Жаздың басында ғана Астанадағы Гете, 1 мекенжайы бойынша орналасқан ескі вокзалдың олқылығы көп деген мәселе көтерілді. Тіпті, «AMANAT»-тың Астана қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қаланың ескі вокзалын аралап шыққан. Сол мәселенің анық-қанығын білу үшін біз де ескі теміржол бекетіне бардық.
Айнадай етіп, айналасын тазалап қойса да теміржол вокзалының көнергені, тозғаны бірден көзге түседі. Әсіресе, ескі жағында плитасы құлаған, тасы түскен жерлер көзге ілігеді. Жаңа жағының өзінде жөндеу жұмысы соңғы рет осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2004 жылы болған. Ал басшылықтың толыққанды жөндеу жұмысы жүргізіледі дегеніне де он жылдан асыпты. Дегенмен Астана вокзалының мамандарынң «күзге таяу жөнделер» деген үкілі үміті үзілмеген.
– Соңғы рет жөндеу жұмысы 2004 жылы жасалған. Әрине, ескі вокзалдағы толыққанды жөндеу жүргізу бір күнде шешілмейтіні белгілі. Жоспарлайды, жобалайды, мемлекеттік сараптамадан өтуі, қаржы бөлінуі тағы бар. Бұл мәселе ҚТЖ бойынша талқыланып жатыр, осы күзде қолға алынар. Ең әуелі бізде инклюзия мәселесі, яғни ерекше жандарға қолайлы жағдай жасалмаған. Заманауи вокзалда оның бәрі қарастырылған ғой, соның ыңғайында істесе нұр үстіне нұр болар еді. Оған қоса, техникалық жағдайын жақсарту керек. Ескі вокзалдың орналасқан жері жақсы, осыған жұрт үйреніп алған, келімді-кетімді адамы көп, – дейді Астана вокзалының сервисі бойынша жетекші инженері Оксана Джигарин.
Оның айтуынша, вокзалға күніге орташа есеппен 21 мыңдай адам келіп-кетеді. Халықтың көп келуі – ЕХРО кезі, бір тәулікте 40 мың адам вокзалға кіріп-шыққан. Көрме кезінде қызметкерлердің санын көбейтпей-ақ үш ай бойы жұмыс істеп, ешқандай ескерту алмағанын сөз етті.
– Негізі теміржолшылар өзі бір бөлек әлем. Жай ғана әлем емес, тіршілігі қайнап жатқан өмір. Бір күнде қаншама адамның тағдырын, қиындығын, шарасыздығын, қуанышын көреміз. Күйсіз жүргеннің жағдайын жасап, аш жүргеннің тамағын әперіп, жалаңаш қалғанды киіндіріп, күйеуінен зәбір көргенге панамыз. Вокзалға келген әрбір адам әрқашан өзіне қолдау, сүйеніш таба алады. Өйткені әр қызметкер өз жұмысын, яғни вокзалды өз үйіндей көреді, оған жанын беруге даяр. Шынын айтқанда, қызметкерлердің арасында әуелде «уақытша дүние» деп ойлағанымен, артынан бауыр басып кеткені де бар, – деген Оксана Викторовна өзінің де мекемеге солай келгенін мойындады. Қазір оның осында істегеніне 14 жыл болған.
Жаз маусымында сұраныстың көбеюіне орай Астана, Шымкент, Алматы бағытында 14 жұп пойызы және қала маңына 11 пойыз қатынайды. Ал оның 4 жұп пойызы Бурабайға барады.
«Пойыз кешіксе сойып саламын» дегендер де болды
Инженерлік пен басшылық құрамды есепке алмаса, мекемеде барлығы 4 бөлім бар. Олар: перрон, анықтамалық, анықтама беру, диктор бөлімі. Вокзалдың әкімшілік ұжымы қалыпты жұмыс уақытымен істейді. Инженерлік құрам мен вокзал бойынша кезекшілер күндізгі және кешкі кезеңге бөлінеді. Он екі сағаттан бір күн, бір түн ауысыммен жұмыс істейді.
– Электрик пен сантехникті қосқанда бір ауысымда 15 адам жұмыс істейміз. Бір күн, бір түн істеп, екі күн дем аламыз. Бұрын жаз мезгілінде ғана жолаушылар саны көбейсе, соңғы жылдары қысы-жазы толастар емес. Вокзалға тәулігіне 21 мыңдай адам келіп-кетеді. Үсті-үстіне пойыздар қосылып жатыр, бірақ халық саны азаяр емес. Мәселен, вокзал ішінде қызмет көрсету, қолымызда бар ақпаратпен бөлісу – біздің жұмыс, оны халыққа түсіндіріп болмайсыз. Олардың ойынша вокзал, жолсерік, кассир – бәрі бір ұйым. Өз ішімізде бірнеше бөлімге бөлінетінін көбісі түсіне бермейді. Мысалы, вокзал ішіндегі жолақ теміржолдікі болса, арғы жақтағы жолақ – Астана станциясына тиесілі. Біз оған жауап бермейміз. Жолсерік өзінің вагонына, кассир билетке жауап беретіні секілді әркім өзінің жұмысына жауапты, – дейді Вокзал бастығының кезекші көмекшісі Толқын Әзімбаева.
Оның айтуынша, жұрттың көпшілігі пойыз уақытынан кешіксе де, қандай да бір бағытқа билет болмай қалса да ашуын вокзал қызметкерлерінен алуға бейім.
– Бізге жұртшылықпен тіл табысып, оларға көмектескені емес, пойыздың кешіккені қиын. Кәдімгідей күйзеліске түсіреді. Пойыз кешігіп келсе де, кеш шықса да жолаушылар бізді жерден алып, жерге салады. Алғашқы соққыны біз аламыз. Қолдан келер басқа шара жоқ, үндемей ғана ашуы басылғанын күтеміз. Әсіресе, пандемия кезінде вокзалға «ашықпен» кіргізетін еді. Тексеріс барысында жолаушының бірі «міне, саған ашық» деп бастан ұрып жіберген, – деген Толқын Әзімбаева көбіне дүрсе қоятын қазақтар екенін жасырмады.
«Әсіресе 20 жас шамасындағы жастар, соның ішінде ер-азаматтар өте шыдамсыз. Жасының кішілігіне қарамай, бірден ұрсыса жөнеледі. Қасындағы ата-анасына сөз берместен «пойыз кешікті, неге сендер бірдеңе істемейсіңдер?» деп алқымыңнан алады. Өткенде бір жігіттің пойызы уақытынан кешікті. Ол сабыр сақтаудың орнына «пойыз 27 минутта жүрмесе, сені сойып саламын» деп ашуға булықты. Сасқанымнан «жарайды, сойсаң сой» деп қойып қалдым. Бірақ ішімнен пойызы уақытында жүрсе екен деп тіледім. Кейде өзінен-өзі килігетін де адамдар бар. Жақында ғана жолаушының бірі кенеттен анықтама бюросының әйнегін сындырып та жіберген. Ішінде жұмыс істеп отырған қыз әйнек гүр етіп құлағанда шошып, талып қалды», – дейді вокзал бастығының кезекші көмекшісі.
Өмір барда өлім бар
Толқын Қанағатқызының ескі вокзалда жұмыс істеп жүргеніне 16 жылдан асқан. «Жұмысқа алғаш келген күнім – 2008 жылдың 16 қыркүйегі. Қызымның туған күнімен сай келгендіктен есімде қалған. Бірнеше мамандықтың иесі бола тұра, өзіме адамдармен жұмыс істеген ұнайды. Сол себепті де вокзал жаныма жақын. Сырткөзге көрінбеуі мүмкін, алайды вокзал іші қым-қуыт тіршілігі бар, өзі бір әлем, қайнап жатқан өмір» деген ол басынан өткергені де, көргені де көп екенін айтты.
– Бір күннің ішінде талай жанның тағдырына куә болдық... Келінімен немесе баласымен ренжісіп Көкталдағы қарттар үйіне бағыт алғандар да, күйеуінен зәбір көрген қыз-келіншектер де, мүмкіндігі шектеулі жандар да вокзалды паналап келеді. Бірінің билеті болмаса, енді бірінде ішерге тамағы жоқ. Тіпті, барар жері, басар тауы жоқ жандардың талайына пана. Әрқайсысына қолымыздан келгенше көмектесеміз. Өз ішімізде ақша жинап, тамақтандырып, билетін әперіп, пойызына не таксиге отырғызып жібереміз. Басым көпшілігі бұл әрекетімізді жанашырлық деп ойламайды. Істеуге міндетті деп санайды. Тығырыққа тіреліп, амалы қалмаған жанға қалай жаның ашымайды, қалай көмектеспейсің? Арасында жолаушыларға жөн сілтеп, жол көрсетіп, таксистерге өтініп, тегін отырғызған да күндер аз емес. Елге мейіріміңді төккенге, көмек қолын созғанға не жетсін? Жағдайды түсініп, жолсеріктер де атсалысқанына алғысымыз шексіз. Кезекшілігімде әріптестерім «Бүгін ешкімге көмектеспейікші», «Толқын, осы сенікі бітпейді» деп күліп жатады, – дейді Толқын Әзімбаева.
Астана вокзалының сервисі бойынша жетекші инженері Оксана Джигарин де вокзал ішіндегі әр күн қызық пен шыжыққа толы екенін сөз етті.
«Жастардың талайы Love stories түсіріп, жан-жақтан біраз құда-құдағилар келіп, талай беташардың куәгері болдық. Арасында тойбастардың шашуынан ауыз тиіп, жұғысты болсын деп жүреміз. Әрине, видеоға ұялы телефонмен түсіре беруге болады. Ал арнайы видеокамерамен келсе, басшылықтан рұқсат алуы тиіс. Бір кездері дәл Жаңа жыл мерекесінде, 1 қаңтарда нәресте дүниеге келген. Өмір бар жерде өлім бар демей ме, қас-қағым сәтте жолаушыдан айырылып қалғанбыз. Егде жастағы адам пойыздан түсе салып, құлап қалды. Сөйтсек қан қысымы жоғары екен. Өкінішке қарай, көмектесіп үлгермедік, сол жерде көз жұмды», – деді Оксана Викторовна.
Екі қызметкер қанша шаршаса да осы мекенге бүйрегі бұрып тұратынын айтты. «Адамдармен сөйлесіп, оларға көмектесу ұнайды. Бір жанға жақсылық жасасам – күнімнің жақсы өткені. Шаршауымды да ұмытып кетемін», – деді Вокзал бастығының кезекші көмекшісі Толқын Әзімбаева.
10-15 жылдай вокзалды паналап жүргеннің арасында зиялылар көп
Олардың айтуынша, вокзалға келушілер қанша ашуланса да, әдепсіздік көрсетсе де ішінде жанашыр жандары да табылады. «Жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, өзге біреудің жол ақысын төлеуге көмектесуді сұрасаң, қолындағы барын беруге даяр тұрады. Қуантатыны – халқымыздың мейірімділігі», – дейді вокзал бастығының кезекші көмекшісі.
Сонымен қатар, вокзалды үйсіз-күйсіз жүрген жандардың паналайтыны белгілі. Соның арасында көбісі зиялы қауым екен.
– Қазіргі тілмен айтқанда тұрғылықты мекенжайы жоқ жандар да осында бас сауғалайтыны рас. Бәрі-бірдей қаңғыбас, қараусыз қалған жандар деуге де келмейді. Көпшілігі көзі ашық, оқыған жандар, кәдімгі интеллигент жандар. Кәдімгідей өз дәуренінде мықты математик, дәрігер, хирург, физик секілді беделді тұлға болған. Олардың бәрінің үй, бала-шағасы бар. Тұрмыстық жағдайы да жақсы. Соған қарамастан ішімдікке салынып, дала кезіп кеткен. Негізі оларды вокзалдан қуып шығаруға құқығымыз жоқ. Ол да біздің еліміздің азаматы ғой. Күннің жылысында «сыртқа шығуын, мұнда ұзақ тұрақтамауын» сұраймыз. Арасында Полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінетініміз де рас. Алайда олардың өз келісімінсіз бейімдеу орталығына да жібере алмаймыз. Адамгершілікке салып, шама-шарқымызға қарай қарайласамыз, – деді Толқын Әзімбаева.
Оның айтуынша, арасында 10-15 жылдан бері вокзалды паналап жүргені аз емес.
– Соның бірі – ҚазақССР-нің Еңбек сіңірген гимнасты. Жасы 60-қа келсе де апамыз сұлулығын жоғалтпаған. Жас кезіндегі талдырмаш мүсінін, сұлу келбетін сақтап қалған. Үй-жайы да, жағдайы да жақсы. Киімі бүтін, тап-таза, жып-жинақы жүреді. Бет-әлпетінен күтімі бары, тоқ екенін байқалатын. Өзінің бала-шағасы да бар. Естуімше, үлкен қызметтегі адамдар. Соған қарамастан ішіп алатын. Ал ішсе, дала безіп кетеді. Содан вокзалға келіп қонып, таңертең үйіне кететін. Осындай күйде 2000 жылдардан 2014 жылға дейін жүрді. Ақыры сондай күннің бірінде өлтіріп кеткен.
«Дәретханаға барып келемін» деп сәбиін тастап кеткен ана
Вокзалға келушілерді мазалайтын басты проблема – тұрақ мәселесі. Оксана Джигариннің айтуынша, вокзал маңындағы тұрақ олардың игілінде емес. Жекеменшіктікі болған соң, ол мәселені шешуге қауқарсыз.
– Бұл – біздің игілігімізде емес. Жекеменшікпен келісімшарт жасасқан. Әрине, пойыз көбейген сайын келушілердің саны да еселене түседі. Ол жерде 250-300 жуық көлікке арналған орын бар. Егер тұрақ біздің аймаққа кірсе ғана біз жауап бере аламыз, – дейді Оксана Викторовна.
Ал жүк тасушылар вокзалдың орталығымен келісімшарт жасасып, жұмыс істеуге рұқсат алған. Бірақ оларға жалақы төленбейді. Ақысын жолаушылардың жүгін тасудан шығарады.
Вокзал қызметкері қазір пойыздарда ақы төлемеуге жалтарып, қашып-пысып жүретін жолаушылар саны азайғанын айтты. «Жылдан-жылға «зайчик» жолаушылар азайып, жойылды. Жолаушылар тасымалдау ережесін сақтайды. Оған құлақ аспайтын негізінен – көпбалалы аналар. 4-5 баласына бір ғана билет алып алады. Ереже бойынша ата-ана өзімен бірге тек бір баланы тегін алуына рұқсат. Қалған балаға орын алуы міндетті. Жаңа туған нәрестеге болса да билет алуы тиіс. Осыны көп ата-ана түсіне бермейді. «Бірдеңе болса, баламыз 7 жасқа толмаған. Үлкен балама, жолдасыма, өзіме билет алдым ғой, өзге кішкентай балаға не қажеті бар?» деп шығады, – деді Вокзал бастығының кезекші көмекшісі Толқын Әзімбаева.
18 жасқа толмағандар балаларды ата-анасының рұқсатынсыз пойызға алмайтыны тағы бар. Вокзал ішінде балаға байланысты оқиға да көп екен...
– 2013 жылдары бір ана «15 минут қарай тұрыңыздаршы, дәретхана барып келейін» деп емізулі баласын тастап кеткен. «Жарайды» деп алып қалғанымды қайтейін әлгі келіншек келмеді. 15 минут емес 9 сағат өтті. Анамыз жоқ. Кезекшілігім бітті, кешкі сағат 8-дерде үйге қайтуым керек. Қайдан кетесің?! Бала деген шырылдап жылап жатыр. Не істерімізді білмедік. Вокзалда пойызын күтіп отырған жолаушыларға дейін уайымдап кетті. Кейбірі жылап та алды. Қолдан келер шара жоқ. Емізулі сәбиді тамақтандырғанға да қорқасың. Баланың жылауы басылар емес, керісінше өршелене түскендей. Енді жарты сағатта келмесе, өзіммен бірге үйге алып кетуге дайын болдым. Кешкі сағат тоғыздарда әлгі келіншек түк болмаған кіріп келіп, баланы кеудесіне алып, емізе бастады. Ешқайсымыз ұрса алмадық. Бәріміздің есіл-дертіміз баланың тыныштығы, анасы нәрестесін емізіп болғанша көз алмай қарап отырдық. Сол кезде жүрегіміз орнына түсті. Міне, осы нәрсе жүрегімізді ауыртты. Негізі әлгі келіншек қандай да бір сырқатқа шалдыққан-ау. Дені сау адам нәрестені 9 сағатқа тастап кете ме? Оның үстіне ол еш қобалжып, үрейленбеді. Бейне бір қас-қағым сәтке ғана ұзағандай болып отыр, – дейді Толқын Әзімбаева.
Егер жолаушы пойызға отыруға үлгермей қалса, ол үшін пойыз тоқтатылмайды. Жолаушы тек келесі стансадан немесе келесі пойызға отырады. «Бірде 10-11 жастағы 120 шақты бала пойыздан қалып қалды. Жетекшісі уақытын шатастырып алған ғой. Алматы облысынан байқауға келіпті. Оны естіген ата-аналар әлгі жетекші қызға звондап, шет-шетінен ұрсып жатыр. Бір уақытта әлгі қыз «не істерімді білмеймін, көмектесіңізші» деп жылап жіберді. Сасқанымнан жалма-жан Olх-тан автобус қарап, оның біреуін жалдауы – 180 мың теңге. Ал бізге керегі екі-үш автобус. Оған төленетін ақшаны басқармасы әлі аудармаған. Жүргізушіге мән-жайды түсіндіріп, стансаға жеткенінше ақша төленетінін айттық. Ол да жағдайды түсінді. Содан ГАИ қызметкерлерінің көлігі бірге жүріп отырып, стансаға жеткізіп, пойызға отырғызып жібергеніміз бар», – деді ол.
Панасыздарға пана болып қана қоймай, вокзалдың қайнаған тіршілігі қым-қуыт екені бәріне белгілі. Әдетте, кішкентай ғана ғимараттың іші де, сырты да адамға толы. Ерсілі-қарсылы біреу вокзалға кіріп жатса, енді бірі шығып жатыр. Аялдайтын туристер қаншама?! Осының бәрін ескерсек, көпшіліктің қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болуға тиіс. Оның үстіне, тоғыз жолдың торабында тозған вокзал біздің абыройымызды көтермесі анық. Сондықтан вокзалды күрделі жөндеуден өткізу – кезек күттірмейтін мәселе.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.