Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановты қабылдады.
Өңдеу өнеркәсібінде оң динамика бар
939
оқылды

Президентке өңірдің биылғы бірінші жарты­жыл­дықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берілді.

Марат Ахметжановтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығының жалпы өнім кө­лемінде, көлік қызметі мен байланыс саласында оң динамика байқалады. Сонымен қатар облыс әкімі экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қолға алынған шаралар туралы айтты. Агроөнеркәсіп саласында дәнді дақылдардан 5 миллион тоннадан астам өнім алу көзделіп отыр. Мемлекеттік қаржы инс­титуттарының қолдауымен 7 ірі тауарлы сүт фер­масы салынуда. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 9 жобаны іс­ке қосу жоспарланған. Жалпы, облыс эконо­ми­касына 179 миллиард теңгеден астам инвестиция тар­тылды. Өңірдің инвестициялық портфелінде 187 жо­ба бар. Олардың аясында 1,7 мың жұмыс орны ашыл­мақ. Облыс экономикасын одан әрі әртарап­тан­дыру мақсатында Аршалы ауданында респуб­ли­калық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағы құ­рылды. Әлеуетті инвесторларды тарту және оларға «бір терезе» қағидасы бойынша қолдау көрсету үшін елордада Aqmola invest инвестицияларды дамыту орталығы ашылды.

Президентке су тасқынының салдарын жою жә­не зардап шеккен азаматтарды қолдау шаралары­ның орындалу барысы жөнінде мәлімет берілді. Бү­гінде 711 үй толық жөндеуден өтті. 331 үйдің құ­ры­­лысы жүріп жатыр, 221 тұрғын үй сатып алынған. 1782 отбасыға бір реттік көмек берілді. 814 отба­сы­ның мүлкіне келген залал өтелді. Жабай және Қыл­шақ­ты өзендерінің арналары тазартылып, айналма ка­налдар салынып жатыр. Сонымен қатар жаға­лауларды нығайту жұмыстары қолға алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыту маусымына дайын­дық, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және облыс орталығын абаттандыру туралы баян­дал­ды. Көкшетау қаласының тұрғын үй қорын жаң­ғырту және жаңарту үшін 150 ескі үйді бұзу, сондай-ақ ­32 көппәтерлі үй салу жоспарланған. Биыл 2 мың­нан астам отбасының баспана жағдайы жақ­сара­ды. Көкшетау, Степногорск және Атбасар қа­лаларында жалпы ұзындығы 26,4 шақырым болатын жы­лу желісі жөнделіп жатыр. Бұл желілердің тозу деңгейін орта есеппен 4,2 пайыз төмендетуге мүм­кіндік береді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ая­сында 9 мектептің құрылысы аяқталады. Оның төр­теуі жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға бе­ріледі. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жо­басы бойынша 43 мың тұрғынға алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысан­ның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Кездесу соңында Президент Ақмола облысының стра­тегиялық даму жоспарын жүзеге асыру жұмыс­тарын жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы өңірдің еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз етуде негізгі рөл атқаратынына назар аударып, аг­роөнеркәсіп кешенін жаңғырту, соның ішінде егін жи­нау науқанын уақтылы әрі сапалы атқару маңыз­ды екенін атап өтті.