Кинорежиссердің айтуынша, қазақ жастарының үлгі тұтатын адамы — ата-анасы болуы керек.
Қазақ аруларының өзге ұлтқа күйеуге шығуы — әке-шешесінің тәрбиесі — Талғат Теменов
Видеодан алынған кадр
1,810
оқылды

Бұл туралы театр және кинорежиссері Талғат Теменов «Ұждан» әкелер алаңына берген сұқбатында айтты, деп жазады Aikyn.kz.

«Мен Талдықорған театрында жұмыс істеп жүргенде Назым Хикметтің «Елеусіз қалған елшілер» қойылымы сахналанды. Нұрмұхан Жантөрин басты рөлде сомдады. Сол уақытта киноға бет бұрамын деген ой келді. Нұрмұхан осы шешіме қолдау танытты. Бір күні түс көрдім, бөшке үстіне мініп, ұшып жүр екенмін.  Біз «әке» сөзін қолданбай «папа» деп өскен ұрпақпыз. Түсімді әкеме жорыттым.  «Түсің жақсы екен балам. Үлкен бір өзгерістер тосып тұр. Жақсылық болады», - деді әкем.  Сол кезде Мәскеу қаласына «кинорежиссер» мамандығын оқығым келетінін айтып, әкемнің ақ батасын алдым. «Менің көзім тіріде оқығаның дұрыс. Мәскеу үлкен шаһар, ғылым мен білімнің ордасы. Бұл шешіміңді қолдаймын»,- деді папам. Әкемнің осы сөзі маған қамшы болды. Егерде сол кезде «Мәскеуді қайтесің, бір дипломың болады. Елмен қатарлы жұмысыңды істей бер», - десе бүгінде тарихымда, өмірімде басқаша болар еді.  Алайда әкемнің ақылы, күш-жігері менің тағдырымды өзгертті»,- деді Талғат Досымғалиұлы. 

Кинорежиссердің айтуынша, қазақ жастарының үлгі тұтатын адамы — ата-анасы болуы керек.

«Қазақ жастарына әдебиетте «Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтан үлгі алу керек» деп айтатындар бар. Алайда өмірдің бәрі кітап, тикток емес, өмірдің өзінің заңы бар. Сондықтан қызға үлгі – анасы, ұлға – әкесі. Өйткені, ананың бойындағы жақсы қасиеттер де, жаман қасиеттер де қызға беріледі. Қазақ даналығында «Анасын көріп, қызын ал» деген тәмсіл бар.  Ал ер бала қалыптасып, өсер кезде әкенің бойындағы қасиеттерін сіңіріп өседі. Әкенің рөлі отбасында үлкен. Отбасында бала түсінбейді деп былапыт сөйлеу, темекі, шарап ішу балаға әсер етеді. Сондықтан баланың көзі ашылғандағы ұстазы – биологиялық әке-шешесі ғана емес, баланың алғашқы еліктейтін, содан ақыл сұрайтын ата-анасы. Бүгінде қазақ аруларының өзге ұлтқа күйеуге шығуы, ол қыздың кінәсі емес. Сол әке-шешесінің берген тәрбиесі, сөйлеген сөзі, әсіресе ана тілінде емес, өзге тілде сөйлеуі баланың психологиясына керісінше әсер етеді. «ХХІ ғасырдағы еркін өмір сүретін жастармыз, кім болса соған махаббатпен қосылсам болды» деген ойдың барлығы халықтың жоғалуына, оның демографиясына, қазақ тілінің қолданыс аясының тыс қалуына алып келеді және оның бәрі әке- шешенің кінәсі. Сондықтан ата-ананың тәрбиесі маңызды»,- деді Талғат Теменов.

Оның айтуынша, өмірге келгеннен кейін әкеңнің абыройын ойлау керек, одан кейін балаларыңа жақсы әке бола білу қажет. 

«Әке –  асқар тау. Менің тіренішім, менің сүйенішім.  Бұл өмірге келуге себепші бірінші – Алла, екінші – әке. Сол үшін әкенің рөлі ұшан-теңіз. Әке сенің бұл өмірдегі ең қамқоршың. Сенің сырласың - әке.  «Шешеме жаман атымызды естіртпейік, әкемізге «Пәленшенің баласы» деген атаққа қалмайық деп өмір сүрдім.  Ал өзім әке болғаннан кейін менің балаларыма «әкең жаман адам» деген сөзден аулақ болу үшін өмір сүрудемін. Өмірдің құпиясы, көбейту кестесі секілді заңдылығы өмірге келгеннен кейін әкеңнің абыройын ойлау, одан кейін балаларыңа жақсы әке болу. Бұл өмірдің қағидасы. Қазақтың «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген қанатты сөзі бар. Біз оқ жонып, тон пішкен ұрпақпыз» , - деді Т.Теменов.