Еуразия ұлттық университетінде «Орталық Азия тарихы: халықтар мен мәдениеттер арасындағы диалог» тақырыбында Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының І форумы өтті.
Ғылыми қоғамдастықта үлкен жауапкершілік бар
818
оқылды

Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ведомство, жоғары оқу орындарының басшылары және Астана қала­сындағы ЖОО докторанттары мен магистранттары қатысты.

Жиынның мақсаты – Орталық Азия мемлекет­терінің сарапшы-ғалымдары арасындағы диалогты күшейту арқылы бірегей кеңістіктегі, мәдени және саяси контексте тарихи үдерістерді зерделеуге және тарихи құбылыстарды бағалауға синхронды көзқарасты қалыптастыру үшін алғышарттар жасау.

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов алғаш рет өт­кізіліп отырған халықаралық форумның алдында тұрған міндеттерге тоқталды. 

«Форумның міндеті – біріншіден, Орталық Азия мемлекеттерінің ғылыми-зерттеу құрылым­дары арасында жаңа байланыстар орнату және қолданыстағы байланыстарды бекіту. Екіншіден, Орталық Азия мемлекеттерінің ғылыми мектептері арасында тәжірибе және ғылыми әзірлемелер алмасу. Үшіншіден, Орталық Азия елдерінің тарихы бойынша зерттеулерді жандандырып, жалпы тарихтың күрделі аспектілері бойынша ортақ тәсілдерді әзірлеу үшін жағдайлар жасау. Төр­тіншіден, жас тарихшыларды даярлау тетік­терін әзірлеп, жас ғалымдар арасындағы байла­нысты нығайту», – деп атап өтті ректор. 

Сонымен қатар Орталық Азияның өткен та­рихына тоқтала келіп, бұл аймақ түркі және парсы тілдес халықтардың мыңдаған жыл бойы бірлесе, тату көршілікте өмір сүріп келе жатқан ортақ территориясы бар, діні мен ділі бір, салт-дәстүр мәдениеті, тағдыры, тарихы ұқсас халықтар екенін жеткізді. 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық Азия тарихшыларының қазіргі уақыттағы өзекті пікірлері мен ой-тұжырымдарын форум соңында күтетінін және қатысушы ғалым­дардың нақты ұсыныспен шығатындарына сенім білдірді.

«Орта Азияда біздің тарихымыз ортақ, сон­дықтан бүгінгі басқосу өте маңызды деп білемін. Бұл форум осындай форматта бірінші рет өткізіліп отыр. Келешекте тұрақты, үлкен бір салаға айнала­ды деген ойдамын. Біз жалпы тарихты, ғылыми бағыттардың перспективаларын талқы­лап, ынты­мақ­тас­тықты қалыптастыру үшін бұл диалог алаңы жай өткінші болмауын қалаймыз. Орталық Азия үшін біріктірілген ғылыми зерттеулердің пайда болуы, ортақ тарихымызды қайта қарас­тыруды бастау біз үшін өте маңызды. Ғылыми қоғам­­дастықта үлкен жауапкершілік бар. Біз ғы­лыми сараптаманы тарих ғылымына қайтаруымыз ке­рек», – деп түйді сөзін министр.

Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының форумы көрші елден келген ғалымдарды да бей-жай қалдырмады. Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абду­халимов бұл іс-шара өзекті тақырыпты қамтыған және дер кезінде ұйымдастырылған форум екенін атап өтті. 

«Мемлекеттеріміздің басшылары аймақ ғалымдарының Орталық Азияның жалпы тарихын зерттеуге және бірлесіп жұмыс істеуіне барынша жағдай жасайды деп білемін. Орталық Азияда бізге зерттеуге қажетті құжаттар жеткілікті. Бұл құжаттар Орталық Азия өңірінде ежелгі өркениет пен ғылымның бұрыннан бар екенін тағы бір дәлелдей түседі және бізде ортақ басылымдар мен конфе­ренциялар болады деп үміттенемін. Маңызды фактор – кадрларды дайындау. Біз Орталық Азиядағы ортақ тарихымыздың дамуы үшін жұмыс істеуіміз керек», – дейді вице-президент. 

Форумға қатысушылар пленарлық мәжілістен соң үш секцияға бөлініп, «Ежелгі дәуірден Тәуелсіздікке дейінгі Орталық Азияның тарихы мен мәдениетіне синхронды көзқарасты қалып­тастырудың өзекті мәселелері», «Орталық Азияның қазіргі тарихы: тенденциялар, болжамдар, мүмкін­діктер», «Орталық Азия елдерінің жас ғалым­дарының диалогы» тақырыбында талқылау өткізді. 

Сонымен қатар қатысушылар жиын соңында күн тәртібіндегі мәселе бойынша арнайы қарар қабылдады. Оның ішінде Орталық Азия мем­лекеттері арасындағы гуманитарлық байланыс­тарды жандандыру және нығайту; Тарихи құ­былыстар мен процестерді, олардың интер­претацияларын бағалауда ортақ көзқарасты қалыптастыру мақсатында Орталық Азия мемле­кеттері ғалымдарының ынтымақтастығын күшей­ту; Аймақтың табиғи және мәдени мұрасының бірегейлігін көрсетуге қабілетті «Орталық Азия» туристік брендін ілгерілету секілді мәслелер бар.

Өткізіліп отырған іс-шара Орталық Азия тарихшыларының тарихи-мәдени мұраларын тереңірек зерттеу мен талдауға және гуманитарлық білім саласындағы шығармашылық жұмыстардың жаңа көкжиегін анықтауға ықпал ететіні сөзсіз.