Дамыған елдердің қатарына қосылуға бастайтын бағыттардың бірі – азаматтық қоғам қалыптастыру.
Азаматтық қоғам – ел дамуының кепілі
коллаж: Елдар ҚАБА
648
оқылды

Өйткені ол демократиялық үрдістерді жетілдіреді. Сондықтан мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі. 

Тұжырымдаманы әзірлеуге шақырып отыр

Бүгінгі қазақ қоғамы әркелкі топтар мен әралуан көзқарастары бар бұқара боп қалыптасқаны рас. Этностық та, діни де, гендерлік те, өмір салты жа­ғынан да бір халықтың ішінде айыр­машылық көп. Қазір көпұлтты, қостілді мемлекетпіз. Мұндай әралуандық тек бізге ғана емес, маңайымыздағы көп­теген елге де тән. Оған да шүкір, тәуел­сіздік таңында шатаспай құқықтық-зайырлы жолды таңдап алдық. Содан бері демо­кратияны ту еткен Қазақстанда бүгінде басты құндылық – адам құқы мен оның бостандықтары. Бірде жеңіп, бірде жеңілгені бар, бұл ұстаным соңғы 30 жылда күн тәртібінен түскен емес. Қай­бір елден ілгері, қайбір елден кейін азаматтық жолмен дамып келеміз. Ең бастысы, мемлекет пен қоғам арасында саналы да конструктивті әріптестік даму керек екенін түпкілікті де дұрыс түсіне алдық. 2020 жылы 27 тамызда бекітілген Азаматтық қоғамды дамыту тұжырым­дамасы соның жетекші құжаты боп отыр. Сол кезде ол І кезең – 2020-2025 жылдар, ІІ кезең – 2026-2030 жылдар боп қа­былданған еді. Осы бірінші кезеңде көптеген заң өзгерді, соның ішінде Конституция жаңарды. Сол жаңарумен бұған дейін автократияны көздеген көптеген заң ескірді. Оның үстіне, жа­һандық өзгерістер де бұл құжатты же­тілдірудің өзектілігін айғақтап беріп отыр. Сол себепті екінші кезеңге да­йындық бас­талды деуге болады. 

«Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғамды дамыту тұжы­рымдамасына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мақсат – мемлекет пен азаматтық сектор арасында берік қо­ғамдық келісім орнату. Бұл жұмысқа сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдері тарты­лады. Олар тұжырымдаманың бірінші ке­­зеңінде атқарылған жұмысты талдап, халықаралық тәжірибені сараптайды және әлеуметтік зерттеулер жүргізеді. Қазақстан Республикасы МАМ осы жылдың тамызынан бастап, азаматтық сектордың негізгі сегменттері бойынша зерттеулер ұйымдастырады. Қыркүйек және қазан аралығында ел өңірлерінде болашақ стратегияны қалыптастыруға өңірлік қоғамдастықтарды қарқынды тартуға бағытталған жария талқылаулар ұйымдастыру жоспарланған», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Қазақстанның қоғамдық даму институты сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдерімен терең сұхбат жүргізіп, жап­пай сауалнама жасамақ. Осыған бай­ланысты министрлік азаматтық қоғам өкілдерін, сарапшыларды және барлық мүдделі тарапты жаңа тұжырымдаманы әзірлеуге қатысуға шақырып отыр. Аза­маттық қоғамды дамыту бойынша бар­лық ұсыныс 2024 жылғы қазан айының соңына дейін қабылданады.

ҮЕҰ үшін дербес заң керек

Азаматтық қоғам дегенмізде оны қалыптастыратын да, жүзеге асыратын да азаматтық ұйымдар екені белгілі. Мәселен, олардың қатарына партиялар, кәсіподақтар, діни бірлестіктер, кейбір БАҚ, Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) және тағы да басқалары кіреді. Со­лардың ішінде қай жағынан алғанда да ҮЕҰ-лар көш бастап тұрғаны аян. Өйт­кені олар араласпайтын сала жоқ. Сондықтан да Азаматтық қоғамды да­мыту концепциясын жетілдіре түсуді олар ең бірінші кезекте қолдайды. Өйт­кені бұл салада қаншама жұмыс ат­қарылып жатыр. Десек те, шешімін тап­пай тұрған мәселе әлі де көп. Соның бірі Үкіметтік емес ұйымдар туралы дербес заңның жоқтығы. 

«Біріншіден, қандай да бір қарым-қатынас заңмен реттелу керек екені белгілі. Азаматтық ұйымдар дегенде, ең бірінші кезекте Үкіметтік емес ұйымдар тұр. Өйткені олардың саны да көп, жұмысы да қарқынды. Бірақ осы ҮЕҰ-лардың өздерінің заңы жоқ. Ал олардың қызметі реттелетін «Коммер­циялық емес ұйымдар туралы» деген заңға қоғамдық ұйымдардың бәрі кіреді. Айталық, саяси партиялардың өздерінің заңы бар, кәсіподақтардың да, бұқаралық ақпарат құралдар туралы да, діндердің де өздерінің заңы бар. Олар біз сияқты коммерциялық емес ұйымдар туралы заңмен де, өз заңдарымен де реттеледі. Ал Үкіметтік емес ұйымдар сол 2005 жылы қабылданған заңмен әлі жүр. Жыл сайын ол өзгеріп түзетілгенімен, елеусіз ғана түзетулер енгізіледі. Негізінде, бұл заң мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы қарым-қатынасты тек қаржылық есеп бойынша ғана реттейді, одан артық еш пәрмені жоқ. Бұл Қазақстанның азаматтық қоғамының бүгінгі сипатын, оның көш басында тұрған ұйымдарға деген мем­лекеттің көзқарасын білдірсе керек. Ал қоғамдық бастамалардың қайнар бас­тауында тұрған белсенді азаматтардың басын құрайтын Үкіметтік емес ұйым­дар – азаматтық қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан да бұл тетіктің күшін реттейтін дербес заң керек», – дейді «Қазақстанның Аза­маттық Альянсы» Президенті Бану Нұрғазиева.

Қазір ол осы заңның жобасын да­йындап, оны Парламентке жеткізу қамымен жүр екен. Айтуынша, қоғамдық бастамаларды қандай да бір мемлекеттік органдар немесе бизнес өкілдері жасай алмайды, олар қарапайым азаматтардың жеке құлшыныс-ынтасымен ғана жүзеге асырады. Ол адамдар идея үшін жұмыс істейтіндіктен, белгілі бір жағдайларда тегін де қызмет қыла береді. Қиын жағ­дайда қалғандарға көмек қолын соза­тындар, мәселен ауыр дертке шалдыққан науқастарға, әлде ерекше қа­жеттілігі бар балалары бар отбасыларға, жазасын өтеп түзеу мекемелерінен шық­қандарға, жоғалып кеткен адамдарды іздеуге көмек­тесетіндер – солар. Қоғам­ның маңызды салаларында: жемқор­лықпен күрес, нашақорлықпен күрес, алаяқтық­пен күрес бойынша да жұмыс істеп жатқан қоғамдық бірлестік көп. Сондық­тан да дербес заңда осынау аза­маттық ұйымдар туралы жайттар бүге-шігесіне дейін жазылуы керек. Осы ретте қоғам белсендісі Үкіметтік емес ұйымдар мем­лекеттен қырып ақша алып жатыр деген мифті де жоққа шығарды.

«Мәселен, елімізде 23 мың ҮЕҰ бар болса, соның тек 17 мыңы ғана жұмыс іс­теп тұр екен. Енді сол 17 мыңның 6 мыңы ғана өкілетті мемлекеттік органның, яки Мә­­­дениет және ақпарат министрлігінің реестрінде тіркелген. Бұл реестрге енбесең, ешқандай грантқа да, тапсырыс қа қатыса алмайсың, мем­лекеттен ешқанда да жоба ала ал­майсың. Сондықтан да еліміздегі ҮЕҰ-лардың 3/1-і ғана мемлекеттен ақша алып отыр деуге болады. Қалғандары жеке сек­тордағы қаржымен, шетелдік қара­жат­пен күнелтуде. Олар мемлекеттен ақша алмағандықтан жабылып қалып жатқан жоқ. Тіпті, демеушілердің қаржысымен 20-30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық ұйым көп. Міне, егер заң болатын болса, біз осы тұстағы саяси-экономикалық, қар­жылық, ашықтық мә­селелердің барлы­ғын көрсетер едік», – дейді ол.

Бану Ғаниқызының көтеріп отырған тағы бір мәселесі – азаматтық ұйым­дардың экономикаға сіңірген үлесін бағалау. ҮЕҰ-лар нақты өнім өндірмей­тіндіктен бұл санатқа жатпайды. Бірақ қалай болғанда да олар белгілі бір көлемде ұзақ жылдардан бері тұрақты жұмыс орынын қамтамасыз етіп отыр. 23 мың ҮЕҰ болса, соның әрқайсысында орта есеппен 5 адам жұмыс істейді десек, бұл 100 мыңнан астам жұмыс орны. Сұх­баттасымыз соның ескерілгенін сұрайды. Өйткені өзге мемлекеттерде мұндай тәжірибе бар. 

«Осындай заң қабылданса, көп нәрсе шешілер еді. Өйткені ел өміріндегі өзекті проблемаларды шешу жолында белсенді азаматтар өздері ынта танытып, бас бі­ріктіріп бірдеңе жасамаса, оған мем­лекеттің артық қаржысы да, ресурсы да жоқ. Мәселен, зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қорғау, аутизм балаларды ем­деу, жазасын өтеп шық­қандарды қайта әлеу­меттендіру, жоғалған адамдарды із­деу, нашақорларды оңалту, қиын жағ­дайға тап болғандар үшін дағдарыс ор­талықтарын ашу сияқты тағы да басқа жұмыстар жеке бастамалардың ар­қа­сында жүзеге асып жатқанын ескеру керек. Одан бөлек азаматтық ұйым­дардың ашықтығы дейтін мәселе бар, ел мүддесіне қарсы жұмыс істеуге жол бермеу керек. Түсіп жатқан қаражаттың, тек мемлекеттік қана емес, жеке қара­жаттың да есебін беріп отыру қажет. Оны Қаржы министрлігі тек цифрлар түрінде алады, ал оның мақсаты мен тигізіп жатқан әсері туралы талдау жоқ. Бір сөзбен айтқанда, азаматтық қоғамды дамыту үшін қоғамдық бас­тамаларға жолды кең ашу керек. Оны бар­лық мүмкіндіктерін жетілдіре түсіп, мемлекет тарапынан да, бизнес тарапы­нан да барынша қолдау керек. Ол үшін арнайы заң керек», – дейді Бану Нұр­ғазиева.

Біздің қоғам өте бытыраңқы

Келесі бір сұхбаттасымыз азаматтық қоғамды өзін-өзі қамтамасыз ете ала­тын­дай деңгейде дамыту заң үстемдігін ор­натуда, қоғамдық институттарды жетіл­діруде, азаматтық бірегейлікті қалыптас­тыруда, экономикалық бос­тандықта және биліктің ашық­тығында жатқанын айтады. Өзімізді «құқықтық мемлекетпіз» деп атау аз, оны іспен де дәлелдеу қажет. Ең бастысы – заңның үстемдігін орнату. Әрбір азамат заңның барлығына бірдей екеніне және мем­лекет оны қатаң сақ­тайтынына сенімді болса, азаматтық қоғам дамиды. Олай бол­майынша, елі­мізде түк өзгер­мейді. Ол қалай өзгереді? Тек сот реформасы арқылы. Егер сот­тарымыз әділ және ашық болса, онда заң үстемдігі де орнайды. Ол үшін тәуелсіз сот жүйесі қалыптасып, соттар саяси қысымнан қорғалып, барлық істің әділ қаралуын қамтамасыз етуі керек. Бұл –Пре­зидент жанындағы Ұлттық әйелдер комис­сиясының мүшесі, Парламент Мәжі­лісінің Қоғамдық палатасының мү­шесі, «Хақ» қайырымдылық қорының жетек­шісі Тоғжан Қожалиеваның пікірі.

«Қазіргі Концепция ең бастысы елі­мізді біріктіретін, халқымыздың бір-біріне деген мейірімділігі мен татулығын дамытатын құжат болуы керек. Әйтпесе, қазіргі жағдайда біздің қоғам өте бы­тыраңқы. Дін жағынан да, ұлт жағынан да, тіл жағынан да, тіпті гендерлік саясат жағынан да алшақтап барады. Әлеу­меттік жағынан бай мен кедей болып бөлінуге, жер жағынан, Алматы, Шым­кент, батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік болып бөлі­нуге дайын. Ертең қандай да бір қауіпті жағдай болар болса, біркелкі қоғам боп біріге кетуіміз қиын болуы мүмкін. Шын­дығын айтқанда, біз қазір осындай ах­уалға тап болып отырмыз. Сондықтан бұл концепция елімізді, халқымызды бірік­тіретіндей, бүгінгі өзекті сұрақ­тардың нақты жауабын бере алатын концепция болуы керек», – дейді ол.

Ол үшін ешкімге алаңдамай, қо­рық­пай бүкіл қоғам болып «қазақ» деген ор­­тақ ұғымға келуіміз керек. Орысы бол­сын, кәрісі болсын, тәжігі болсын, бәрі­міз де бір «қазақпыз» деген идеяны дамы­туымыз қажет. Мектепте қазақ тілі үстем­дікке ие болуға тиіс. Бүкіл білім беру жү­йе­сін қайта қарастыру керек. Біз тә­уел­сіз мемлекетпіз, Ресейден шыққан оқу методикасынан кететін кез туды. Мек­теп бағдарламасына азаматтық жауап­­­керші­лік пен құқықтық мәдениетті қа­лып­тастыруға бағытталған пәндерді енгізу қажет. Балабақша 100% қазақ тілінде болуы керек. Сондай-ақ бүкіл заң­на­малар мен құжаттық іс жүргізу ең бірінші кезекте қазақ тілінде жазылуы қажет. Еліміз біркелкі болмай, біртілді болмай біз тұтас ел бола алмаймыз. Азаматтық бірегейлік дегеніміз, міне осы.

«Ал біртілді қалай боламыз? Ол үшін қазірден бастау керек. Сонда бүгінгі ұрпақ өсіп-жетіліп, қоғам өміріне ара­ласқан кезде, тілдік бірегейлік толық орнығады. Тәуелсіздік алған 30 жылда біз мұндай мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық. Қазіргі дүбәра қазақ тілі мен көптілді орта қалыптасып отырғаны соның кесірі. Әрине, көптілді болға­нымыз дұрыс, бірақ қазақ тілі үстем тұруға тиіс. Осыны түсінетін уақыт келді», – дейді Мәжілістің Қоғамдық палата мүшесі.

Қоғамдық институттарды жетілдіруде де жасалатын жұмыс көп. Соның бір тармағы – волонтерлікті ынталандыру. Бұл қозғалысты дамыту әлеуметтік ка­питалды нығайтуға және азаматтық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Ал экономикалық бостандық жеке бастама мен бәсекелестікті дамыта отырып, эко­номикалық өсуді ынталандыруда, жаңа жұмыс орындарын ашуда жатыр. Біз банктер мен экспортерлерден құ­ралған экономикалық модельден кетуіміз ке­рек. Экономикада жекелеген топ­тардың мүдделері ғана көкселмеуге тиіс, ол әрбір азаматтың мүддесі үшін жұмыс істеуі қажет. Сол кезде ғана әлеуметтік әді­леттілік туындайды. Ал қазіргідей табыс теңсіздігі әлеуметтік тұрақтылыққа ғана емес азаматтық қоғамның дамуына да кедергі келтіреді.

«Ол үшін билік ашық болуға тиіс. Еркін БАҚ – билік қызметін бақылаудың және азаматтарды ақпараттандырудың маңызды құралы. Азаматтар мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпаратқа еркін қол жеткізіп, саяси шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысу мүмкіндігіне ие болуға тиіс. Ол үшін тетіктер ұйымдастырылып, билікті орта­лықсыздандыру қарқынды түрде жал­ғасуы керек. Өкілеттіктердің бір бөлігін орталық биліктен жергілікті өзін-өзі басқаруға беру азаматтарға олардың өміріне қатысты шешімдер қабылдауға белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Ал азаматтық қоғам дегеніміз – осыдан басталады. Бізде оған ұмтылу бар, пе­тиция институты соның бір айғағы. Десе де оны жүзеге асыруда жетілдіре түсетін тұстар көп», – дейді Президент жанын­дағы Ұлттық әйелдер комиссиясының мүшесі Тоғжан Бақытжанқызы.

Қоғам дамуы – ел дамуының басты шарты екені рас. Ендеше оның аза­маттық бағытта дамығаны халықтың бақытты да, бақуатты күн кешуінің кепілі. Қазақстан соқтықпалы-соқ­пақсыз осы бағытпен жүріп келеді. Әри­не, кідіріп, қиыс кеткен де кездер болды. Бірақ жасалған жұмыс аз емес, бірақ жасалмағаны одан да көп. Сол үшін де алдағы уақытта біз бұл тақырыпқа тағы да оралатын боламыз.

Нұрлан ҚОСАЙ