін жариялады. Онда мобильді экономиканың 2025 жылға дейін қолданбалар мен ойындардың кірісі арта түсетіні жазылған. Мысалы, сол нарықтағы қазіргі алпауыт екі компания App Store және Google Play табысы 270 миллиард долларға дейін өспек. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 111 миллиард болған еді.
Бүгінде Қазақстан да ақпараттық технологиялардың даму қарқынынан қалыс қалмай, аймақта ғана емес дүниежүзі бойынша қаржылық технологиялар саласында оқ бойы озық келеді. Одан бөлек, елімізде бағдарламалау мен заманауи қолданбалар жасап алыс-жақын шет мемлекеттердің нарығына шығып жатқан жас кәсіпкерлер де аз емес. Мысалы, осыдан алты жыл бұрын іске қосылған 1Fit қолданбасын инвесторлар бүгінде 41 млн АҚШ долларынан астам деп бағалап отыр. Тұтынушыларына әртүрлі фитнес жаттығуларына қатысуға мүмкіндік беретін бірыңғай абонемент қызметі салада төңкеріс жасады. Қазір осы концепция негізінде түрлі отандық жоба топ жарып жүр. Соның бірі – балаларға арналған үйірмелердің барлық түрін бір қосымшада тоғыстырған Yaya App қосымшасы. Компания биыл жыл басынан бері жоба айналымы 1 млн АҚШ долларына жеткенін мәлімдеген болатын. Қосымша 2024 жылдың сәуірінде іске қосылған болатын. Бұған дейін жобаға құйылған қаржы сомасы – 200 мың АҚШ доллары көлемінде болды. Жақында стартап 500 Global in Eurasia акселерация бағдарламасынан өту арқылы аталмыш венчурлық қордан 100 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты.
Қаржылық кеңесші Нұржан Күлшебаевтың пікірінше, венчурлық әлемнің басты ережесі инвестициялаудың бастапқы кезеңінде қаражаттың 51 пайызын жобаның негізін қалаушы құюы қажет. Бұл жобаның сәтті аяққа тұруына оның да қаржылық қызығушылығы бар екенін дәлелдейді. Стартаперлер қаржыгер емес, бастапқыда белгілі бір дүниелерді білмеу кешірімді жағдай. Дегенмен маманның айтуынша, енді ғана іске қосылған жобалар арасында техникалық қателер кетіп жатады. Мысалы, көп жағдайда стартап иелері салық, клиенттерді тарту шығынын, банк комиссияларын ескеру сияқты негізгі нәрселерді ұмыт қалдырады. Бірақ ең көп таралған жаңсақтықтың бірі – кірісті түсіммен шатастыру.
«Қазақстанда соңғы 2-3 жылда тәжірибелі инвесторлар ішкі нарықта қалуды көздеген жобаларға инвестиция салмайды. Тек Қазақстан секілді аз ғана нарықта жұмыс істей отырып, «дарамүйіздіге» айналу мүмкін емес», – дейді Н.Күлшебаев.
Мүмкін қазақстандық стартаптардың бизнес-модельдерінің жетістігінің сыры да осында болар. Өйткені ақпараттық технологияға негізделген CerebraAI, 1Fit, CodiPlay, EasyTap, Relog, Parqour, YAYA, Smartestprep, UvU, ApartX, CTOgram секілді жобалар – қазір шет нарықтарда өз тұтынушыларын тауып үлгерген сәтті жобалардың бірі.
Қазақстанның финтех және инновациялық технологиялар қауымдастығының мәліметтері бойынша, 2024 жылдың алғашқы алты айында елде 357 жаңа стартап тіркелген, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық. Қауымдастық өкілдері мұның алғышарты инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының елеулі үлесі деп есептейді. Биыл бұл бағдарламаның қаржыландыру көлемі 120 млрд теңге (шамамен 280 млн АҚШ доллары) болған. Бұл сегіз жаңа акселератор мен үш венчурлік қор құруға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі күнде Алматы қаласы – стартаптардың ең ірі орталығы. Мұнда еліміздің барлық технологиялық жобаларының 60%-дан астамы шоғырланған. Қазақстандық стартаптартың тартымдылығы артып келе жатқанын статистика да растайды. Мысалы, Kpitb (Kazakhstan Project Innovation Technology Bureau) мәліметтері бойынша, 2023 жылы жергілікті стартаптарға инвестиция көлемі 78 млн долларды құраса, биыл бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 35 млн долларға жеткен.
Кәмила ЕРКІН