Қазақстан мен Өзбекстан – жақын көрші­лер, сенімді әріптестер және қа­тар қоныс тепкен бауырлас мем­лекеттер.
Ортақ мүдде біріктірген бауырлас халықпыз
1,456
оқылды

Өзбекстан Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдерімен өзара сенім мен тату көршілікке негізделген қатынастарды да­мы­ту жолымен жүріп келеді. Өзбек және қазақ халықтары жа­қын көршілер ғана емес, көпжақты ынтымақтастықтың кө­п­те­­ген аспектісі бойынша бір-бірін бауырлар ретінде қолдап отырады. Бұл туралы Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі, академик Иброхим Абдурахмонов Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында айтып берді.

Өзбекстан мен Қазақстан – жақын көрші­лер, сенімді әріптестер және қа­тар қоныс тепкен бауырлас мем­лекеттер. Екі елдің халықта­ры арасындағы өзара байланыс­тар мен бауырластық қатынас­тардың ұзақ тарихы бар. Кейін­гі жылдары екі мемлекет ара­сын­дағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гумани­тарлық және басқа салалардағы өзара тиімді қатынастар қарқын­ды дамып жатыр.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық әріптестік

Қазақстан біздің елдің Орта­­лық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық әріптесі екен­дігін ерекше атап өткен жөн. 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жоғары деңгейдегі кездесулердің арқасында елдеріміз арасындағы өзара тиімді қарым-қатынас жаңа кезеңге өтті. 2016 жылғы қыр­күйектен бастап жоғары дең­гейдегі 5 мемлекеттік сапар және 10-нан астам жұмыс сапары болды, тараптар арасында 20-дан астам кездесу өткізілді. Осы кездесулер барысында 230-ға жуық мемлекетаралық, үкіметаралық және салааралық құжатқа қол қойылды. Олар елдеріміз ара­сын­дағы ынтымақтастықтың құқық­тық негізі болып саналады. Бұ­ған қоса, Өзбекстан мен Қазақ­стан БҰҰ, ТМД, ШЫҰ, ИЫҰ, Түркі­тіл­дес мемлекеттер ұйымы және бас­қа да құрылымдар аясында бел­сен­ді түрде ынтымақтасып отыр.

2018 жылы «Қазақстандағы Өзбекстан жылын» және 2019 жылы «Өзбекстандағы Қазақстан жылын» өткізу елдеріміздің мәде­ни-гуманитарлық салалар­дағы ынтымақтастығын айтар­лықтай ны­ғайтты.

Мемлекеттер арасындағы қатынастар Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мәңгілік достық туралы шартты (1998 жыл), Стратегиялық әріптестік туралы шартты (2013 жыл), Одақтастық қатынастар туралы шартты (2023 жыл) және жақын әріптестік, теңдік, бірлік және жоғары сенім қағидаттары баяндалған басқа да құжаттарды қоса алғанда, бірқатар құжат негізінде нығая түсті.

Бүгінгі таңда екі елдің көшбасшылары көпжақты әріптестікті дәйекті түрде дамытуға және нығайтуға деген нық ұмтылысын, сондай-ақ жаңа биіктерге иық тірестіре жету ниетін көрсетіп жүр. Өзара достық байланыстар нақты практикалық қадамдармен байытылып, жоғары траектория бойынша дамып келеді.

«Өзбек пен қазақ – жақын көрші ғана емес, ортақ тарихи мұра, мәдени және рухани құндылық байланыстырған бауырлар. Бұл – баға жетпес байлығымыз, біз оны айрықша бағалаймыз. Мен тағдырымыз қандай ортақ болса, болашағымыз сондай ортақ болатынына сенемін», – деген еді Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев.

Бұл ретте екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тық динамикасына тоқталу орынды. Қазақстан аумағында Өзбекстан резиденттерінің қатысуымен 1400-ден аса кәсіпорын құрылды. Қазақстанда өнер­кәсіптік кооперация бойынша ірі жобалар іске асырылу үстінде. Атап айтқанда, Қостанайда, Шымкентте және Түркістанда «Ravon» автомобильдерін құрастыру, сондай-ақ тұрмыстық техника мен тоқыма өнімдерінің өндірісі жолға қойылды.

Екі достас мемлекет арасындағы ынтымақтастық сауда қатынастарымен ғана шектелмейді. Қазақстан еліміздің экономикасына инвестиция құюға ерек­ше көңіл бөліп отыр. Өзбекстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 1100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 6 есе аз болды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық

Біздің елдің ауыл шаруашылығында әлі де көптеген пайдаланылмаған мүм­кіндік бар. Сондықтан кейінгі жылдары аграрлық секторды дамыту мем­лекеттік саясаттың арқауына айналды. Осылайша, Өзбекстанның ауыл шаруашылығы ішкі нарықты сапалы жеміспен және көкөніспен толтырып қана қоймай, көрші және алыс шетелдердің нарықтарын да иемденіп жатыр.

Соның ішінде Өзбекстан мен Қазақ­станның ауыл шаруашылығы жөніндегі бірлескен жұмыс тобы екі ел арасындағы осы саладағы ынтымақтастықтың өзекті міндеттерін іске асырумен белсенді айналысады.

Өзбекстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда-экономикалық әріптесі саналатын Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық сауда, инвестициялар, ғылым және институттық ынтымақтастық саласында белсенді дамып келеді.

2023 жылғы 7-8 қыркүйекте Самар­қандта азық-түлік қауіпсіздігі мәсе­лелері жөніндегі Халықаралық конферен­ция өтті. Оған Қазақстанның Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің басшы­лығы бастаған делегация да қатысты.

Конференцияда ауыл шаруа­шы­лы­ғының, орман және балық шаруашы­лығының өнімділігі мен орнық­ты­л­ығын арттыру, соның ішінде ауыл шаруашылығының жоғары өнім­ді секторларын негізделген саясат пен тәжірибе арқылы қолдау және таби­ғи ресурстарды орнықты пайдалану­ды қамтамасыз ету мәселелері талқы­ланды. Жетекші тақырыптар ұсақ ауыл­шаруашылық тауар өндірушілерін қолдау үшін қауіпсіз және тиімді азық-түлік жүйесін құру, ауыл­ды жер­лерде кедейшілікті азай­ту, агроазық-түлік жүйелерінің инклю­зивтілігі мен тиімділігін арттыру болды. Осы шешімдер бойынша келешегі ауқымды келісімдерге қол жеткізілді.

2023 жылғы 4 қазанда Ташкентте «Тиімділігі жоғары ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және техниканы пайдалану деңгейін арттыру үшін инновациялық шешімдер» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға қазақ ғалымдары мен ғылыми мекемелердің өкілдері онлайн-режімде қатысты.

Аграрлық салада қол жеткізген келі­сім­дер мен кәсіпкерлер арасында орна­тылған ынтымақтастықтың нәти­жесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің өзара сауда­сының көлемі 1,87 млрд долларға тең болды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты – 179,7 млн доллар, ал импорт – 1,69 млрд доллар.

Өзара сауда-саттық көлемі жыл сайын артып келеді

Биыл қаңтар-шілде айлары ара­лығында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің өзара сауда көлемі – 909,9 млн АҚШ долларды құрады. Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты – 161,7 млн доллар, ал импорт — 748,2 млн доллар.

Экспортталатын өнімдер – көкөніс (52,3 млн доллар), жеміс (28,9 млн доллар), кептірілген жеміс пен көкөніс (11,4 млн доллар), темекі бұйымдары (12,3 млн доллар), мал азығы дақылдары (8,0 млн доллар), сусындар (6,8 млн доллар), кондитерлік бұйымдар (5,8 млн доллар) және өңделген өнімдер (2,2 млн доллар).

Импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізімінде дәнді дақылдар (293,5 млн доллар), май (71,3 млн доллар), ет (38,3 млн доллар), жануарларға арналған жем (36,4 млн доллар), сусындар (34,7 млн доллар), көкөніс (26,1 млн доллар) және азық-түлік өнімдері (26,3 млн доллар) бар.

Айта кету керек, фитосанитарлық бақылау және өсімдіктерді қорғау жайы мемлекеттер арасындағы ауыл шаруа­шылығы өнімдерін экспорттау және импорттау үдерісінде әрқашан басым мәселелер болып қала береді. Себебі бұл саладағы тұрақты да сапалы жұмыс ауыл шаруашылығының болашағына тікелей әсер етеді. Бұл бағыттағы ынтымақтастық дәйекті түрде жолға қойылғаны маңызды.

Былтыр 2 наурызда Германияның Орталық Азиядағы сауда ережелерін жеңілдету жөніндегі жобасының (GIZ) тех­никалық қолдауымен өткізілген Орта­лық Азия фитосанитарлық қызмет­тері­нің өңірлік кездесуінде Өзбекстан мен Қазақстанның ақпараттық жүйелері көрсетілді.

Сол жылы 25-28 сәуір аралығында Өзбекстан мен Қазақстанның шекаралас аумақтарында (3 км радиус­та) карантиндік объектілердің ошақ­тарын анықтау үшін бірлескен тексерулер жүргізілді. Қазіргі уақытта екі мемлекеттің карантиндік қыз­меттері фито­са­нитария саласындағы ақ­параттық жүйелерді интеграциялау бойын­ша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Көршілес екі ел арасындағы әріптестік аграрлық білім беру саласында да жүзеге асырылып отыр. Мысалы, 2023 жылғы 17-29 сәуір аралығында Термездегі агротехнология және инновациялық даму институтының 11 профессоры мен оқы­­тушыларынан құралған делегация Қазақстанның ұлттық аграрлық зерттеу университетінде біліктілікті арттырудан өтті.

Былтыр Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің жанындағы Тұқым шаруашылығын дамыту орталығы Қазақ­станға 1,2 мың тонна мақта тұқы­мын, 12 тонна күріш тұқымын жеткізді. Биыл қаңтарда осы орталық Қазақстанға 1,9 мың тонна мақта тұқымын жеткізу жөнінде келісімшарт жасасты. Осы уақытқа дейін 150 тонна өнім жеткізілді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жобалар

Сондай-ақ екі көрші мемлекет ара­сындағы әріптестік негізінде бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жат­қанын айтқан жөн. Сырдария облысы­ның Сырдария ауданында құрылып жатқан Өзбекстан мен Қазақстанның Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы ауданында 1 миллион тонна астықты терең өңдеу (26 млн доллар) және өсімдік майларын өндіру (5 млн доллар) жө­ніндегі жобаларды іске асыру жос­парланып отыр. Бұл жоба үшін жауап­кершілік қазақстандық «К-Агро» компаниясына жүктелген. Ол өзбек әріптесі «А-Соммех» ЖШҚ-мен бірлесіп, жобаны іске асыруды бастауға дайын. Жо­ба­ны іске асыру Өзбекстан мен Қа­зақ­станның Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын (ХӨКО) құрудан басталмақ.

Бұдан бөлек, құны 8 млн АҚШ доллары болатын бірлескен жобаны іске асыру үшін Қазақстанның «Меат Magnat» ӘКК-сі мен Өзбекстанның «Премиум Beef Well» ЖШҚ бірлескен компания құрды. Жобаның бірінші кезеңінде Түркістан облысының Сайрам ауданында 3,5 мың бас ірі қара ұсталатын мал шаруашылығы кешені іске қосылды, сондай-ақ жемшөп базасына қосымша 50 гектар жер бөлінді. Екінші кезеңде ірі қара санын 20 мың басқа дейін көбейту және қосымша жер учаскелерін (2 мың гектар) бөлу жоспарланған.

Осындай бірлескен әрекеттердің барлығы ғасырлар бойғы достық байланыстармен, өзара дәстүрлермен, құндылықтармен және тиімді әріптестік қағидаттарымен үйлесім тауып, лайықты бағаланып отыр.

Бұған қоса Қазақстанмен жаңа келешектегі жобалар әзірленіп жатыр. Мысалы, Түркістан облысында жібек шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаны іске асыру туралы келісімге қол жеткізілді. 2024-2029 жылдарға арнал­ған осы жоба Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі жанындағы Жібек шаруа­шылығын және жүн өнеркәсібін дамыту комитетінің және «Қазақ Жібек» бірлестігінің қолдауымен жүзеге асырылатын болады. Жоба үш кезеңде іске асырылмақ. Бірінші кезеңде Түркістан облысына жалпы құны 32 млн доллар болатын тұт жібек құртының 80 млн дана пілләсі жеткізіледі (5 млн піллә 2024 жылы жеткізіледі) және 10 мың гектар жер бөлінеді. Екінші кезеңде Түркістан облысына жібек құрты жұмыртқасының тиісті түрі жеткізілетін болады. Экспорт­талған тұт жібек құртының пілләлары Түркістан облысының климатына бейімделіп, жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін Өзбекстан-Қазақстан тұқым өсіру кәсіпорнын құру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Қазақстан аумағында (Қостанай, Ақмола және Павлодар об­лыс­тарында) дәнді дақылдар және жем­шөп өнімдерін өндіру жобасын іске асы­ру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тағы бір келешегі зор қадамды атап өткен жөн. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары мен аграрлық салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер делегациясы Қазақстанда жүр. Бұл сапардың негізгі мақсаты – 50 мың гектар жер учаскесінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен ірі қара мал өсіру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін негізгі шарттарды келісу.

Делегация мүшелері Қазақстанның Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Сол­түстік Қазақстан облыстарының аграр­лық саласындағы жауапты тұлға­­лар­мен және кәсіпкерлермен кезде­­седі. Бұл кездесулердің мақса­ты – Өзбекстандағы дәнді дақылдар­мен, мал шаруашылығымен, құс шаруашы­лығымен және балық шаруашылығымен айналысатын ірі ауыл шаруашылығы субъектілерінің астық қоры мен жемшөп базасын жақсарту үшін Қазақстанның аграрлық кәсіпорындарымен ынтымақ­тастық туралы келісімдерге қол қою. Кез­десулер аясында екі елдің заңнама­сына сәйкес ынтымақтастық туралы үлгілік келісімнің жобасы қаралды. Кәсіпкерлер мен Үкімет өкілдерінің ұсыныстары негізінде келісім жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

Келісімдерге сәйкес бүгінде бірлескен өнімдер өндірілетін жер учаскелерінің жай-күйін тексеру, сумен жабдықтау мен инфрақұрылымды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі жақтың да мүдделеріне сай келетін осындай жобалар бойынша дос­тар мен бауырлар ретінде жұмыс істеу, көршілік пен бауырластық қағидаттары негізінде болашақ мақсаттарды белгілеу, сондай-ақ жаңа аграрлық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру маңызды. Мұндай әріптестік екі елдің дамуында шешуші рөл атқаратынына сенімдімін.

Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту екі ел мен екі бауырлас халық үшін өте тиімді әрі болашағы зор деп санаймын. Мемлекеттер арасындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды және басқа да байланыстарды нығайту ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық деңгейін айтарлықтай арттыруға жаңа мүмкіндік туғызады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.