Павлодар облысы Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек ауылында «AMANAT» партиясы мен жергілікті атқарушы органдарының өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Партияның мобильді қоғамдық қабылдауы ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдап, оларды шешуге көмектесу мақсатында көшпелі шара ұйымдастырды.
Мобильді қоғамдық қабылдау жұмысына «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Әсел Қожахметова, «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Айнұр Мұхамедиярова, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Қалауиден Ибрагимов, Павлодар облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаменті басшысының орынбасары Евгений Губарев, «МӘСҚ» АҚ Павлодар облысы филиалының басшысы Айгүл Қапенова, сондай-ақ аудандық депутаттар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы жергілікті пошта бөлімшесінің жабылуы туралы мәселе болды. Жергілікті тұрғын Мағауия Рахымов ауылдағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді.
«Бізде 200-ден астам зейнеткер тұрады. Оларға қалаға бару қиын, олар пошта мен зейнетақы төлемдерін осы жерден алады. Біз бұл жағдайды түпкілікті шешуді сұрадық», – деді Мағауия Рахымов.
Сонымен қатар тұрғындар интернет сапасы мәселесін де көтерді. Байланыстың тұрақсыздығы ауыл мектебі оқушыларының білім алу жүйесінде қиындықтар туғызуда.
Облыстық мәслихат депутаты Қалауиден Ибрагимов қоғамдық қабылдау жұмысы барысында айтылған басқа да өзекті мәселелер туралы сөз қозғады.
«Бүгінгі таңда негізгі мәселелер су деңгейі көтерілетін Ертіс өзенінің жайылмасымен байланысты. Адамдар шөп шабу мәселесі туындауы мүмкін деп алаңдайды. Бұл мәселелер облыс басшылығы мен облыстық мәслихаттың бақылауында», – деді ол.
«AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Әсел Қожахметова айтылған сауалдарды пысықтау тетігі туралы баяндады.
«Міндетті түрде қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түсетін барлық мәселелер жергілікті атқарушы органдарға, әкімдіктерге жіберіледі және қажет болған жағдайда республикалық деңгейде қаралады», – деді ол.
Аталған қиындықтарға қарамастан, ауылда оң өзгерістер де байқалуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әуелбек ауылында 6,8 шақырым асфальт жол төселді, мәдениет үйі, орталықтандырылған су құбыры салынды, кафе ашылды, жақында мешіт жөнделіп, жағажай қалпына келтірілді.
Партия өкілдері ауыл тұрғындарына өз ісін ашу немесе қолданыстағы бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген несиелер алуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы да айтып берді.
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауларының көшпелі кездесулері тұрақты негізде өткізіледі. Жақын арада «Д.Д. Махмұтов атындағы Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ қызметкерлерімен кездесу жоспарланған.