Арада қаншада уақыт өтсе де, желіде баласымен такси жүргізіп танылған автоледи уәде етілген пәтердің кілтін алмаған.
"2 жыл бұрын қор атынан сертификатпен табысталған үйді сол күйі берген жоқ": Перизат Қайратқа қатысты тағы бір дерек шықты
Фото: Әсел Омарованың жеке мұрағатынан
10,139
оқылды

Елорда тұрғыны Әсел Омарова stan.kz-ке хабарласып, осыдан екі жыл бұрын  BIZ BIRGEMIZ  қорының атынан өзіне Перизат Қайрат шыққанын, әйелге пәтер берілетінін мәлімдеп, үміттендіріп қойғанын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Тіпті, бұл “сыйлық” сертификат түрінде гала концертте  ресми түрде табысталған. Дегенмен арада қаншада уақыт өтсе де, желіде баласымен такси жүргізіп танылған автоледи уәде етілген пәтердің кілтін алмаған.

Естеріңізде болса, 2 жыл бұрын бес айлық құндақталған сәбиін ұстап, бір қолымен рульді басқарып, такси қызметін атқарған астаналық әйел желі жұлдызына айналған еді. Оның әрекеті көпті таңғалдырып, желіде қызу талқыға түсті. Қазақстандықтар бірауыздан қолдап, Әсел Омароваға 1,7 миллион теңге жинап беріпті. Осы жағдайдан соң әйелмен Перизат Қайрат байланысқа шығып, үйіне барған. Сол кезде отбасына пәтер сыйлауға уәде еткен, тіпті көптің алдында сертификат табыстаған. Бірақ сол күйі үй берілген жоқ дейді.

“Жамандыққа қимаймын, дегенмен “барды бар, жоқты жоқ” деп айтар сәт келгендей. 2022 жылы қарашада Перизат үйіме келіп, “үй табыстаймыз” деп айтып кеткен еді. Кейін жаңажылдық мерекеге орай үлкен гала концерт болып, сол жерде сертификат ұстатқан. Бірақ үй берілмеді”, – деді астаналық Әсел Омарова.

Әсел Омароваға белгілі бір тұрғын үй комплексінен үй беріледі деп айтылған. Бірақ кейін хабарсыз кетті дейді. Айтуынша, өзі хабарласқан кезде “күнде ертең” деп түрлі сылтаумен Әселді ұзақ күттіріп қойған.

Фото: Әсел Омарованың жеке мұрағатынан

“Үміт деген қиын екен, “әне, міне беріп қалар” деп күтіп жүр едім. Соңғы рет 4-5 ай бұрын хабарластық, сол кезде “1-2 айдан соң беріледі” деді. Бірақ қайтадан үнсіз қалды”, – деді ол.

Әсел балаларымен әлі де пәтер жалдап тұрады. 

Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Biz Birgemiz қорына қоңырау шалды, алайда қордың көрсетілген телефон нөмірі өшірулі болған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.