«Ақшаңырақ» тұрғын үй кешенінің тұрғыны, астаналық адвокат Әлімжан Жұбатқанов шағын жерге 14 қабатты үй салғызбай, оның орнына гүлбақ (сквер) болуы үшін күресті.
Астанада жоспарланған 14 қабатты үйдің орнына гүлбақ салынды
1,295
оқылды

«Ақшаңырақ» тұрғын үй кешенінің тұрғыны, астаналық адвокат Әлімжан Жұбатқанов шағын жерге 14 қабатты үй салғызбай, оның орнына гүлбақ (сквер) болуы үшін күресті.

Астана қаласы Дауылпаз көшесі, №11 үйдің 0,3 гектар жер теліміне жер иесі жер телімін 2021 жылы қоршап, «Ақшаңырақ» тұрғын үй кешенінің алдына 14 қабатты тұрғын үй кешенін салмақшы болды. Әлімжан Жұбатқанов осы үйдің тұрғыны ретінде осы әділетсіздікпен күресті. Өйткені бұл жерде орын өте тар, тіпті көліктер де өте алмайтын. Балаларға арналған ойын алаңы және көлік тұрағы іс жүзінде болмаған. Осы мәселе бойынша адвокат Әлімжан Жұбатқанов 2022 жылы бұрынғы әкім А.С.Көлгіновтың қабылдауында болып, бұл жерге көпқабатты үй салу мүмкін еместігін, оның орнына «Ақшаңырақ» тұрғындарына гүлбақ алаңы салынуы керектігін айтты. Әкім Әлімжан Жұбатқановты қолдап, Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен «Астана бас жоспар» ЖШС-не «гүлбақ алаңы» етіп Астананың бас жоспарына түзетулер енгізуге тапсырма берді. 2021 жылдан бастап 2024 жылға дейін, 3 жылға жуық уақыт бойы адвокат Ә.Жұбатқанов бұл аймақта жақсы жасыл гүлбақ болуы үшін ізінде жүрді.

Содан Ә.Жұбатқанов 2023 жылы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қабылдауына кіріп, мемлекет мұқтажы үшін аталған жер телімін сатып алуды және жерді гүлбақ «абаттандыру» жұмыстарын жасау керектігін айтты, әкім Ж.М.Қасымбек қолдап, бұл мәселені түбегейлі шешті. Аталған жер телімінің иесі әкімнің жер телімін «гүлбаққа» ауыстыру туралы шешімімен келіспей, әкімшілік сотқа шағымданып жүгінді.

Осы сот отырысына Әлімжан Жұбатқанов үшінші тұлға ретінде қатысып, тұрғындарды қатыстырды, сотқа гүлбақ алаңы өте қажет екенін, ол жерге 14 қабатты көппәтерлі үй салуға болмайтынын, бұған жол беруге болмайтынын түсіндіріп жеткізді. Сот уәждерімізді түсініп, қолдап, жер телімінің иесінің арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Енді сатып алынғаннан кейін бұл жер телімі Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімдігінің балансына гүлбақ салуға берілді.

Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы Әлімжан Жұбатқановқа саябақ жұмысы 2024 жылдың 6 шілдесінен басталады деп уәде берген еді, сол уәдесінде тұрып, айтылған уақытта келіп, гүлбақ (сквер) жобасын көрсетті. Қазіргі уақытта саябақ үшін бұл учаскеде жұмыс жүргізіліп жатыр, 10 тамызда бітеді деп жоспарлануда.

«Ақшаңырақ» тұрғын үй кешені Бауыржан Момышұлы даңғылы Г, А үй, 1 блок тұрғындарының барлығы осы үйдің тұрғыны әрі адвокат Әлімжан Жұбатқановқа алғысы шексіз, егер ол дер кезінде арызданып тоқтатпағанда құрылыс салушылар осы жерге 14 қабатты үй салып тастаушы еді. Адам құқығын қорғау, адам мүддесін қорғау – игілікті іс. Бұған қанша жүйкесі тозып, күш, уақыт, қажырлы еңбек жұмсалып, көптеген арыз-шағым жазылды, бұл бірден өз бетінше бітетін жұмыс емес екені анық. Мұндай жұмыс жасау үлкен күш-жігерді талап етеді. Осылайша қоғам үшін армандаған гүлбақ саябағы пайда болды.