Ауыл әйелдерінің форумы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту арқылы ауылдың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттырудың жолдарын іздейтін, бастамаларды талқылайтын алаңға айналды.
Аталмыш жиында Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері бас қосты.
– Соңғы алты жылда аймақтарда ауылдық әйелдер форумын өткізу дәстүрге айналды. Жеке шаруа қожалықтарының дамуын, мемлекеттік бағдарламалардың жаңалықтарын, әлеуметтік саладағы жетістіктерді бас қосып, талқылап жатырмыз. Форумға қатысушылар Coca-Cola Belesteri жобасының бизнес негіздері және Farmer school онлайн фермерлік шаруашылығы бойынша тренингтер арқылы практикалық білім алады», – деп түсіндірді Қазақстан ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің IV,V,VI шақырылымдары депутаты Майра Айсина.
Форумға келген 200-ге жуық қонақтың ішінде кәсіпкерлер мен әлеуметтік нысан өкілдері бар. Тағы біршама қатысушы Қостанайдағы форумға онлайн қосылды. Кәсіпкерлер еңбегінің жемісін жыл сайынғы Coca-Cola Belesteri байқауының жеңімпаздары мен Қостанай облысы қолөнершілерінің қатысуымен ұйымдастырылған өнім жәрмеңкесінде көруге болады. Қонақтар қолдан жасалған зергерлік бұйымдарды, қолөнер, сүт өнімдерін, ойыншықтарды, үй тоқыма бұйымдарын және сәндік бұйымдарды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Өңірлік форумдардың нәтижесі қарашада Астанада өтетін Қазақстан ауыл әйелдерінің VII республикалық форумы алаңында қорытындыланбақ.